ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛЕТІН БОЛАДЫ

0

21 желтоқсан күні «AMANAT» партиясының Қордай аудандық филиалының кезектен тыс ХL конференциясы өтті. Конференцияға «AMANAT» партиясы Қордай аудандық филиалының Саяси кеңесінің мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері, аудандық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері, партия ардагерлері мен белсенділері, «Жастар рухы» Жастар қанатының мүшелері қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес 2023 жылы партия филиалының алдында тұрған міндеттер туралы, «AMANAT» партиясының Қордай аудандық мәслихатындағы депутаттық фракциясының 2022 жылы атқарған жұмыстары және «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының кезектен тыс ХL конференциясына делегаттар сайлау туралы мәселелер қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші және екінші мәселелер бойынша «AMANAT» партиясы Қордай аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Мырзағали Күзербаев баяндама жасады.
-«AMANAT» партиясы Қордай ауданы бойынша 2021-2025 жылдарға арналған «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» Сайлауалды бағдарламаны іске асыру бойынша 87 тармақтан тұратын аудандық «Жол картасы» әзірленіп, іске асырылуда. Бекітілген 87 тармақтың ішінен «AMANAT» партиясының 2022 жылға арналған сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Жол картасында» 77 тармақты орындау жоспарланған, онда 11 айдың қорытындысы бойынша – 57 тармақ орындалды, орындау сатысында – 9 тармақ, 11 тармақ орындалмады. 2022 жылға межеленген 77 тармақтың орындалуы бойынша тиісті сала басшылары фракцияның және қоғамдық кеңестердің отырыстарында қаралса, ал қорытындысын партияның Саяси кеңесінің Бюро отырысының келесі жылдың ақпан айында отырысында тыңдау жоспарланып отыр, — деген Мырзағали Ыстыбайұлы филиал тарапынан іске асырылатын өзге де аса маңызды мәселелерге тоқталып өтті. Оның ішінде аудандық «Жол картасының» 11 тармағының орындалмауы бағдарламаны әзірлеген кезде аталған көрсеткіштерге аса көңіл бөлмегендігін және орындалуына бақылаудың жоқтығын көрсетеді. Сондықтан, болашақта «Жол картасының» орындалуы бойынша мекеме басшыларының ғана жауапкершілігін қарамай, осы салаға жауапты аудан әкімінің орынбасарларының жауапкершілігін қарау бойынша ұсыныс енгізілді.
Жұмыс орындарындағы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылы аудан бойынша салынып жатқан құрылыс нысандарына 4 партиялық пост ашылды, атап айтқанда Арал ауылындағы 180 орындық мектебі, Қарасай батыр ауылында спорт кешені ғимаратының құрылысы, Қарасу ауылында спорт кешені ғимаратының құрылысы, Қордай ауданының мемлекеттік архиві ғимаратының құрылысы. Қазіргі уақытта тек Арал ауылындағы 180 орындық мектебінің құрылысы аяқталып, партиялық пост алынып тасталды.
Ал қалған нысандардың құрылыс жұмыстарына 18 рейд жүргізіліп, анықталған кемшіліктер бойынша ұсынымдар берілді, — деген баяндамашы көпшілік көкейінде жүрген жер мәселесіне де ерекше тоқталып өтті.
— Қордай ауданында босалқы жер қорында 11780 га жайылым жерді елді мекендерге қосымша бекітіп беру жоспарланған, аталған бағыт бойынша ауданның босалқы жерлеріне түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Елді мекендер аумағына 5 шақырым радиустағы 23 461 гектар жайылым жерлерді мелекеттік мұқтаж үшін алу жұмыстары жүргізілуде. Заң талаптарын бұза отырып берілген жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша 17 жер пайдаланушы жалпы көлемі 1214 га жайылымдық жер учаскелері заңсыз берілгені анықталды, бүгінгі күнге 534 га жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.Одан басқа аудан тарапынан ауылшаруашылығы мақсатындағы жалпы көлемі 6364 гектар жер учаскесі мемлекеттік меншігіне қайтарылды, оның ішінде 5405 га жайылым, 872 га егістік және 87 га шабындық.
Өздеріңізге белгілі, ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында осыдан екі жыл бұрын пилоттық жобамен Жамбыл ауылында іске асырылған болатын, енді келесі 2023 жылы тұрғындардың табысын арттыру бойынша партияның «Ауыл аманаты» жобасы аясында Кенен ауылы енгізілді. Енді осы жобаның жүзеге асырылуына өз тарапымыздан көмегімізді беруіміз қажет, — деді Мырзағали Күзербаев.
Конференция барысында Қордай аудандық мәслихатындағы депутаттық фракциясының 2022 жылы атқарған жұмыстары жайында да көлемді баяндама жасалды. Ал, одан кейін кезек жарыссөзге берілді.
Конференция делегаттары, мәслихат депутаттары Қатира Увалиева, Эрик Құрымбаев және Қарлығаш Қыпшақбаеваларға сөз кезегі берілді.
-Аудандық депутаттық фракцияда фракция мүшелерімен партиямыздың бағдарламалық құжаттарын, мақсат-мүдделерін жүзеге асыру бойынша, «AMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты партияның сайлауалды бағдарламасынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жетінші шақырылған аудандық мәслихатындағы 19 депутаттың 16-сы «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясының мүшесі. Депутаттық фракция жоспарға сай осы күнге дейін өзінің отырысын өткізді. Онда «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауды талқылау, партияның Саяси Доктринасын талқылап, жүзеге асыру жолдарын қарастыру, аудандық мәслихаттағы фракция мүшелерінің есептерін тыңдау сияқты мәселелер қаралды.
Фракцияның жұмысы фракция мүшелеріне сайлаушылардан түскен ұсыныстар мен ескертпелерге және сайлауалды бағдарламаға негізделген. Әр депутат өз сайлауалды бағдарламасында ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, әлеуметтік салалардың дамуына көп көңіл бөлген және олардың орындалуын үнемі өз бақылауларында ұстайды, — деді жарыссөзге шыққан делегат Қарығаш Қыпшақбаева. Ал, делегат Эрик Құрымбаев «AMANAT» партиясының жұмысын жаңғырту мақсатында жүзеге асып жатқан партиялық жобалар тұрғындардың өмірі мен тұрмысын жақсартуға арналған. Әр жобаны сапалы орындау басты міндет екенін жеткізіп, осы бағытта Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев: «Партия популизмге салынып, орындалмайтын уәде бермегендігі жөнінде айтқан еді. Егер осылай жалғаса берсе, күдік күшейіп, адамдардың партияға деген сенімін жоғалтады. Ал бұл партияға кері әсерін тигізеді. Сол себептен біз сайлаушылармен кері байланысты күшейтіп, осы бағытта қоғамдық қабылдаулардың әлеуетін барынша пайдалануымыз қажет, – деген ойын ортаға салды.
Конференцияда қаралған үшінші сұрақ — «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының кезектен тыс ХХХ конференциясына делегаттар сайлау туралы ұсыныс бірауыздан мақұлданды. Осыдан кейін аудандық филиалдың атқарушы хатшысы М.Күзербаев жас мамандарды партияға салтанаттытүрде қабылдап, партия куәлігін табыс етті. Сонымен бірге, Түркия Республикасының Анталия қаласында өткен қол күресінен Әлем чемпионатында қола жүлдегер атанып келген Степное ауылының тұрғыны, жас спортшы Ерланұлы Мағжанды және анасы Сәрсенова Замираны партия атынан құттықтап, алғыс хаттарын табыс етті.
Дайындаған Ж.ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.