«МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ-2023» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

0

Жанұя құндылықтарын насихаттау, отбасы мәртебесін арттыру және кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жыл сайын ұйымдастырылып тұрады. Игі шара осы жылы да жалғасын тауып, 15 мамыр мен 1 шілде аралығында аталған байқаудың аудандық кезеңі өткен болатын. Ұлттық құндылықтар мен шаңырақтың береке-бірлігін дәріптейтін шараға биыл ауданымыздан 11 отбасы өтініш білдірген. Комиссия мүшелері қатысушылардың ішінен үш отбасын үздік деп таныды.

Осыған орай сейсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Мерейлі отбасы» байқауында өзгелерден оқ бойы оза шыққан жанұяларды марапаттауға арналған жиын өтті. Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай үздік отбасыларға аудан басшысы Бегзат Болатбековтың құттықтауын жеткізіп, арнайы дипломдар және сыйлықтарын табыс етті.

Сонымен, «Мерейлі отбасы-2023» ұлттық байқауының жүлделі бірінші орнын Қарасай батыр ауылдық округінен Нұралиевтер отбасы жеңіп алды. Екінші орынды Қордай ауылдық округінен Барманқұловтар әулеті иеленсе, Степной ауылдық округінен Уразалиевтер отбасы үшінші орынға жайғасты.

Марапаттау рәсіміне қатысқан Қордай аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Кенжекүл Ағыбаева әр салада еңбегімен еленген, өнегелі отбасының үлгісі бола білген қатысушыларды жүлделерімен құттықтап, елімізде мерейлі отбасылар қатарының арта беруін тіледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.