МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ҮСТЕМЕ ЖҰМЫСТАРЫ БАҚЫЛАУДА

0

Қазақстан Республикасы Конституциясына сай әркімнің тынығуға құқығы бар. Еңбек шарты бойынша, жұмыс істейтіндерге заңмен белгіленген жұмыс уақытының ұзақтығына, демалыс және мереке күндеріне, жыл сайынғы ақылы демалысқа кепілдік беріледі делінген.

Сонымен бірге, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 32-бабының 4-тармағында шұғыл, күнi бұрын болжанбаған жұмыстарды орындау үшiн мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс уақытынан тыс істелетін жұмысқа, демалыс және мереке күндерiндегі жұмысқа тартылуы мүмкiн деп белгіленген.
Бұл ретте, көзделген жағдайларда мемлекеттік қызметшіге демалыс күндері (сағаттары) беріледі немесе жұмысына мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу жүйесіне сәйкес өтемақы төленеді.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 108-бабының талабы бойынша жұмыскерге үстеме жұмыс жасағаны үшін ақы төленеді немесе тынығу сағаттары беріледі. Бұл ретте, үстеме жұмыстарға тартуға жұмыскердің жазбаша келісімімен ғана жол беріледі.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тапсырмаларына сәйкес Агенттіктің аумақтық департаменттеріне мемлекеттік қызметшілердің үстеме жұмыс жасау уақытын азайту бағытында тиісті жұмыстарды жүргізу жүктелген болатын.
Өз кезегінде, Агенттіктің Жамбыл облысы бойынша департаментіне жергілікті жердегі мемлекеттік органдардың аталған тапсырманы орындау бойынша жұмыстарын үйлестіру тапсырылған.
Осыған орай, мемлекеттік органдармен бірлесе отырып Департаментпен облыстағы мемлекеттік қызметшілердің үстеме жұмыс жасауын азайту бағыты бойынша 2022 жылы бірқатар жұмыстар атқарылды.
2022 жылы облыстың 446 мемлекеттік органының 210-ы, яғни 47% жұмыс орнына кіру және шығу уақытын есепке алатын «Қолжетімділікті бақылау және басқару жүйелерімен» қамтылған.
Олардың 155-і жергілікті атқарушы органдарда болса, 42-і сот органдары мен орталық атқарушы органдардың аумақтық департаменттерінде, 13-і облыстардағы мәслихаттар мен тексеру комиссиясында.
Бұдан бөлек, бүгінгі таңда 40 мемлекеттік органда Е-Қызмет» ақпараттық жүйесімен интеграциялау жұмыстары аяқталып, іске қосылды. Олардың 36 жергілікті атқарушы органдарда болса, 4 орталық атқарушы органдардың аумақтық департаменттерінде.
Аталған жүйе ID карталар арқылы қызметшілердің жұмыс орнына кіру және шығу уақытын тіркеп, мәліметтерді автоматты түрде «Е-қызмет» ақпараттық жүйесіне жүктеп отырады.
Осылайша, Департаментпен көрсетілген мемлекеттік органдардың қызметшілерінің жұмыс орнына кіріп-шығу уақытын «Е-Қызмет» ақпараттық жүйесі арқылы қашықтықтан бақылаудың мүмкіндігі пайда болды.
Айтылғандардан бөлек, жекелеген мемлекеттік органдарда үстеме жұмыс жасау деректері орын алған.
Атап айтқанда, Департаментпен үстеме жұмыс мәселелері бойынша лауазымды тұлғаларға 9 ұсыныс хат жолданып, олардың қарау нәтижелері бойынша 2 мемлекеттік қызметшіге қосымша демалыс уақыттары берілді.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілерді негізсіз үстеме жұмыстарға тарту мәселесіне жүргізілген талдау нәтижелері Жамбыл облысындағы Әдеп жөніндегі кеңеспен 3 рет қаралып, нәтижесінде 18 қызметшіге демалыс уақыттары берілді.
Бұдан бөлек, а.ж. өткен кезеңінде Департаментпен Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасына «Е-Қызмет» ақпараттық жүйесін талдау нәтижесінде анықталған мемлекеттік қызметшілердің үстеме жұмыс жасауының заңдылығына тексеру жүргізу туралы 2 хат жолданды.
Нәтижесінде, Еңбек инспекциясымен 16 мемлекеттік органда жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізіліп, Департаментке тиісті жауаптар берілді.
Бүгінгі таңда, облыста 21 мемлекеттік қызметшіге икемді жұмыс кестесі белгіленген, олардың 15 жергілікті атқарушы органдарының қызметшілері болса, 6 орталық атқарушы органдардың аумақтық департаменттерінің қызметшілері құрайды.
Бұл өз кезегінде, отбасы, денсаулық немесе басқа да қиын жағдайларға тап болған мемлекеттік қызметшілердің икемді жұмыс кестесін пайдалануға мүмкіндік береді.
Аталған жұмыс режимін еңбек заңнамасы шеңберінде мемлекеттік қызметшілердің қажеттіліктерін ескере отырып, кеңінен енгізу орынды деп саналады.
Қорытындылай келгенде, жоғарыда аталған мемлекеттік қызметшілердің конституциялық құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселесі өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ, ол барлық мемлекеттік органдардың назарында болуы керек деп есептейміз.

Ш.СҰЛТАНХАН, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы

Leave A Reply

Your email address will not be published.