НОҒАЙБАЙ АУЫЛЫНА ЖҰМЫС САПАРЫ

0

Аудан әкімі Бегзат Болатбековтың кезекті жұмыс сапары Ноғайбай ауылдық округінде өтті. Табиғатымен талайды тамсандырып, ән-жырға арқау болған келбеті келісімді, өзен-суы мөлдір, таулары тартымды аймақтың ауданның ең көрікті жерлерінің бірі саналатыны рас.
Аудан басшысы алдымен округтің төрінде жайғасқан Шарбақты ауылына келді. Мұндағы №36 негізгі мектептің жай-күйі жайында аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков, қазандық және жылыту маусымының барысы туралы аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесінің директоры Айдын Жортанов баяндады. Бегзат Сейсенқұлұлы бұл ретте білім ордасы және тиісті мекемелердің басшыларына қандай да бір көкейтесті мәселе болған жағдайда жасырмай, шынайы жағдайды айтуды ескертті. Сонымен қатар, заманауи білім беру үрдісін сақтай отырып, өскелең ұрпақты рухани тәрбиелеу жағына жете мән беруді тапсырды.
Бегзат Болатбеков жұмыс сапарын Ноғайбай ауылындағы ауылшаруашылығы колледжінде жалғастырды. Білім ошағындағы жұмыс, оқыту үрдісі, жылыту маусымының барысы, шешімін күткен мәселелер талқыланған бұл кездесуде де нақты ұсыныс-тілектер айтылды.
Келесі кезекте Ноғайбай ауылдық дәрігер-лік амбулатория, ветеринарлық пункт, орталық саябақ, №35 орта мектеп, балабақшаны аралаған аудан әкімі бұл нысандардағы нақты атқарылып жатқан жұмыстарға көз жеткізіп, жылыту қазандықтарын көріп шықты. Ауылдағы тұрмысы төмен отбасында болып, мұқтаж жандарға көмек ұйымдастыру туралы тапсырмалар берді.
Осы ауылда өткен жиналыс барысында, негізінен, Ноғайбай ауылын табиғи газбен қамту, жайылымдық жерлер тапшылығы мәселелері сөз болды.
Бұдан соң аудан басшысы ауылдағы медициналық пункт, клубтың жұмыстарымен танысып, қазандықтарын көрді, шағын футбол алаңында болды.
Барлық әлеуметтік нысандардағы жағдай жайлы тиісті мекемелер мен бөлімдердің басшылары, сондай-ақ, жергілікті жауапты мамандар баяндап берді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.