ОБЛЫС ӘКІМІ ҚОРДАЙ АУДАНЫНДА БОЛДЫ

0

Жұма күні Қордай ауданына жұмыс сапарымен Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев келді. Аймақ басшысы сапарын аудан әкімі Бегзат Болатбековпен бірге Гвардейск қалашығынан бастады.

Ербол Қарашөкеевтің  алдымен «ОtarBioPharm» ЖШС-нің қызметімен танысты. Тиісті өндірістік практиканың (GMP), ветеринариялық және медициналық мақсаттағы талаптарына сәйкес келетін иммунобиологиялық препараттар шығаруға негізделген зауыт 2021 жылы пайдалануға берілген. Кәсіпорында 90 адам жұмыс істейді.

Бұдан соң аймақ басшысы «BSL-3» өндірістік цехының құрылысын көрді.

Қазіргі таңда биофармацевтикалық зауыт құрылысының екінші кезеңі аяқталып, тиісті жабдықтар жеткізілген. Ол бойынша Биозауыттың өндірістік қуатын айына 500 мыңнан 2,0 млн. дозаға дейін арттыру көзделген. Соған сәйкес, «Тиісті өндірістік практика (GMP) талаптарына сәйкес келетін иммунобиологиялық препараттар шығаратын биофармацевтикалық зауыт базасында субстанциялар өндіру жөніндегі цех» (BSL-3) жобасының құрылысы жүзеге асқан.

Бүгінде өндірістік кесте бойынша инженерлік желілер мен негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Фармакологиялық жабдықтар 100 пайыз жеткізілген.

Жоба 2024 жылдың басында толығымен іске қосылады деп жоспарлануда.

Аймақ басшысы жобаның маңыздылығын баса айтып, жауаптыларға жұмыстардың сапалы әрі тиісті мерзімде атқарылуын бақылауда ұстауды тапсырды.

Сондай-ақ, облыс әкімі қызметкерлерге арналып салынған 180 пәтерлі жатақханамен спорт кешенін көрді. Гвардейск әскери гарнизонының жұмысына, инфрақұрылымға қатысты мәселелеріне қанықты.

Аудан әкімі Бегзат Болатбеков қалашықтың инфрақұрылымын жаңғырту бойынша келер жылға жоспарланған жобалардың бар екенін жеткізді.

Аймақ басшысы сапар барысында Қордай ауылындағы «ECO CHICKEN» АӨК модульді құс фермасының құрылысымен танысты.

Шаруашылық жалпы 21 модульді құс фермасын салған. Оларда 40 мың құс өсірілуде. Ағымдағы жыл соңына дейін қосымша тағы 10 модульді құс фермасы орнатылып, жоба қуаттылығы 1000 тн құс етін өндіруге жетеді деп көзделуде. Бұл аудан тұрғындарын құс етін тұтыну көрсеткішінің  10 пайызын құрайды.

Жалпы 2025 жылға дейін қосымша 100 модульді құс фермасын салу жоспарлануда.

27 шағын құс шаруашылығын біріктірген кооператив мүшелері “Ауыл аманаты” жобасы аясында 2 пайыздық несиемен қаржыландырылған.

Облыс әкімі құс шаруашылығының жұмысын оң бағалап, өнімнің тұтынушыларға жеткізілу барысын сұрады.

Кооператив инфрақұрылымға қатысты мәселесін тездетіп шешу мүмкіндігін қарастыру бойынша жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.

Келесі кезекте Ербол Қарашөкеев аталған ауылдағы 150 адамға арналған полиция бөлімшесінің құрылысын көрді. Нысан кесте бойынша ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.

Сондай-ақ, аймақ басшысы жуырда ғана пайдануға берілген халыққа қызмет көрсету орталығының қызметімен танысты.

Ербол Қарашөкеев халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, тұрғындарға мінсіз қызмет көрсетуге барынша назар аудару керектігін баса айтты.

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Қордай ауданы Қарасу ауылында «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында бой көтерген дене шынықтыру және сауықтыру спорт кешенінің ашылу салтанатына қатысып, ауылдықтарды қуанышымен құттықтады.

