Қадірлі отандастар!
Құрметті Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері!
Еліміздің ең жоғары консультативтік мекемесі – Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясының ашылуы баршаңызға құтты болсын!
Бүгін еліміз үшін аса маңызды күн, шын мәнінде тарихи оқиға деп айтуға толық негіз бар. Қазақстан Халық Кеңесі мемлекетіміздің саяси жүйесінде айрықша орын алатын, конституциялық мәртебесі бар бірегей институт болатынына күмәнім жоқ.
Қазір Қазақстан ауқымды өзгерістер кезеңін бастан өткеруде. Қоғамымыздың барлық саласында түбегейлі реформалар іске асырылуда. Алайда реформалар мен өзгерістер осымен өз мәресіне жетті деп мүлдем айтуға болмайды. Бұл жұмыс міндетті түрде жалғасады.
Біз билік жүйесін заман талабына сай жаңғырту ісін қолға алдық. Елімізде Халық Кеңесінің құрылуы соның бір айқын дәлелі екені анық. Мемлекет өміріндегі бұл маңызды үдеріс осыдан тура бір жыл бұрын басталды, мұны сіздер жақсы білесіздер.
Мен былтырғы халыққа Жолдауымда бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтердім. Аталған ұсыныс қоғамымызда қызу әрі кең ауқымда талқыланды. Ел ішінде ашық, шынайы пікірталас болды. Азаматтарымыздың тарапынан мыңдаған ұсыныстар, ой-пікірлер айтылды. Осылайша, талқылаудың соңы кейінгі 30 жылда болмаған мазмұны терең конституциялық реформаға ұласты.
Биыл 15 наурызда жалпыұлттық референдум арқылы тұтас елімізді өрлеу дәуіріне бастайтын қастерлі құжатты – Конституциямызды қабылдадық. Бұл маңызды тарихи оқиға халықаралық қауымдастық тарапынан зор ықылас пен қызығушылық туғызды. Өйткені қазіргідей бұлыңғыр, тұрақсыз әлемде жаңа Конституцияның қабылдануы бүкіл дүние жүзі тарихында өте сирек кездесетін жағдай деп айтуға болады. Беделді саясаткерлер мен сарапшылар Қазақстанның бұл қадамын шын мәнінде бірегей саяси оқиға деп бағалап, мұны батылдық пен жасампаздықтың жарқын көрінісі ретінде мойындау қажет екенін бірауыздан айтуда.
Конституция халқымыздың мәңгілік темірқазығы және Әділетті, Озық, Таза Қазақстанның мызғымас арқауы ретінде елімізді жарқын келешекке апаратыны сөзсіз. Конституциялық реформа нәтижесінде біз еліміздің заң шығарушы органы – Құрылтайдың алғашқы сайлауын өткіздік. Шетелдік сарапшылардың пайымдауы бойынша сайлау жоғары деңгейде, мінсіз өтті. Халық қолдаған Құрылтайға бес партия кірді. 28 тамыз күні депутаттар өз жұмысына кірісті. Үкіметтің жаңартылған құрамы жасақталды. Вице-Президент тағайындалды. Жаңа мемлекеттік мекеме – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты құрылды. Міне, бүгін Қазақстан Халық Кеңесі де өз қызметін бастап отыр. Осы тарихи оқиғаның мән-мағынасын ешқашан жадымыздан шығармайық, құрметті отандастар!
Түптеп келгенде, бір жылдың ішінде ұлт тағдырына тікелей ықпал ететін аса маңызды оқиғалар болды. Біз аз ғана уақытта тұтас мемлекет пен бүкіл қоғамның сипатын өзгерткен аса ауқымды реформаларды сапалы жүзеге асырдық. Ал қазіргі таңда бұл өркениетті, жасампаз және ең бастысы біртұтас ұлттың ғана қолынан келетін іс деп ашық түрде айтуға болады. Азаматтарымыз елімізде жүргізілген реформалардың тікелей куәгері болып, сол өзгерістердің нақты нәтижесін көріп отыр.
Соңғы 7 жылда ішкі жалпы өнім 29 пайызға артып, 306 миллиард долларға жетті. Алтын-валюта резерві және Ұлттық қор активтерінің көлемі 138 миллиард доллардан асты. Осы кезеңде елімізге 162 миллиард доллардан астам инвестиция тартылды. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайыздан асты.
