МЕРГЕН

0

Бір қарағанда бұл таудың Ауған жеріндегі басқаларынан айырмасы жоқ сияқты. Анау алыстан мұнартатын Памир, одан былайғы жатқан Гиндикуш жоталары, жалпы бұл елдің аумағы тұтастай таудан тұратындай әсер қалдырады. Расында да, солай ғой… Сай-саласымен жүре қалсаң төбеден бас салатын жау оқты қарша боратып, минаметпен атқылайды. Талай Кеңес әскерін талқан қылған осындай сай-сала бұлар орналасқан Дашак тауында да көп кездеседі. Бірақ, стратегиялық аймақ саналған бұл тауға Кеңес әскерлері келгелі құмар-ақ…

Тік жартасты, аяғыңмен түртіп қалсаң бір-біріне төмен қарай ере жөнелетін қырлы тастар жататын тау қатпарында өзіне ыңғайлы қуыс жасап алған мерген алысты аңдып жатыр. Күннің ыстығы, биіктегі аңызақ жел бетін күйдіріп, арқасынан өтіп бара жатса да қимылдауға болмайды. Мылтық дүрбісімен келер төбені аңдып бағуда. Барлаушылар жеткізген мәлімет бойынша сол төбеден төмен қарай бүгін бірнеше адам түсуі тиіс. Олар жетер жеріне жетсе жағдай қиын. Ертең осы таулар арасындағы соқпақ жолмен жүретін әскерлер туралы мәлімет арғы таудың түбінде шоғырланған баскесерлерге жетсе мұнда қан майдан болғалы тұр. Мергеннің міндеті сол мәліметті жеткізушілердің жолын қию.

Таулы жерде күн ұясына ерте батады. Ертеден бері жан-жағын алаулатқан күн таудың сағасына толықтай батпай жатып мергеннің көзі өзі бағдар салған аумақта бұлғаң еткен қимылды байқап қалғандай болды. Дүрбі салып, зерделей келе, иықтарына автомат пен бір-бір дорба артқан адам үшін мысықтабандап төмен қарай түсіп бара жатыр. Мергеннің жүрегі жылдамырақ соғып, кеудесінен шығып кетердей болып жатты. Бірақ, әскердегі дайындық, психологиялық тоқтам бойдағы толқуды бірден қағып тастады. Мылтық шүріппесін саусағымен салалай отырып, орайы келген тұста басып қалды. Соңғы келе жатқан душман шалқалай кетіп, сәлдесі бетін жауып, сұлқ түсті. Тауда мылтықтың дауысы шаңқ ете қалғаны сол маңдағылардың бәріне естілді. Автоматтарын қолына ала салып, оқ шыққан аумақты ойша бағамдаған екі душман бейберекет оқ жаудыра, төмен қарай асығыс құлдилай жөнелді. Кеш қарайған, алаукелім тұста арғы беткейдегі нүкте болып бара жатқанды атып түсіру тек шын мергеннің қолынан ғана келеді. Ал, ол қимылдап бара жатқан нысан болса мынадай беймезгіл шақта тіпті, қиын. Қолындағы автоматты лақтырып жіберген қаба сақалды артындағы ұзын бойлысына дауыстап бірдеңе айтты да, өзі тау етегінде жарбия өскен қурайларды жағалай жүгірді. Демін ішіне тартқан мергеннің келесі оғы оны сол қурайларға жеткізбей қағып түсірді. Осы сәтте оғы таусылған үшінші душман төмен емес жоғарыға қарай жандәрмен өрмелеп бара жатты. Бұл кезде тау ішіне толығымен қараңғылық өз билігін жүргізе бастаған болатын. Үстіне киген ақ жейдесінің жеңінен бақылап отырып дәл арқадан оқты қадаған мерген оның төмен қарай құлағанына қараған да жоқ. Шұғыл жиналып, арғы төбеде орналасқан заставаға қарай жүгіре жөнелді.

