НАНЫН АДАЛЫМЕН ТАУЫП ЖҮРГЕН ЖАНДАР

0

Жолда келе жатып көлігінің терезесінен қоқысты еш ойланбастан тастай салатын азаматтар, көшеде конфет қағазы мен целлофанды білдіртпей ұшырып жіберіп, бөтелкені лақтыратындарды көріп жатамыз. Сөйте тұра шашылып жатқан қоқысқа қарап, «тазалықшылар неге жинамайды?» немесе «әкімдік не қарап отыр?» дейтіндер аз емес.

Мұндай адамдар қателеседі, себебі бұл қоқысты таң азанмен тыным таппай жинап жүретіндер бар. Оларды – «ақылы қоғамдық жұмысшылар» немесе халық арасында «эколог» деп қояды. Ауданның қай елді мекенінен болмасын қолына сыпырғы, күрек ұстаған тазалық сақшыларын көреміз. Бұл жұмысшылар көбінесе шаң-тозаңда, шақырайған күннің, болмаса шытынаған аязда жұмыс істейді. Олар ауа райының қолайсыздығына қарамайды.

Қазіргі таңда ауданда сегіз жүзден астам «эколог» жұмыс істейді. Өкінішке орай олардың еңбегі көп жағдайда елеусіз қалады. Жоғарыда атап өткендей кей тұрғындар олардың еңбегіне салғырт қарайды. Десе де олар нанын адал тауып жатқан жандар. Ақылы қоғамдық жұмысшылар көбіне әлеуметтік осал санаттағы азаматтар. Сондықтан да «тазалық сақшыларының» еңбегін бағалап, тіпті оларға көмекші болып, ең болмағанда өз үйінің төңірегін жинап тұрғанның еш сөкеттігі жоқ.

1 наурыз «Алғыс күнінің» қарсаңында редакция ұжымының атынан «ақылы қоғамдық жұмысшыларға» үлкен алғысымызды білдірсек артық болмас. Ауданымыздың көркеюіне, тазалығына елеулі үлесін қосып жүрген азаматтарға зор денсаулық, отбасына амандық тілейміз!

Еркін Қатбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.