Жалпы құны 342 миллион теңгені құраған нысан құрылысын «Тараз-ҚұрылысИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді.

Мұнда ауыл тұрғындары спорттың 10-ға жуық түрімен айналысатын болады.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың спорт арқылы ұлт саулығын тұрақты дамыту мақсатындағы стратегиялық бағыты қашан да маңызды.

Елімізде бұқаралық және балалар спортын дамытуға барлық жағдай жасалуда. Өңірімізде де бұл саланың дамуына айрықша көңіл бөлінуде.

Бүгін ел игілігіне беріліп отырған спорт кешенінен болашақ әлем чемпиондары мен жүлдегерлеріның шығатынына сенімім мол, — дей келе Ербол Қарашөкеев салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Айта кету керек, қазіргі таңда облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатындар қатары 489 мыңнан астам адамға немесе облыс тұрғындарының 40 пайызына жеткен.

Жалпы, облыстың спорт саласын дамыту үшін 13,9 млрд. теңге бөлінді.

Өткен жылы өңірде 4 спорт нысаны мен 62 спорт алаңшасы қолданысқа берілсе, биыл 16 спорт нысанының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек.

Ал, аудан бойынша  жалпы 352 спорттық нысан жұмыс істесе, соның жалғасы ретінде бүгін ашылғалы отырған заманауи үлгідегі, спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген спорт кешені ел игілігіне қызмет ететін болады.

Салтанатты шарада Қарасу ауылының ақсақалдар алқасының төрағасы Бақыт Момаханов сөз алып, тұрғындар атынан ризашылығын жеткізді.

Жаңа нысанның лентасы қиылғаннан соң аймақ басшысы кешенді аралап, спортты серік еткен жасөспірімдерге сәттілік тіледі.

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Қордай ауданына жұмыс сапары барысында Қарасу және Сортөбе ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті.

Мемлекет басшысының «Барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес өткен кездесуге облыстық салалық басқарма және құқық қорғау органдарының басшылары да қатысты.

Алдымен, Қарасуда өткен басқосуда аймақ басшысы облыс деңгейінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

— Соңғы жылдары суармалы су тапшылығы мәселесінің өзектілігі сақталып отыр. Осы тұрғыда су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу маңызды болып отыр. Облыс орталығында тамшылатып суару және жылыжай кешендеріне арналған жабдықтарды шығаратын зауыт салу бойынша инвесторлармен жұмыстар жүруде. Сондай-ақ, ұңғыма қазу жұмыстарына да барынша көңіл бөлген дұрыс. Бұл ретте қазу шығындарын субсидиялау көлемін 80 пайызға дейін арттыру шаралары жүзеге асуда, — деген облыс әкімі ірі инвестициялық жобалардың маңынан жергілікті кәсіпкерлерге шағын жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсету қажеттігін баса айтты.

Бұдан бөлек, Қордай ауылында табысты жүзеге асып жатқан құс шаруашылығының тәжірибесін басқа да ауылдарға тарату керектігін жеткізді. Ербол Қарашөкеев мұндай шаралар жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға, тұрақты табыспен қамтуға мүмкіндік беретінін тілге тиек етті.

Кездесуде ауылдық округ әкімі Рая Жасыбаева есеп беріп, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлары туралы бөлісті.

Дәл осындай форматтағы кездесу Сортөбе ауылдық округінде де өтті.

Басқосуларда ауылдықтар өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, жауаптар алды.

Облыс әкімі көтерілген барлық мәселелер міндетті түрде назарға алынатынын, оларды тиісті заңнама аясында шешу бойынша жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді. Аймақ басшысы бірлік пен тұрақтылық болған жағдайда ғана нақты нәтижеге қол жететінін баса айтты.

Кездесулерден кейін Ербол Қарашөкеев бірқатар азаматтарды жеке қабылдады.

Бұдан соң облыс әкімі Сортөбе ауылындағы 75 адамға арналған полиция бөлімшесінің құрылысын көрді. Жұмыстардың сапалы әрі кестеге сәйкес мерзімде орындалуын бақылауда ұстауды тапсырды.

Нысан құрылысы ағымдағы жылдың соңына дейін толығымен аяқталады деп күтілуде.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.