Мектепте «КӨРІСУ КҮНІ» тойланды

0

«Амал келді», «жыл келді» деп қарсы алатын «Көрісу күні» – Ұлыстың Ұлы күнінің жаршысы. Бұл күнді халқымыз жаңа ай туып, жаңа жылдың қадам басқан сәті деп есептеген, қыстан түгел шыққан жұрт бір-бірімен қуана көрісіп, жасы кішілер үлкендерге барып, ілтипат білдірген. Сондықтан да халқымыз үшін «Амал күнінің» қадір-қасиеті  ерекше.

Мейірім мен ізгіліктің мерекесі №34 М.Смағұлов атындағы орта мектебінде ерекше аталып өтті. Алға ауылдық округінің Аналар алқасының төрайымы Жұмақыз Боранбаеваның мұрындық болуымен өткен шараға Алға ауылдық округінің әкімі Берік Әбілдаев, 19 ауылдық округтің Аналар алқасының төрайымдары және мектеп оқушылары қатысты.

Бұл күні қазақы нақышта киінген мектеп оқушылары есіктен кірген әр қонақты құрметпен қарсы алып, жүздеріне қуаныш сыйлап жатты. Бір-бірімен көрісіп болған соң, көпшілік мектептің акт залына қарай ығысты. Мұнда білімгерлер ән айтып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін қойылымдар қойып, өнерлерін ортаға салды. Әр ауылдан келген ақ жаулықты әжелер де өнерден кенде емес екендіктерін көрсетті. Әсіресе, ақындық қырымен жерлестеріне танымал қарт ана Анаркүл Ыдырысқызы өзінің өлеңдерін оқып, әуезді әндерінен шашу шашты.

Сонымен қатар мерекелік жиын барысында кимешекті аналар оқушыларға Амал күнінің мән-маңызын түсіндіріп, салт-дәстүрімізге, ұлттық құндылықтарымызға құрметпен қарауға шақырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.