Қытайлық инвесторлар Қордайда болды

0

Инвестиция — игілік көзі екені анық. Бүкіл өңірдің экономикасын алға сүйреп, даму жолына түсіре алатын инвестицияны тарту үшін инвесторға  қаржы салатын аймақ тартымды болуы шарт. Өйткені, сапалы өнім, бизнес жасауға қолайлы шарттар түзілген жағдайда үлкен жетістіктерге жетуге болады.

Қордай ауданы қашанда сол инвесторлар үшін тартымды аймақтардың бірі саналып келген, әрі де солай болатыны анық. Жақында ауданымызға Қытай елінен бір топ кәсіпкерлер келіп, әсіресе ет бағытындағы жұмыстарға қызығушылық танытты. Олар аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев және кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарымен бірге қонақтарға «Первомайские деликатесы» ЖШС қасапханасын көрсетті. Голландиялық конвейерлермен жабдықталған қасапхананың жұмысы туралы серіктестік қызметкерлері түсініктеме берді. Күніне  120 ірі қара, 80 қой союға қауқары жететін қасапхананың қазіргі мүмкіншіліктері, алдағы жоспарлары жайында қызығушылық білдірген қытайлық қонақтарға түсініктеме айтылып, туындаған сұрақтар бойынша мамандар тарапынан нақты жауаптар да берілді.

Осыдан кейін аталмыш серіктестіктің шұжық цехына барған инвесторларға германиялық және швейцариялық осы заманғы жабдықтар орнатылған өндіріс орны көрсетілді. Онда шикізат сақтауға, дайын өнімдерді өткізуге арналған тоңазытқышты қоймалар назарға ұсынылды. Әрине, жетістік жолы туралы да қонақтарға түсініктеме берілді. Мемлекет қолдауымен өз жұмысын өрге дөңгелеткен серіктестік мұнда тәулігіне 13 тоннаға дейін өнім шығарып, бұрыннан тапсырыс беруші Алматы, Шымкент қалаларындағы ірі сауда орындары мен көрші Шу, Меркі және әрине, Қордай ауданының тұтынушыларына өнімдерін ұсынуда.  Ал өнімнің ассортиментіне келсек, ол саудадағы сұранысқа сай ысталған, қайнатылған, бұқтырылған түрде жүздеген аталымға дейін өзгеріп тұрады.

Қордайлық кәсіпкерлер жұмысына қанық болған қытайлық әріптестер үлкен қызығушылық танытты. Алдағы уақытта екеуара келісімге келіп жатса, қордайлық дәмді шұжықтар мен сапалы ет көрші Аспан асты еліне экспортталатынына сенім мол.

Leave A Reply

Your email address will not be published.