МАЛ ТӨЛДЕТУ НАУҚАНЫ ҚЫЗҒАН ШАҚ

0

Ауданда мал шаруашылығы – экономиканың негізгі тіректерінің бірі. Соңғы жылдары бұл сала тұрақты өсім көрсетіп, жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Аудан басшылығы тарапынан мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлініп, инвестиция тарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Нәтижесінде бірқатар ірі жобалар жүзеге асып, мал басының көбеюіне, сонымен қатар асыл тұқымды мал үлесінің артуына мүмкіндік туып отыр.

Бұл үрдіс әсіресе көктем мезгіліндегі сақман жұмыстары кезінде айқын байқалады. Қазіргі таңда ауыл-аймақта «қой қоздап, қорада шу көбейген» қызу шақ. Мал төлдету науқаны – жыл он екі айғы ең жауапты кезеңдердің бірі. Осы науқанды сапалы әрі шығынсыз өткізу үшін шаруалар бар күш-жігерін салуда.

Аудан бойынша нақты мәліметтерге назар аударсақ, өткен жылдары 417 479 бас қой тіркеліп, оның ішінде 150 626 бас саулық төлдету науқанына қатысқан. Орта есеппен әр 100 саулықтан 72 қозы алынған. Биылғы қыстың қолайлы болуы бұл көрсеткіштің артуына негіз болып отыр. Қазіргі таңда аудандағы қой саны 425 971 басқа жетсе, соның 216 259 басы саулық ретінде төл алуға қатысуда. Оның ішінде агроқұрылымдарда – 9 224 бас, шаруа қожалықтарында – 275 291 бас, ал жекеменшік ауыл тұрғындарында – 141 456 бас саулық бар.

Мал төлдету науқаны биыл наурыз айында басталып, сәуір айының соңына дейін жалғасады деп күтілуде. Науқанды ойдағыдай өткізу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Жыл басынан бері 314 253 тонна шөп және 58 000 тонна құнарлы жем дайындалған. Бұл мал азықтары толықтай қыстаулар мен қораларға уақытылы жеткізіліп, сақман кезеңінде малдың күйлі болуы қамтамасыз етілген.

Аудан көлемінде мал төлдетуге арналған 155 қора бар. Олардың барлығы шаруа қожалықтары мен жеке мал иелерінің қаражаты есебінен жөндеуден өткізіліп, талапқа сай дайындалған. Әр қорада кемінде 8-9 тонна шөп және 5-6 тонна құнарлы жем қоры жасақталған.

Қазіргі уақытта төл алу науқаны қызған шақ. Осыған байланысты шаруашылық басшыларына сақманшылардың еңбек жағдайын жақсарту, олардың жеке тазалығын сақтау, арнайы киімдермен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жөнінде алдын ала түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар мал төлдету барысында ветеринарлық талаптарды сақтау, дәрі-дәрмек қорын жеткілікті деңгейде ұстау мәселесі де басты назарда.

Бүгінгі күннің өзінде ауданда 59 720 бас қозы, 1 280 бас лақ, 5 823 бұзау және 1 295 құлын алынған. Бұл – шаруалардың еңбегінің нақты нәтижесі. Асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын бірқатар шаруашылықтарда төл алу науқаны сәтті аяқталды. Олардың қатарында «Бай-Нұр» және «Медет» шаруа қожалықтарын ерекше атап өтуге болады.

Жалпы, мал басының көбеюі мен асыл тұқымды мал үлесінің артуы ауданның ет өндірісіне де оң әсерін тигізуде. Бұл бағытта өңірде ет өңдеу саласы да қарқынды дамып келеді. Ет кластері құрамында жұмыс істейтін ірі кәсіпорындардың бірі – тәулігіне 300 бас ұсақ мал мен 50 бас ірі қараны сойып, өңдейтін «Первомайские деликатесы» ЖШС-і. Аталған кәсіпорын ауданның ғана емес, облыстың ет өңдеу саласындағы маңызды өндірістік нысандарының бірі саналады.

Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.