Бұл туралы Жамбыл облысы Әділет департаментінің басшысы Мейіржан Исабеков мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Адвокаттық қызмет: заң көмегінің қолжетімділігі
Қазіргі таңда облыста 259 адвокат жұмыс істейді. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде олардың саны 261 болған. Өңірде бір аумақтық адвокаттар алқасы, 10 заң консультациясы және 6 адвокаттық кеңсе қызмет көрсетеді.
Есепті кезеңде екі адвокаттың лицензиясы тоқтатылған. Сонымен қатар 10 адвокаттың лицензиясының қолданысы уақытша тоқтатыла тұрған. Былтырғы жылдың сәйкес мерзімінде бұл көрсеткіштер тиісінше бір және үш жағдайды құраған.
Мемлекет кепілдік берген заң көмегін ұйымдастыру бағытында департамент 100 адвокатпен және 31 заң консультантымен келісім жасасқан. Аталған қызметтерді қаржыландыруға арналған 005 бюджеттік бағдарламасы бойынша 150 миллион теңге бөлініп, есепті кезеңде оның 114,1 миллион теңгесі игерілген.