…Ауыл сыртындағы колхоздың ескі фермасы қораларының үстіне шығып алып, алысты бақылап отырған Ерлан еріксіз ойға беріліп кетті. Екі жыл Ауған жерінде от кешіп, талай жан алысып, жан беріскен сәттерден аман-есен шығып, елге оралуға Құдай бұған сәтін салыпты. «Құралайды көзге атқан» мергендігі үшін алған марапаты да бар. Бірақ, кеше бұлар сойылын соғып, соғысқа араласқан алып мемлекет қазір жоқ. Ауғаннан келген соң ата-анасының ұйғарымымен бірден отбасын құрған болатын. Тұңғышы қыз бала болды. Бүгінде жасы онға қараған, желкілдеп өсіп келе жатқан қуанышы. Ал, ұзақ күткен екіншісі, ат ұстары ұл бала денсаулығында кінәрат бар болып туылды. Жанына бататыны да сол. Ауылдағы Мәдениет үйіне қарауыл болып орналасқан. Бүгінде тоналып біткен ол үйде нені қарауылдайтынын өзі де білмейді. Ел ішін қорқыныш билеген. Арлы-берлі сандалған жастар қалаға ағылуда. Ауыл қаңырап қалуға шақ тұр. 90-шы жылдардың бел ортасына келген шақ. Осы кезеңде қыс та ызғарлы болғандай.

Анда-санда үйдегі қара атын ерттеп, аңға шығып қайтады. Тау жақтағы өзен жағасынан кекілік атып, тіпті қоян, жолы болған кезде ірі аңдарды да атып алып, соның етін отбасымен талғажау ететіні бар. Мұның мергендігін ауылдастары жақсы біледі. Оның үстіне Ауғанда болып келген соң ба, көп жақындамай, алыстан сөйлесіп, мазасын алмауға тырысады.

Бірде ауылдас ағайын ағасы келіп еді.

— Ел жағдайының қиындығын хайуандар да сезеді-ау осы. Мына итқұсқа тоқтау болмай тұр. Кеше Әліптің қорасында тұрған бұзауын жеп кетіпті. Өткен аптада өзің де естіген боларсың, Ержанның жан бағып отырған сиыры мен бес қойын бір-ақ қырып салды. Кезекпен қой бағып шығатын балалар қорқыныштан ауылдан алыс ұзай алмай отыр. Білесің, ауыл маңында от жоқ, мал не жейді? Қорада бар малды қырып аламыз. Ерланжан-ау, мылтығың бар, оғын біз тауып береміз, мына қасқырлардың көзін құртпаса болмайды. Бүйте берсе көктемде дымсыз қаламыз ғой. Көмегің болсын, аңшылық жасамасаң болмай тұр, — деп ағалық өтінішін айтқан болатын.

Сол өтінішті орындамақ ниетте ауыл сыртындағы ескі ферма қорасының төбесінде отырғаны. Ауылдағы азғантай малды жайып шыққан екі жігітке фермаға жақынырақ келуді тапсырды да, өзі шатырға шығып кетті. Көп ұзамай аппақ қарды бұрқырата төрт қасқыр фермаға қарай бет бұрды. Арасында бір-бірімен алыса, қағыса кететін түз тағысы, жақын жерде жайылып жүрген малды көріп, кілт тоқтай қалысты. Жанында жүрген атты адамдарға да қарамады, бірден малға тұра шапты. Жайылымдағы қой мен қасқырдың ортасын баяғыдан жатқан ескі колхоз техникасы бөліп тұрған болатын. Сол ескі тырмаларды қиыстай өте бергенде он алтыншы мылтықтың дауысы күрс ете қалды. Ешқашан мылтық дауысын естімеген, әбден дәніккен жас қасқырлар алғашында алдында кетіп бара жатқан көшбасшыларының неліктен қалың қарды баспен сүре сұлқ құлағанын түсінбей тоқтай қалысты. Сол кезде әлгі мылтық дауысы екінші рет күрс етті. Жан-жағына жалтақтай қарап тұрған бөрі жанындағысын қағып барып құлады. Бұл жақсылықтың нышаны еместігін сезінген түз тағылары қаша жөнелді. Ферма жақтан атылған үшінші оқ қашып бара жатқан екі қасқырдың ірісін желкеден іліп түсті. Төртінші жылдамдығын үдете, алысқа ұзай берді.

