МАСАНШЫДАҒЫ «СИҚЫРЛЫ ҚАЛАШЫҚ»

0

Жас кәсіпкер Арсмане Маров осы істі бастар алдында мол табыс жайлы ойлаған емес. Ең басты мақсат – жерлестеріне пайдасын тигізу болды. Сөйтіп, бизнесмен ел игілігіне жарайтын әрі табыс көзі болатындай жобаны қолға алды.

Осылайша, ауылға қажетті, қуаныш сыйлайтын істі жүзеге асыру ниетінен Масаншы ауылында балалардың ойын-сайық орталығы ашылды. Бүгінде «Сиқырлы қала» аталатын орталық танымал бола бастаған. Ойын залдарының қолданысқа енгізілгеніне көп бола қоймағанымен балалардың сүйікті орнына айналған. Кәсіпкер осындай нысан жайлы көптеп бері ойланып жүрген еді. Өзі де көп балалы әке болғандықтан, балалардың бос уақытын өткізетіндей нысан керек болды. Ауылда балаға жақсы демалыс орнын табу – бірінші мәселе. Барлық жақсы және жағымсыз жақтарын есептеп, ол шешім қабылдайды.

-Жүздері қуанышқа толған балақайлардың залды айнала ойнап жүргендерін көргенде, еңбегім еш кетпегенін түсінемін, — дейді орталық иесі.

Кәсіпкердің сөзінше, бұл істі жаңадан бастаған кезде ақылдасатын ешкім болмады. Бірақ, құрал-жабдықтарды сатып алған кезде ол үшін балалардың қауіпсіздігі маңызды болды, сол үшін де бағасына назар салмады.

Мұқият зерттеп сәйкес аттракциондарды таңдап алды. Айтпақшы, «Мagic land» орталығы ойын аймақтарының саны мен сапасы жағынан қаладағы ойын-сауық орталықтарынан еш кем түспейді.  Ойыншықтар жинақталған бөбектерге арналған алаң бар. Сондай-ақ үлкен батут орнатылып, жартасқа өрмелеу әуесқойлары үшін орын белгіленген. Жасөспірімдердің мүддесі де ұмыт қалған жоқ. Виртуалды әлем аттракциондарының мүмкіндіктерін өзіміз де сынап көрдік. Карапайым гаджеттер жиынтығының көмегімен басқа өлшем, өзгеше әлем, ғажайып кеңістікке еніп кетесің. Бәрі де технология мен қиялыңызға байланысты.

Жұмыс күні келсек те, орталықта адам көп болды. Ыдырысовтар отбасы қызы Ботаның туған күнін тойлауға Қордайдан осы орталыққа келіпті.

-Соңғы кездері біз мұнда жиі келіп тұрамыз, — дейді Ботаның анасы, — балаларға ұнайды,  қалаға бару оңай емес, ал балаға керегі – ойын, мереке.

Келушілердің ыңғайлығы үшін екінші қабатта шағын дәмхана орналастырылған. Балалар ойнап жүрген уақытта ата-анасы ас-ауқат алып, күтіп отырады.

Балаларға арналған ойын-сауық орталығы – әлеуметтік маңызды нысан. Сарапшылардың айтуынша, балалардың ойын-сауық индустриясы дамып келеді. А.Маров жаңа істі енді бастады, әзірге 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Әлі де көптеген жоспарлары бар.

Leave A Reply

Your email address will not be published.