Қазақстанда жыл сайын 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй бой көтереді. 2019 жылдан бастап 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1342 мектеп салынды. Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жетті. Сондай-ақ 1200-ден астам денсаулық сақтау нысаны ашылды. Осы уақыт ішінде 35 мың шақырымнан астам автокөлік жолы салынып, жөнделді.
Мұның бәрін тарихымыздағы ең жоғары көрсеткіш деуге болады. Белсенді жұмыстың нәтижесінде Қазақстан әлемнің бәсекеге қабілетті 40 елінің қатарына енді. Біз алдағы уақытта да халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін табанды еңбек ете береміз.
Халықаралық ынтымақтастықты тереңдетіп, елімізге келетін инвестиция көлемін ұлғайтуымыз қажет. Өздеріңізге мәлім, мен мемлекетіміздің басшысы ретінде халықаралық жиындарға жиі қатысып, көптеген елдердің көшбасшыларымен, инвесторлармен кездесулер өткізіп жүрмін. Астанада да жоғары деңгейдегі іс-шараларды өткізіп, мемлекет басшыларымен және халықаралық ұйым жетекшілерімен келіссөздер жүргізіп жатырмын.
Алдымда тұрған мақсат айқын: бұл – Қазақстанды орта держава ретінде бүкіл дүние жүзіне мейлінше кең ауқымда паш ету, тарихымыз бен мәдениетімізді халықаралық қауымдастық деңгейінде дәріптеу, мемлекетіміздің мүддесін қорғау және еліміздің әлеуетін жан-жақты насихаттау. Басқа ойым жоқ. Сондықтан мұның бәрін бүкіл халқымыздың мақсаты деп күмәнсіз айтуға болады.
Қадірлі қауым!
Мен елдегі түйткілдерді ашық талқылайтын, жұрттың ұсыныс-пікірлерін сараптап, нақты шешімдер ұсынатын арнайы институт құруды көптен бері жоспарлап жүрдім. Оның құрылымы, атқаратын жұмысы жөнінде ұзақ ойландым. Кеңестің атауын Конституциялық реформа жөніндегі комиссияға өзім ұсындым. «Қазақстан Халық Кеңесі» деген атау жаңа институттың жалпыұлттық сипатын көрсетеді.
Конституцияға сәйкес мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемендік иесі, бұл – халық. Сондықтан жұртшылықтың мүддесін қорғайтын бірегей органның атауында «Халық» сөзінің тұруы – өте қисынды, орынды, себебі, бұл – заңдылық. Бұған қоса, «Қазақстан Халық Кеңесі» атауы – Конституцияда бекітілген бірыңғай әрі ресми нұсқа. Бұл жаңа органның мәртебесі биік, жауапкершілігі жоғары екенін айшықтайды.
Бұған дейін елдік істерге қатысты маңызды міндеттерді Қазақстан халқы ассамблеясы, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі, Ұлттық құрылтай және басқа да консультативтік-кеңесші органдар атқарып келді. Бұл институттар өздеріне жүктелген тарихи миссияны толығымен орындады. Қазақстан халқы ассамблеясы ел бірлігін нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Қазақстанды бейбітшіліктің, өзара сенім мен келісімнің ошағы ретінде жер жүзіне танытуға ықпал етті.
Қоғамдық сенім кеңесі сындарлы диалог арқылы жаңа саяси мәдениетті орнықтыруға атсалысты. Ал Ұлттық құрылтайдың мүшелері осы жалпыұлттық диалогті одан әрі тереңдете түсті. Бұл құрылым аясында практикалық тұрғыдан құнды бастамалар көтерілді. Соның арқасында 26 заң қабылданды, тағы 10 заң жобасы Құрылтайда қаралады. Мен осы сәтті пайдалана отырып, мемлекеттік маңызы бар істерге белсене араласқан, отаншыл болудың озық үлгісін көрсеткен әрбір азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін.
Дегенмен уақыт бір орында тұрмайды, бұл – өмірдің заңы. Сондықтан заманның тұрпаты да, талабы да өзгеріп отырады. Өркениетті ел болу – жаһан көшінен қалмай, үнемі бәсекеге қабілетті болу деген сөз. Біз ұлттық сана-сезімге серпіліс беріп, жұртымызды ортақ мүддеге жұмылдыру үшін қоғамдық диалогті одан әрі дамыта түсуіміз қажет. Қазақстан Халық Кеңесін құрудағы басты мақсатымыз да – осы.