Сол күні ауылда қойшылар айтып келген оқиға жырдай төгілді. Ерлан мергеннің үш қасқырды көзді ашып-жұмғанша атып түсіргенін жас жігіттер жиі электр жарығы өшіп қалатын ауылда, білтелі шамның жарығында өздерінің көздері жарқ-жұрқ етіп бір-біріне аңыздай етіп айтып отырды.

Ауылдастар өтінішімен осындай жорыққа тағы да екі-үш рет шыққан болатын. Ауыл-аймақ болған соң Ерланның мергендігі туралы әңгіме желдей есті. Тіпті, көрші ауылдардан көмекке шақырып, аздап ақысын да төлейтін болды. Екі қасқырды бір оқпен атып түсіріпті, тіпті, түн ішінде атқан оғы зая кетпейді екен. Ауғанда жүргенінде жау командирлері Ерланның басына бәс тігіп, ұстаған не болмаса өлтірген адамға миллиондаған ақша береміз, депті деген сыңайлы әңгіме кешкілік дастархан басында бас қосқан ауылдастар арасында да қыз-қыз қайнап жатты. Ащы су араласқан отырыстарда Ерлан мерген туралы оқиғалардың шыны мен жалғанын ажыратып білуге болмайтын еді.

Бірде өзен жағасына кекілік атуға шықты. Ол жерде асқан мергендік қажет емес, бытырамен бірнешеуін жалп еткізуге болады. Атып алған құстарды аттың еріне байлап алып келе жатқанында алдынан жол талғамайтын екі көлік атып шықты. Ауғанда жүргенінде осындай көліктерді көргені бар еді. Америкадан келген, солардың көлігі деп еститін. Көліктен мұздай қаруланған бірнеше жігіт шығып, бұған қарай бет алды. Жүрек тұсы су ете қалғанымен, артқа қарай кетудің амалы жоқтығын түсінген бұл оларға аттан түсіп, бет алды.

— Ассалаумағалейкум, —  деп сөз бастады ішіндегі ең бойы ұзыны.

— Әлейкім салам, — деп қысқаша амандасу емеурінін танытты бұл.

— Ерлан мерген, деген атақты адам Сіз-ау, шамасы?

-Атақты деп артық айтқан шығар. Ерлан деген иә, менмін, — деді бұл ердің тартпасын тартып жатып.

— Ереке, қанжыға майланып қайтыпты, жақсы екен. Бізге де ататын құс қалды ма өзі?,— деп мырс етті ұзын бойлының жанындағы аққұба жігіт.

— Менің есімім Қайрат болады. Мына жігіттер Алматыдан қонаққа келіп еді. Осында аң-құс атып, сәті түссе сізбен жолықсақ, деп едік. «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» деген осы шығар. Алдымыздан шыға келдіңіз…

— Қонақ болсаңыздар қош келдіңіздер! Бұл далада аң-құс бәріне жетеді. Өзенді жағалай жүрсеңіз болғаны, — деген Ерлан атқа әуп деп мінді де, ауылға қарай тартып кетті. Артынан қарап қалған аңшыларға мойын бұрып қарамады да. Бірақ, соғысты көрген, өзі кісікиік болса адамдарды алыстан танитын тектілігі бар ол бір жамандықты сезгендей болды. Осы құс етімен үйдегі кенжесіне сорпа жасап жүретін. Күннен күнге жағдайы нашарлап бара жатқан балаға дәрігерлер ота жасау қажет, дейді. Бірақ, ол ота өте қымбат, мұнда жасай алмайды екен. Шетел асу керек. Ондай қаржыны астындағы атын үйімен қоса сатса да табылатын түрі жоқ. Өз ойымен алысқан Ерлан үйіне қалай жеткенін байқамай қалды.

Түнді отбасымен бірге ұйқысыз өткізді. Кіші ұл, тіпті, әлсіреп қалды. Ауылдық дәрігерді шақырып, ол қолынан келгенше ем-домын жасап, ота жасауға жылдамдату қажет екенін тағы айтып кетті.

