«Тілдерді оқыту орталығында» мемлекеттік тілді оқытатын оқытушылар арасында ұйымдастырылған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы аудандық байқау өтті.
Аталған байқау тілдерді оқыту орталықтары оқытушыларының кәсіби шеберлігін арттыру, озық тәжірибелерді анықтау және тарату, сондай-ақ ересектерге қазақ тілін оқыту сапасын жетілдіру мақсатында өткізілді.
Байқау ережесіне сәйкес, қатысушылар үш кезең бойынша сынға түсті. Бірінші кезеңде үміткерлер өздерінің кәсіби жетістіктерін қамтитын жеке портфолиоларын қазылар алқасының қарауына ұсынды. Екінші кезеңде «Қазақ тілі сабағында заманауи технологияларды тиімді пайдалану» тақырыбында сабақ үлгілерін таныстырып, авторлық әдістемелік ұстанымдарын көрсетті. Үшінші кезеңде қатысушылар В2 деңгейіне сәйкес жасақталған сынама топпен жұмыс жүргізіп, тыңдалым, оқылым, жазылым және айтылым дағдылары бойынша қысқа мерзімді сабақ өткізу арқылы педагогикалық шеберліктерін дәлелдеді.
Байқау барысында қатысушылардың кәсіби құзыреттілігі, әдістемелік дайындығы, шығармашылық ізденісі мен заманауи білім беру технологияларын тиімді қолдану деңгейі жан-жақты бағаланды.
Қазылар алқасының шешімімен байқау қорытындысы бойынша
І орынды Ақбота Тұрсынбекова жеңіп алса, ІІ орынға – Сандуғаш Досқұл ие болды, ал жүлделі ІІІ орынды Зауре Тлеукабылова мен Сапура Турысова өзара бөлісті.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер тиісті дәрежедегі дипломдармен, алғысхаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.