МАЛ ҰРЛЫҒЫНА ҚАТЫСТЫ ЖАЗА ҚАТАҢДАТЫЛДЫ

0

Қорадағы мал – ауыл халқының негізгі табыс көзі. Осыған орай мал ұрлығы ауылдық жердегі резонансты қылмыс түрлерінің бірі болып қалып отыр. Ол жалпы қылмыстардың 3 пайызын құраса да, қарапайым халыққа айтарлықтай зиянын тигізіп келеді.

ІІМ Криминалдық полиция департаменті басқарма басшысының орынбасары, полиция полковнигі Жандос Батырбековтің айтуынша, әдетте мал ұрлығының басым бөлігі, яғни 75 пайызы жайылымдарда қараусыз жүрген жерінен қолды болады екен.

Қылмыстың осы түрімен күресу мақсатында Ішкі істер министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, заңнамалық және практикалық шаралар қабылдап келеді. Соның арқасында кейінгі 5 жылдың ішінде мал ұрлығын 62,5 пайызға төмендетуге қол жеткізілсе, оның ішінде 2023 жылы 16,3 пайызға азайған.

Атап айтқанда, ІІМ бастамасымен жергілікті атқарушы органдар әр аймақтың ерекшелігін есепке ала отырып, малды жаю ережелерін бекіткен. Бұдан былай төрт түлікті жайылымға қараусыз жіберуге тыйым салынады. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 408-бабына сәйкес бұл ережелерді бұзғандарға қатысты жауапкершілік қарастырылған, яғни 3-тен 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынбақ.

Кейінгі уақытта мал ұрлығына қатысты жаза Қылмыстық кодекстегі «Мал ұрлығы» атты дербес бап бойынша қарастырылып келеді. Оның жауапкершілігі мүлкін тәркілей отырып 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Сонымен қатар бірнеше қайтара ұрлық жасау үшін жаза қатаңдатылып, қора-жайдан мал ұрлау ауыр қылмыстар қатарына енгізілді.

Ж.Батырбековтің сөзінше, мал ұрлығына қарсы күресте Ішкі істер министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен тығыз байланыста және өзара іс-қимылдарды үйлестіру бойынша бұйрық шығарылған. Ветеринариялық бақылау және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері қатысатын кешенді жедел-профилактикалық іс-шараларды тұрақты өткізу қолға алынған. Осыған орай өткен жылы республика аумағында «Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық іс-шарасы 4 рет ұйымдастырылып, оның 2-еуі қысқы соғым уақытына орайластырылыпты.

– Осы іс-шараларды өткізу кезінде мал ұрлығына қатысы бар 450 адам, 75 қылмыстық топ ұсталды. Ұрланған 8,5 мыңнан астам малдың 4,5 мыңы табылып, иелеріне қайтарылды, – дейді ІІМ өкілі. Оның айтуынша, қылмыстық топтармен күресу үшін аймақтарда жедел-іздестіру топтары тұрақты түрде жұмыс істейді. Олар мал базарларын, оларды сою орындарын тексеріп отырады. «Осындай шаралардың арқасында биылғы жылдың өзінде 376 мал ұрлаушы ұсталып, 59 қылмыстық топтың жолы кесілді. Мәселен, Алматы облыстық ПД төрт адамнан құралған қылмыстық топты құрықтады. Олар өткен жылдың қыркүйек айынан бері қараусыз жайылып жүрген 30 бас жылқы ұрлаған. Ол үшін қылмыскерлер алдын ала жүк көліктерін жалға алып, даладан малды алып кетіп отырған, – дейді Ж.Батырбеков.

Полиция қызметкерлері ауыл халқының күнкөрісін қамтамасыз етіп отырған малдан айырылып қалмау үшін сақтық шараларына немқұрайды қарамауға шақырады. Ол үшін малды қараусыз қалдырмау мақсатында үшжақты келісімге отыру (иесі-әкімдік-малшы арасында), асыл тұқымды малды бақылап отыру үшін GPS-трекерлерді, малдарды міндетті түрде таңбалау қажеттігін айтады. Бұның бәрі ұрланған немесе жоғаған малды оңай тауып алуға септігін тигізеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.