МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ: ЖАҢА МӘДЕНИЕТ ҚАЛЫПТАСТЫ МА?

0

Мемлекеттік басқару
академиясының базасында
«Ашық Үкімет және басқарудың
жаңа мәдениеті: есту, түсіну, әрекет ету» тақырыбында халықаралық
ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Басқосу барысында отандық және шетелдік сарапшылар мемлекеттік басқару саласындағы жаңа тәсілдерді сөз қылып, азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы диалогті нығайту мәселелерін талқылады.
Екі күнге созылған конференцияда спикерлер өз елдерінің тәжірибелерін ортаға салды. Пленарлық мәжілісте сөз алған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев орталық пен өңірлер арасында басталған мемлекеттік қы-зметшілерді жүйелі ротациялау сөз жүзінде қалып қоймай, нақты іске асырылуға тиіс екенін айтты.
– Елімізге білімді, білікті, бойына дұрыс құндылықтарды сіңірген басқарушылардың жаңа буыны қажет. Қазір мемлекеттік органдар үшін аналитиктер даярлау ісі де маңызды міндет болып саналады. Көптеген құрылымда сапалы талдау жасай алатын білікті мамандар жеткіліксіз. Былтыр біз Сенат жанынан «Талдау мектебін» құрдық. Мектеп аясында мамандардың екі тобын даярлап шығардық. Әр кезеңде екі ай бойы тәжірибелі қазақстандық және шетелдік аналитиктер, сарапшылар дәріс оқыды. Іріктеуден өткен жас тыңдаушыларға арнап тәжірибелік сабақтар ұйымдастырды. Осы жобаны іске асыру кезінде аналитиктерге сұраныстың жоғары екенін көріп, таңғалдық. Сол себепті, мемлекеттік басқару жүйесі үшін талдау дағдыларын меңгерген білікті мамандар даярлау жұмысын жүйелеудің маңызы зор.
Осы бағытта Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен, басқа да құрылымдармен, шетелдік мамандармен ынтымақтастық орнатуға дайынбыз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Ал Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалар ашықтық принципіне негізделген жаңа басқару мәдениетін қалыптастыруды көздейтінін атап өтті.
– Жаңа басқару мәдениеті «Ең алдымен адамдар» қағидатына негізделеді. Мемлекеттік органдар үшін негізгі мақсат – мемлекет пен қоғам қатынасын үйлестіруде бюрократияға жол бермейтін бас¬қарудың проактивті, сервистік және азаматтардың сұраныстарына ден қоя алатын үлгісіне көшу. Сонда ғана біз шын мәніндегі жаңа басқару мәдениетіне көшіп, ашық Үкіметті қалыптастырамыз, – деді МҚІА басшысы.
Дархан Жазықбаевтың айтуынша, жаңа басқару мәдениетіне сай, еліміздегі реформалар, бағдарламалық құжаттар мен ұлттық жобалардың тиімділігі олардың халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасына тигізген оң әсерімен өлшенуі керек.
Ал Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг экономика тұрғысынан экология мәселесін қалай шешуге болатынын айтты.
Оның айтуынша, Қазақстан да әлем елдері секілді климаттың өзгеруінен зардап шегіп отырған елдердің қатарында. Бұл мәселені шешу үшін нарықтық экономикадан тұрақты экономикаға ауысу қажет дейді шетел ғалымы. Қолданыстағы қосымшалардың мүмкіндіктерін пайдалану арқылы қаржы шығармай-ақ мемлекеттік қызмет сапасын, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға болады. Осы орайда «Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұлов бірнеше ұсыныс жасады.
Айта кетейік, іс-шараға Сенат төрағасымен бірге Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов, БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори, экономика профессоры, Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг және басқа да отандық және шетелдік сарапшылар, ғалымдар, мемлекеттік органдардың, бизнес-құрылымдар мен азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатысты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.