ҮЙІРМЕ ШӘКІРТТЕРГЕ ҮМІТ СЫЙЛАЙДЫ

0

Қордай ауылы балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының «Жалын» үйірмесі 2015 жылдан бері жұмыс атқарады. Үйірме көркем сөз оқу және театр бағыты бойынша балаларға қосымша білім мен тәрбие береді. «Мәңгілік Ел» мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылған үйірме алғашында өлкетану бағытында қызмет атқарса, кейінгі 4 жылда көркем-эстетикалық шығармашылық өнерді жүзеге асырып жүр. Үйірме жетекшісі Ү.Тұрлыбаевтың шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық шығармашылық пен өнер байқауларында жүлделі орындардан көрініп келеді. 2020 жылы онлайн ұйымдастырылған «Торронто-2020» халықаралық шығармашылық өнер фестиваль-байқауында «Театр» номинациясы бойынша І орынды, 2021 жылы М.Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын Халықаралық «Алтын ғасыр» байқауында сахналап, бас жүлде иегері атанды. Ал биыл құрамында 30 бала (екі топ) қатысатын «Жалын» театр ұжымы Республикалық «Дала сазы» байқауында бас жүлдеге ие болып, «Бақытты елдің ұрпағы» қоғамдық қорының жазғы Халықаралық байқауына тегін жолдама ұтып алды.
Үйірме оқушылары өнерден сусындап, шығармашылық қабілеттерін сахна өнерінің мәнерлеп оқу, монолог, диалог және сахналық полилог түрлерін меңгеріп қана қоймай, пластика, актерлік шеберлік, образды бейнелеу, сөйлеу техникасын үйреніп, достыққа, бірлікте жұмыс жасауға коммуникативті қабілеттерін дамытады.
Осы жылдың 30 мамырында БЖШО концерт залында «Жалын» театр ұжымының жылдық қорытынды іс-шарасы ұйымдастырылды. Кіші және үлкен топтардың жеке-жеке дайындаған сахналық көріністері көрермендерді тәнті етті. Жас актерлер тамаша ойын рөлдерін сомдап, биік деңгейде өнерлерін паш етті. Іс-шараға арнайы шақырылған үйірме балаларының ата-аналары мен Ш.Мұртаза атындағы мектеп әкімшілігі де қатысты.
Айта кетерлік жайт, БЖШО директоры Айнура Абықаеваның бастамасымен әлеуметтік әріптестік аясында үйірме Шерхан Мұртаза атындағы негізгі мектеп базасында құрылған. Мектеп директоры Ардагер Керімбаевтың балалар шығармашылығына деген ерекше қамқорлығының арқасында акт залы мен оқу кабинеті арнайы театр ұжымының алаңсыз дайындалуына берілген.

Leave A Reply

Your email address will not be published.