Ел тарихында алғаш рет қоғам мүддесі жолында еңбек етіп жүрген түрлі топтағы адамдар бір құрылым аясында бірікті. Мұны «Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт» тұжырымдамасының іс жүзіндегі нақты көрінісі деп айтуға болады.
Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы жалпыұлттық бірлігіміздің анағұрлым нығайып, институционалдық сипатқа ие болғанын көрсетті. Осылайша, Қазақстан Халық Кеңесінде ел ынтымағын күшейте түсетін тиімді, алдын ала мұқият зерттелген бастамалар жүзеге асырылады. Осы орайда, Қазақстан Халық Кеңесінің конституциялық мәртебесіне тағы да назар аударғым келеді. Бұл қадам орасан зор мүмкіндіктерге жол ашады.
Алайда мына нәрсені бірден түсініп алған жөн. Халық Кеңесі – Құрылтайға балама мекеме емес. Кеңес мүшелері Құрылтайдың құзыретіне кіретін жұмыспен айналыспайды. Депутаттардың қызметіне араласпайды. Заң бойынша осындай әрекеттерге құқы жоқ. Тиісінше, Құрылтай депутаттарының да Халық Кеңесінің жұмысына араласуға хақы жоқ.
Бәрінің алдында тұрған басты мақсат: екі институт та бір-бірін толықтырып, бірлесе қызмет етуі керек. Сондықтан Халық Кеңесі мен Құрылтайдың комитеттері тығыз байланыста болып, үйлесімді түрде жұмыс істеуі қажет.
Алдымызда тұрған мақсат та – бір, Отанымыз да – бір. Сондықтан бәріміз біртұтас ел болып бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып Қазақстан халқы үшін табанды қызмет етуіміз керек. Заң жобаларын әзірлеу барысында жұртшылықтың ой-пікірін, талап-тілегін толыққанды ескеру қажет. Құрылтай мен Халық Кеңесі әрқашанда бірге болса, осындай мүмкіндік міндетті түрде пайда болады.
Қазақстан Халық Кеңесіне этномәдени бірлестіктердің, аймақтық мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің, сондай-ақ, қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Осылайша, мемлекет пен қоғам арасындағы байланыстың жаңа, ауқымды әрі біртұтас жүйесі қалыптасып отыр.
Бұған дейін еліміздің ұлттық идеологиясына қатысты көптеген талқылаулар болғанын білесіздер. 1 шілдеде заңды күшіне енген Конституциямыз осы мәселенің нүктесін біржола қойды деп айтсақ, орынды болар.
Конституцияда еліміздің өткені, бүгіні және келешектегі бейнесі айқын көрініс тапты. Конституция преамбуласында байырғы қазақ жерінде мемлекеттілігімізді нығайтып, Ұлы даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтауға баса мән беретініміз нақты жазылды. Бұл – төл тарихымызға тағзым ету, бабалар аманатына адал болу деген сөз.
Сонымен қатар Негізгі заңда адам құқықтары мен бостандығын қорғау, заң мен тәртіпті орнықтыру, бірлік пен ынтымақты сақтау, халықтың әл-ауқатын арттыру, білім мен ғылымды, инновацияны дамыту мемлекеттің мызғымас міндеті ретінде айқындалды.
Біртұтас ұлт ретінде өскелең ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезіне отырып, осы Конституцияны қабылдадық. Сол арқылы болашағы жарқын, бағдары айқын Әділетті, Озық әрі Күшті Қазақстанның берік негізін қаладық.
Азаматтарымыз Конституцияның ережелерін жақсы біліп, күнделікті өмірде қолданған сайын оның күші де, қуаты да арта түседі. Сол себепті мен Конституция әр адамның қолында жүретін, жұмыс үстелінде тұратын, жеке кітапханасынан орын алатын құжат болуға тиіс деп есептеймін.
Біз Конституцияда бекітілген қағидаттар мен құндылықтарды бүкіл ел болып дәріптеуіміз керек. Бірақ формализм мен науқаншылдықтан алшақ болғанымыз жөн, әйтпесе, осы аса маңызды жұмысты құртып, халқымыздың алдында ұятқа қаламыз.
Баяғы жартас – сол жартас болып, қағазбастылық көзқарасынан құтыла алмасақ, еш ілгерілеу болмайды. Бұл жұмысты шын жүрегімізбен, ақ ниетімізбен атқармасақ, қажетті нәтижеге жету өте қиын болады.