Таңмен атқа қонған Ерлан ауылдағы ең еңселі үйге қарай бет алды. Осы ауыл ғана емес, жалпы аудан бойынша ең бай адамдардың бірі саналатын Ермек есімді жігіттің қылмыстық әлеммен байланысы бар, деген әңгіме жиі айтылатын. Содан болар, оған көп ешкім батылы барып жолай бермейтін. Қара айғырмен жеделдете есік алдына кірген тұста кешегі алдынан шыққан қос көліктің осында қаңтарылып тұрғанын көрді. Есік алдында әлгі жігіттермен қарқылдай күліп, бір нәрсені әңгіме етіп тұрған Ермек мұның келісіне таңдана қарады.

— Ереке, өзіңмен жеке әңгіме бар еді!

Ермек, жанындағыларға жымың етті де, бұған бұрылып:

«Ә, Ерлан мерген, сөйлесейік, тек мылтықпен келмесең болды», — деп күлген бойда келіп қол беріп амандасты.

Үлкен сомада ақша керек екенін көп сөзге созбай бірден айтты.

— Баланы емдетуім қажет. Басқа барар жерім жоқ.

Ермек те жауапты бірден берді. Ол ондай ақша қазір жоқ, деген қысқа жауап берді. Бұл сыртқа беттегенде, Ермек әлгі жігіттер ортасына барып, ары қарай әңгімесін жалғастыра берді.

Қатты қалың болмаса да жердегі қар аттың тұяғынан күрт-күрт етіп, әлі де болса аяздың бар екені білдіріп тұрғандай. Салы суға кетіп, аттың өз жүрісімен кетіп бара жатқан мұны әлгі джиппен жүрген жігіттер қуып жетті.

— Ерлан! Тоқта, айтар сөз бар, — деп ішіндегі ұзын бойлысы терезеден айқай салды. Қасына барлығы келіп тоқтаған тұста көлік ішінен кеше өзін Қайрат деп таныстырған жігіт сөз бастады.

— Бағана жағдайың туралы естідік. Оңай емес екен. Саған ұсыныс бар. Орындасаң ақша да болады, тіпті дәрігер де тауып бере аламыз.

— Қандай ұсыныс, не істеуім керек?

— Ұсыныс мынадай…

Еріккен бай жігіттердің жасаған ұсынысын естіп сол жерде барлығын жайратып салғысы келді. Ашудан тұтығып кеткені соншалықты, олардың арғы сөздерін ести  алмады. Бір қарағанында әлгі жігіттердің ертең сағат онда тура осы жерге кел, келмесең өз обалың өзіңе дегенін қағыс естіді.

Әлемтапырақ болған ойымен, тіпті, атқа отыра алмады. Бұрқ етіп қайнап шыққан суық тер қалың киімінен өтіп кеткендей арқасы мұздап сала берген. Үйіне келген соң төргі бөлмеге кіріп, үнсіз жатып қалды. Көрші бөлмеде ызыңдай жылап жатқан кенжесінің дауысын ести алмай, басын жастықпен басып, өзі еңкілдеп жылап жіберді. Отағасының мұндай қылығын көрмеген қызы мен әйелі үрпиісіп кішкентай ұлдың жанынан шықпай отырып қалды.

Ерлан таңға көз ілмеді. Түнімен қар жауған болатын. Есік алдының қарын тап-тұйнақтай тазалап келіп, үйге кірді де, анасының жанында отырған 10 жасар қызына тура қарап отырды.

— Қызым, атқа мінгің келе ме? Дәл қазір?

— Иә, мінгім келеді, көп болды ғой атқа отырғызбағаныңа.

— Онда кеттік, жинал. Ауыл сыртына барып, қыдырып келеміз.

Қуанып кеткен қызы асығыс жинала бастады.

Күйеуінің мұнысына секемдене қараған жұбайына көзін қысып, «бәрі жақсы болады, алаңдама» деп  маңдайынан сүйді де, қалың тымағын баса киіп сыртқа шығып кетті.

