ОТТЫ ЖЫЛДАР МӘҢГІ ЕСТЕН КЕТПЕЙДІ

0

Биыл 15 ақпанда Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің ауған жерінен шығарылғанына 34 жыл толды. Бұл қасіретті соғысқа 22 мыңнан астам отандасымыз қатысса, ауданнан 150-ден астам азамат аттанған. Жылдар жылжып өткенімен, сол бір зұлмат заманның жаңғырығы әлі де болса ұмытыла қоймағаны шындық. Сұм соғыс біреуді ұлынан, біреуді жарынан, енді бірін әкесінен айырды. Елден жырақта ерлікпен қаза болған жерлестерімізді еске алып, майданнан аман оралған отандастарымызға құрмет көрсету мақсатында жыл сайын түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.
Осындай шаралардың бірі жұма күні аудандық Мәдениет үйінде өтті. Қордай ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің ұйытқы болуымен өткен салтанатты жиынға аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, аудандық ауған соғысы ардагерлерінің төрағасы Д.Қырғызбаев бастаған жауынгер-интернационалистер және аудан жастары қатысты.
Ең алдымен шара қатысушылары қан майданда қаза тапқан қаруластарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Одан кейін сахнаға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Әлімбет шығып, бұл шараның мән-маңызын атап өтті: «15 ақпан – мейрамдайтын дата емес. Бұл күн жат жерде көз жұмған жерлестерді еске алу, рухына тағзым ету күні. Айналайын, жастар сендер осыны ешқашан ұмытпаңдар. Қазір ортамызда жүрген соғыс ардагерлерін сыйлаңдар. Еліміздің ендігі қорғаушысы өздеріңсіңдер. Осы кісілердің патриоттық сезімі, Отан алдындағы антқа адалдығы сендерге үлгі болсын»,-деді Б.Әбдікерімұлы.
Келесі сөз кезегін алған аудандық ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Д.Қырғызбаев: «Елімізде енді ешқашан соғыс болмасын. Біздің кеудемізге соғыс ордендері тағылса, өскелең ұрпақтың кеудесі тек «Еңбек ері» медаліне толсын»,-деп барлық ауған соғысы ардагерлерінің атынан алғысын айтты.
«Отты жылдар мәңгі естен кетпейді» тақырыбымен өткен шарада Қ.Батыров, Т.Абдрасилов, А.Фунтиков, Т.Османалиев, Б.Оспанов сынды Қордай ауылдық округтік ардагерлер кеңесінің мүшелері ауған соғысы ардагерлеріне арналған әндерін шырқап, «Ауған батырларына тағзым», «Нам не забыть Афганистан» атты өлеңдерін оқып, соғыс ардагерлерінің ерен ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.