МЕЙІРІМ МЕКЕНІНДЕ

0

Жуырда Қордай аудандық «Мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығына» арнайы барып, мекеменің тыныс-тіршілігімен танысып қайттық. Бұл орталыққа табан тіреген сәттен-ақ ерекше жылулық пен шынайы мейірімді сезінуге болады. Мұндағы әрбір баланың күлкісі мен мамандардың жанашырлығы жүрекке ерекше әсер сыйлайды.

Орталыққа 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балалар келіп жүр. Бүгінде мұнда 30 бала тұрақты түрде қызмет алуда. Мекеме негізінен екі диагноз бойынша балаларды қабылдайды. Атап айтқанда, жүйке ауруларына шалдыққан балалар және сал ауруына шалдыққан балаларға арнайы оңалту және бейімдеу көмектері көрсетіледі.

Мұнда балалардың денсаулығын жақсарту, қоғамға бейімдеу және жан-жақты қолдау көрсету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әр балаға жеке көңіл бөлініп, олардың өздерін еркін сезінуіне, жақсы ортада тәрбиеленуіне барлық жағдай жасалған. Кездесу барысында орталықтағы жылы атмосфера мен балалардың шынайы қуанышы көңілге ерекше әсер етті. Мамандардың еңбегі мен жауапкершілігі зор құрметке лайық. Олар балаларға тек көмек көрсетіп қана қоймай, әрқайсысына мейірім мен сенім сыйлап келеді. Орталықта балалардың шығармашылығын шыңдап, белсенділігін арттыру мақсатында түрлі іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Балалар мұндай шараларға ерекше ықыласпен қатысып, өз өнерлерін көрсетуде. Біз барған сәтте орталықта «Бақытты балалық шақ» атты концертке қызу дайындық жұмыстары жүріп жатты. Бұл туралы орталық директоры Эльнура Мінісқұлова айтып өтті.

Оның сөзінше, мұндай шаралар балалардың қоғаммен араласуына, өнерге деген қызығушылығын арттыруға және олардың көңіл-күйін көтеруге үлкен септігін тигізеді. Осындай орталықтардың қоғам үшін маңызы ерекше. Себебі бұл жер – қамқорлық пен жанашырлықтың, адамгершілік пен ізгіліктің ордасы. Орталыққа жасалған бұл сапар ерекше балаларға деген құрмет пен жанашырлық сезімін одан әрі арттыра түсті. Шынайы мейірім мекеніне айналған орталықтың еңбегі қашанда айрықша құрметке лайық.

Зере ТОҚТАР, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің І-курс студенті,

Айпері ИЗБАСАР, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің ІІ-курс студенті

Leave A Reply

Your email address will not be published.