Әкесінің атына мінгесіп отырған қыздың қуанышында шек жоқ. Мектептегі достары, құрбылары туралы әңгімені тоқтамай айтып келеді. Кенет.

— Әке, ана жақта бір адамдар тұр ғой., олар кімдер?

— Ә, қызым, қорықпа, менің таныстарым ғой. Қазір барып жолығайық, не айтар екен. Шу жануар.

Жігіттердің жанына келген Ерлан аттан түспестен анадай жерден айқай салды.

— Жігіттер! Мен уәдемді орындауға келдім. Сендер де орындайды деп сенемін. Орындалмаған жағдайда осы жерден ешкім тірі кетпейді!

Ұсыныс айтқан аққұба жігіт мырс етіп күлді.

— Ерлан! Уәде, уәде орындалады. Өзің орындай алмай, опық жеп қалма. Барлығы өз қолыңда. Ойқастамай аттан түс, дәлелде мықтылығыңды!

Бөтен адамдар мен әкесінің бір-бірімен суық сөйлескенінен секемденген қызы әкесінің белінен қапсыра құшақтап алған, жібергісі жоқ. Ақырын ғана сыбырлап: «Үйге қайтайықшы», дейді.

Бірақ, әкесі  бұл кезде аттан түсуге ыңғайланып жатқан.

— Қорықпа қызым, қазір біз бұларға бір фокус көрсетеміз, сосын үйге қайтамыз. Ең бастысы сен қорықпа, менің айтқанымды істе, болды!

Аттың шылбырын ердің ұшына іле салған Ерлан қызын жетектеп ортаға шықты. Ұзын бойлы жігіт көліктен қып-қызыл алманы алды да мұның қолына ұстата салды.

Осы кезде Ерлан қызына:

— Қызым, қазір сен көзіңді жұмып тұр. Мен айтпайынша, ашпа. Мен аспанға мылтық атамын, сол кезде ғана ашасың. Сен мені түсіндің бе? Мына ағайларға мылтық атып көрсетемін. Тек қорықпа, көзіңді жұмып тұр, — деп құлағына сыбырлаған Ерлан оның бас киімін шешіп, екі өрілген қос бұрымның бастауына әлгі қызыл алманы қойды.

— Қозғалма, мылтық дауысын күт!

Әкесінің бұйрық сөзінен әлде мына жағдайдан секемденді ме қызы көзін тарс жұмып алып, қозғалмай қатып қалған. Бұл кезде Ерлан келісім бойынша өзі тұратын қашықтыққа жетіп үлгерген еді.

Ол өз қызының басындағы алманы атып түсіруі керек. Шарт сол.

Ауған жерінен келгелі адамға қару кезенбеген екен. Қолында діріл пайда болғандай. Мүлт кетсе, ары қарайғыны ойлаудың өзі қорқынышты. Қыздың басындағы қызыл алма мылтықтың жойқын дауысынан бұрып ортасынан қақ жарылып, жан-жаққа ұшып түсті. Жан-дәрмен қызына ұмтылған Ерлан қорыққаннан діріл қаққан оны құшақтай бере, кешір мені, кешір мені, деп көз жасына ие бола алмай қалды.

Ту сыртынан осы кезде: «Вот, отморозок» деген сөзді анық естіді.

Гүр етіп оталған көліктердің бірі бұрыла бергенде терезесінен Қайрат құшақтасып отырған әкесі мен қызының жанына үлкен түйіншікке мықтап оралған салмақты затты лақтырып кетті.

 

* * *          * * *         * * *

... -Ерлан аға, Ерлан аға!

 Сізге звондап жатыр. Біздің үйге жүріңіз.

Ауылдағы телефоны бар санаулы үйлердің бірі саналатын көршісінің ұлы жүгіріп келіп, Ерланды шақырды. Ентелей барып алса, арғы жақтан қызының дауысы естілді.

— Әке, Еркешке ота жасалды. Дәрігерлер сәтті өтті, деп жатыр. Алдағы аптада ауылға қайтамыз, — деген көңілді дауысын естіп, тымағын басынан ала жерге сылқ етіп отыра кетті.

Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.