Біздің биік мақсаттарымыз, нақты жоспарларымыз бар. Оның бәрін табысты жүзеге асыру үшін бірлігімізді бекемдеп, белсенді, табанды жұмыс жүргізуіміз керек. Халық арасында Конституцияны түсіндіру, дәріптеу ісі, бұл – өте жауапты жұмыс, оған үстірт қарауға болмайды.
Осы саяси жұмысқа ілімі терең, тәжірибесі мол адамдарды шақыру керек, яғни заңгерлер, ғалымдар, мұғалімдер, еріктілер, кәсіпкерлер, ардагерлер мен мемлекет қайраткерлерін тарту керек болады.
Ал Президент Әкімшілігінің міндеті – бұл жұмыстың кешенді және жүйелі тұғырын қалыптастыру. Аталған міндетті жүзеге асыруды Вице-Президент Ерлан Тынымбайұлы Қаринге тапсырамын. Жұмыстың барысы туралы екі аптада бір рет Президентке тіке баяндайды.
Енді алдымызда тұрған нақты міндеттерге тоқталып өтейін.
Бірінші. Қазақстан халқының бірлігін нығайту – өте маңызды мәселе.
Сондықтан Қазақстан Халық Кеңесі сабақтастықты сақтап, Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың дәстүрі мен үздік тәжірибесін жалғастыруы қажет. Бұл ретте бүкіл жұмыстың сапасын жаңа саяси және ұйымдастыру деңгейіне көтерген жөн. Қабылданған шешімдер мен жүргізіліп жатқан реформалардың салдары этномәдени бірлестіктерге қалай әсер етеді деген орынды сауал, тіпті алаңдаушылық туындағанын білемін.
Қазақстан халқы ассамблеясы, шын мәнінде, өз жұмысын аяқтады. Бірақ бұл ұйым аясында қалыптасқан пайдалы институционалдық инфрақұрылым керексіз болып қалады дегенді білдірмейді. Сіздерге турасын айтайын: Қазақстан халқы ассамблеясының бірегей тәжірибесі ешқашан тарих қойнауына кетпейді, керісінше, Халық Кеңесінің жұмысында қолданылады.
Жаһанды тұрақсыздық жайлап, дүрбелеңге толы кезеңге тап болдық. Алпауыт мемлекеттердің арасындағы сенімге селкеу түсті. Осындай жағдайда Қазақстандағы уақыт тезінен өткен этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлік үлгісі алдағы уақытта да еліміздің қарқынды, орнықты дамуына берік негіз болады.
Біз этномәдени орталықтарға, театрларға, бұқаралық ақпарат құралдарына барынша қолдау көрсетеміз. Бұл – мемлекеттің конституциялық міндеті.
Менің ойымша, ортақ мәдени мұрамызды көздің қарашығындай сақтау, дәріптеу айрықша маңызға ие. Мұндай бай мұраға мемлекеттік шекара бөгет болмауға тиіс. Семейдегі Федор Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейінде күрделі реконструкция басталды. Бұл жұмыс толықтай демеуші қаражаты есебінен атқарылады.
Алдағы уақытта еліміздегі басқа да тарихи ескерткіштер мен музейлерді ретке келтіруіміз керек. Қазақстанның ауқатты азаматтары аталған ізгі бастамаға белсенді атсалысады деп ойлаймын.
Медиация институтына қолдау көрсету қажет. Өйткені бұл – кез келген кикілжіңнің алдын алып, қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтатын әмбебап әрі пәрменді тетік.
Сонымен қатар алдымызда жастардың және спорт ұйымдарының, еріктілер желісінің, қайырымдылық қорларының жұмысына, Аналар мен Ақсақалдар кеңесінің қызметіне тың серпін беру міндеті тұр.
Бірнеше жыл бұрын елімізді бұрын-соңды болмаған су тасқыны әбігерге салды. Сол кезде этномәдени бірлестіктердің өкілдері зардап шеккен аймақтарға үлкен көмек көрсетті – қалпына келтіру жұмыстарына атсалысып, қиын жағдайға тап болған адамдарды жұбатты.
