Сарбаздарға сөз көмегі де қажет

0

Үйдегі таныс әрі еркін ортадан әскери тәртіпке ауысу жас сарбаздарды күйзеліске түсіруі мүмкін. Мұндай жағдайда әскери психологтар психикалық бұзылулар мен суицидтік мінез-құлық белгілерінің алдын алу үшін көп жұмыс істейді.

Қазақстан Қарулы Күштері қатарына күзгі шақырылымның жас сарбаздарының келуімен әскери психологтар жұмыстың жаңа кезеңін бастады. Бейімделу кезеңінен өтіп жатқан жас жауынгерлерді мұқият қадағалап отыру – міндет. Осы кезеңде оқу-ағарту офицерлері мен әскери психологтар белсенді жұмысқа кіріседі. Олар сарбаздардың жаңа өмір жағдайларына тез үйренісуіне көмектеседі.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының бас психологі, майор Ақмарал Төлеутаеваның сөзіне сүйенсек, жеке құрамның алға қойылған міндеттерді орындауға психологиялық дайындығын қалыптастыру мақсатында психологиялық қызмет мамандары мерзімді әскери қызмет кезінде келеңсіз факторлардың алдын алатын іс-шараларды жүйелі түрде жүргізеді.

Психологиялық қызметкерлердің басты міндеттерінің бірі – әскерге шақырылғандарды сапалы және уақытылы зерттеу. Психологиялық көмек көрсетудің түрлі әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, психологтар соңы суицидке ұласатын іс-қимылдардың алдын алу үшін профилактикалық жұмыстарды жүргізеді. Әсіресе өзге жауынгерлермен қарым-қатынас орнату қиынға соғатын әскери қызметшілерге ерекше көңіл бөлінеді екен. Кейде жас сарбаздармен әңгімелесіп отырғанда олардың өз ортасында және отбасында даулы қарым-қатынастары бар екені анықталып жататын көрінеді. Ары қарай сол мәселені шешу жөнінде жұмыс жүргізіледі.

Күзгі және көктемгі шақырылым бойынша Қарулы Күштер қатарына жаңа сарбаздар келген кезде бөлімше психологтары олардың психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, өзі ұнатқан мамандығына қатысты бөлімге түсуіне күш салады.

– Әскери қызметкер психологиялық тесттердің барлық түрінен жоғары балл жинады делік, ал оның темпераменті айқын холерик адам. Егер осы холерик темпераментіндегі жауынгердің болашақ қызметін болжасақ, онда ол жауынгерлік бөлімдерде, мысалы, мотоатқыштар немесе барлау батальондарында өзін жақсы таныта алады. Суицидтік көріністердің алдын алу және әскери ұжымда салауатты моральдік-психологиялық ахуалды сақтау үшін сарбаздармен жеке әңгімелесу мен психологиялық тестілеуден басқа, жігіттердің мінез-құлық ерекшеліктері мен өмірбаянын зерттеу де өте маңызды, – дейді Ақмарал Төлеутаева.

Әскерге еліміздің әр өңірінен мінезі бөлек, тағдыры бөлек жігіттер келеді. Олардың барлығы бір командаға бірігіп жұмыс істеуі керек. Осы тұстағы психологтардың міндеті – оларға көмектесу, қақтығыстардың, қауіп-қатердің алдын алу. Сондай-ақ психолог-офицерлер өз жұмыстарында сарбаздардың ата-аналарымен байланыс орнатуға жіті көңіл бөледі. Олармен байланыста бола отырып, тәрбиешілер мен психологтар ата-аналар арасында дүрбелең, қобалжу немесе үрей тудырмау, келеңсіз жарылыстарды азайту үшін шаралар қабылдайды.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.