МЕКТЕП ТҮЛЕКТЕРІ ЕЛУ ЖЫЛДЫҚТА БАС ҚОСТЫ

0

Жылжыған жылдар көз ілеспес жылдамдықпен жүйіткіп, бір кездегі жалынды жастарды ақыл тоқтатқан, өмірдің талай бұдыр-белесінен өткізіп, бұл күнде ардақты ата, ақ жаулықты ана, әжеге айналдырды. Тағдыр әркімге әртүрлі жолды бұйыртты. Бірақ, ең бастысы барлығы да өмір айдынында, еңбек жолында абырой биігінен төмендеген емес.
Сонау, 1973 жылы Абай атындағы орта мектебінен 93 ұл-қыз білім нәрімен сусындап, үлкен өмірге жолдама алып, зор үмітпен аттанғанымызға, міне жарты ғасыр уақыт өтіпті. Ол кезде ауданымыздың көптеген ауылдарында 8 жылдық мектептер еді. Көктөбе, Шарбақты, Алға, Көкадыр, Соғанды, Жаңатұрмыс, Қақпатас, Өтеген ауылдарынан және Ы.Алтынсарин атындағы мектеп, интернатынан түлектер аудан орталығындағы Абай атындағы орта мектеп-интернатында оқуымызды жалғастырып, толық орта білім алып шықтық. «Мектеп – білім тірегі, ұстаз – оның жүрегі» демекші, білім ошағының директоры Бақтыбек Исанов ағайымыз бастаған мұғалімдер ұжымы, мектеп интернатының меңгерушісі Қайың Керденов ағайымыздың басшылығымен бәрімізді оқуға ынталандырып, ұқыптылыққа, еңбекке баулыған тәрбиешілер ұжымы біздің мәңгі есімізде қалғаны айқын. Ұстаздарымыз өз істерінің нағыз мамандары еді! Олардан білім-тәрбиемен қанаттанған біздер жаман болған жоқпыз. Біріміз білім жолын қуалап, инженер, дәрігер, құрылысшы, заңгер, педагог, ауылшаруашылық саласының мамандары болдық, ал, біріміз қатардағы еңбекпен жанданып, жақсы нәтиже көрсеттік. Мысалы, сыныптасымыз Бітебаева Фатима Асылханқызы Алматы медициналық институтын тәмәмдап, жолдамамен Қордай аудандық орталық ауруханасының перзентхана бөлімшесіне жас маман болып келді. Ол сол орында дәрігер болып қырық төрт жыл еңбек етті. Еңбек ардагері медалімен және басқа да медальдармен марапатталды. Сонымен қатар, тағы бір сыныптасымыз Искаков Жамбыл Заирұлы Алматы қаласында қырық жылдан аса құрылысшы болып жұмыс істеді. Алматының көптеген сәнді ғимараты осы кісінің аз да болса қарапайым үлесі деп бағалаймыз. «Ерен еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған. Бұл тізімді шексіз жалғастыра беруге болады. Бертін келе, заман өзгеріп, нарық қатынасы енгеннен кейін, сыныптастарымыздың бірқатары бизнеске араласып, кәсіпкер болып, жаксы нәтижелерімен еліміздің экономикасына қомақты үлестерін қосты және әлі де қосып келеді. Осы жетістіктеріміздің барлығы ұстаздарымыздың біздің санамызға мақсатқа жетудің, еңбекқорлыққа құлшыныстың негізін ұялата білгенінің жемісі болар…
Ағымдағы жылдың 24-25 мамыр аралығында аталған мектептің түлектері 50 жылдық мерейтойымызды атап өттік. Жеке кәсіпкерлер — аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Қағазбай Роза Балабекқызының, ауданымыздың Құрметті азаматы Салыбаев Сәрсебек Сұлтаналыұлының бастамасымен мектеп түлектерінен ұйымдастыру тобы құрылып, «WhatsApp» жүйесінде арнайы чат ашылып, Республикамыздың барлық өңірлерінен сыныптастарымызды іздестіріп, ұялы телефон байланысы арқылы 60-қа жуығы табылып, қуанышты кездесуге шақырылды. Межеленген күні шынайы көңілмен, сағынысқан жүрегімізбен, ең жақсы сөздерімізбен сыныптастарымызбен құшақтасып қауыштық. Ең алдымен, өмірден озған ұстаздарымыз және қайтыс болған 27 сыныптастарымызды еске алу рәсімі өткізілді. Аттары аталып, Құран бағышталды. Арнайы кұдайы тамақ берілді. Кешке қарай, салтанатты кездесу жиыны өткізіліп, сыныптастарымыз, бір-біріне деген ең ыстық ілтипатпен ниет-тілектерін білдіріп жатты . Бүгінгі таңда зейнеткерлер атанған олар ұл-қыз өсіріп , немере сүйіп, солардың жемістерін көріп отыр. Сол кеште, сыныптастарымыз өткенге салауат, болашаққа деген зор үмітпен, ел-жұртымыздың аманшылығын тілеп тарасты!
Өскелең ұрпаққа үлгі боларлық жақсы ниетпен осы кездесуімізді, мектепке, ұстазға деген шынайы ризашылығымызды, адал ықыласымызбен бөлісуді жөн көрдік.

О.СЕЙДЕКЕШ, зейнеткер.
Қордай ауылы

Leave A Reply

Your email address will not be published.