Мемлекет шын ниетпен жасалған бұл еңбекті бағалайды, халқымыз жақсылықты ешқашан ұмытпайды. Елдің ынтымақ-бірлігі, жасампаз отаншылдығы жарқырай көрінген осы мысал келесі ұрпақ ғибрат алатын бейне және фотоқұжаттарда сақталып қалуға тиіс. Жанкештілік пен жанашырлықтың үлгісін көрсеткен мұндай сәттер аз емес. Сондықтан жаңартылған саяси жүйеде Қазақстан халқы ассамблеясының тарихи рөлі еш кемімейді, керісінше, күшейе түседі.
Этномәдени бірлестіктердің өкілдері жоғары конституциялық мәртебеге ие болған Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына да енді. Бұрын парламент квотасына сай Сенатқа Қазақстан халқы ассамблеясының 5 мүшесі ғана өтетін. Ал енді Халық Кеңесінің құрамына этномәдени бірлестіктердің 42 өкілі кірді. Мұның өзі көп жайтты аңғартады. Яғни олар Кеңес мүшелерінің үштен бірін құрайды. Еліміздің орнықты әрі табысты дамуы тұрғысынан ҚХА миссиясының маңызды екеніне осы айқын дәлел.
Қазіргі міндетіміз – өнімді жұмыс істеу. Ең алдымен, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту тәсілдерін жоғалтпай, оны одан әрі жалғастырып әкеткен жөн.
Халық Кеңесі бірлік пен келісімнің жаңа тұжырымы әзірленетін орталық бола алады. Басқаша айтқанда, Халық Кеңесі этномәдени бірлестіктер мен осы салада қызмет ететін басқа да қоғамдық ұйымдарды бір мақсатқа біріктіруі керек.
Өңірлік деңгейде Достық үйлерінің жанынан ашылған «Қоғамдық келісім» желісі жұмысын жалғастырады. Этномәдени бірлестіктердің өкілдері жергілікті қоғамдық кеңестердің құрамына кіріп, Қазақстан Халық Кеңесіндегі тұрақты комитеттердің, салалық комиссиялардың және консультативтік-кеңес органдарының жұмысына қатыса алады.
Алайда жаңа мүмкіндіктер тың, айрықша жауапкершілік жүктейтінін де ескерген жөн. Дұрыс шешімді талап ететін түйткілдер шаш етектен. Осыған дейін бірнеше мәрте айтқанмын: ұлтты ұйыстырып, мемлекетіміздің іргесін бекемдейтін ең маңызды фактор – мемлекеттік тіл.
Бұрын болжаммен, долбармен ғана айтылатын жағдай қазір шындыққа айналды. Қазақ тілі қандай да бір әкімшілік, тіпті саяси мәжбүрлеусіз өрісі кеңейіп, көпшіліктің тіліне айналды. Әсіресе, жастарымыздың қазақ тілінде еркін, сауатты сөйлейтіні қуантады. Сіздер мұны көріп, біліп жүрсіздер.
Ана тіліміз мемлекеттік тіл ретінде сұранысқа ие, ұлттық мәдениетімізді, болмысымызды шырайлы да шұрайлы туған тіліміз арқылы көрсетеміз. Қазақ тілінде бір ауыз сөз айта алмау білімсіздік пен мәдениетсіздіктің белгісіне айналды. Мұның бәрі – мәжбүрлеуге емес, толеранттық пен сенімге негізделген ортақ жұмыстың нәтижесі.
Алайда бұл басқа тілдерден бас тарту керек дегенді білдірмейді, әрі оларды шеттетуге құқық бермейді. Өздеріңізге мәлім, Конституцияда тіліне, тегіне, ұлтына, дiни көзқарасы мен нанымына немесе кез келген өзге де себептерге байланысты кемсітуге тыйым салынған. Соған қарамастан ара-тұра кейбір тісқаққан арандатушылар әлеуметтік желіде ұлтараздықты қоздырып, әдейі отқа май құяды. Мына нәрсені түсінген жөн. Олардың көздегені біреу – қоғамды әлсіретіп, Қазақстанның Егемендігіне нұқсан келтіру, елді бірліктен айырып, бейбіт, алаңсыз өміріміздің астаң-кестеңін шығару. Расында олар балаларымыз бен немерелеріміздің бақытты болашағының тамырына балта шапқысы келеді. Сондықтан құқық қорғау органдары мен тұтас қоғам бұған табанды түрде қарсы тұруы керек. Конституцияда бекітілген «Заң мен тәртіп» қағидатына сай әрекет етуіміз қажет.
Толық мәтін AKORDA.KZ сайтында