Сабын жасап, кәсіп ашқан

0

Қордай ауылының тұрғыны Еркебұлан Метхан осыдан бір ай бұрын кір сабын шығаратын шағын кәсібін ашқан. Ісін жаңадан бастаған жас кәсіпкердің жұмысымен жақынырақ танысу үшін арнайы кездескен едік.

Еркебұланның негізгі мамандығы – мал дәрігері, Ноғайбай ауылшаруашылық колледжінің түлегі. Оқуын аяқтап, Отан алдындағы борышын өтеп келген азамат тұрақты түрде табыс әкелетін кәсіп бастауға бел буады. Бұл істе оған жақындары ерекше қолдау көрсеткен. «Жеке ісімді бастамас бұрын ұзақ ойландым, ата-анаммен ақылдастым. Әсіресе, қайын атам көп қолдау көрсетті. Ол  кісі өзі кәсіпкер болғандықтан маған бағыт-бағдар көрсетіп, осы кәсіпті таңдауға кеңес берді. Кір сабын – үй шаруасында қолданылатын әрі бағасы да тиімді дүние. Сонымен қатар ол жазда өтеді, қыста өтпейді дейтін маусымдық тауар емес. Басқа заттармен салыстырғанда шығыны да аз. Осылайша саланы әбден зерттей келе кір сабын шығару кәсібін қолға алдым»,-дейді ол.

Жас кәсіпкер кір сабын дайындаудың әдісін Алматы қаласына барып арнайы үйреніп келген. Өз бетімен интернет желісінен көргені де бар. Көп ұзамай Өзбекстаннан 600 000 теңгеге сабынды нығыздап, пішініне келтіретін арнайы станок сатып алып, жұмысына үлкен құлшыныспен кіріседі. Айтпақшы, дайындаған өнімін Бішкек қаласындағы зертханадан өткізіпті. Яғни, өнім барлық талаптарға сай жасалады. «Кір сабынның құрамы өте қарапайым –малдың кәдімгі ішмайы мен өсімдік майынан және дайын химиялық қоспадан тұрады. Ішмайды сатып алып, өзім шыжғырамын. Сондай-ақ, дәмханалардан пайдаланылған өсімдік майының қалдығын аламын. Осы майларды қайнатып, қоспаларды қосып, ең алдымен жайма түрінде кептіріп қоямын. Ет тартқышқа ұқсас арнайы құрылғы бар. Екінші күні жайманы содан өткізіп аламын. Ол да бір тәулік тұруы тиіс. Сосын үшінші күні станоктың көмегімен пішініне келтіріп кесіп, дайын сабын қылып шығарамын»,-деп сабын дайындау әдісін түсіндірді.

«Алға» деген сауда белгісімен сатыла бастаған жергілікті өнімнің сапасы сырттан келетін сабындардан кем түспейді. Дүкен сөрелеріндегі өзге кір сабындардікіндей өткір жағымсыз иісі де жоқ. Іскер жігіт әр сабынды 200 теңгеден сатуда, ал көтерме бағасы – 180 теңгеден. Еркебұлан бастапқыда күніне 100-200 дана сабын дайындаса, қазір сұраныс артып, күніне 400 данаға дейін жасайды. Әзірге негізгі тұтынушылары – аудан тұрғындары. Кәсіпкер ірілі-ұсақты сауда нүктелерімен келісіп, өнімін өткізуде.

Еркебұланның сабын шығаратын бөлек цехы жоқ, әзірге кәсібін үйінің ауласында-ақ дөңгелетуде. Бойында күш-қуаты тасыған 24 жасар жігіттің бұл ісі «Бірдеңе істеу керек еді…» деп жүре беретін кейбір жандарға үлгі десек қателеспейміз. Бизнес әлеміндегі тәуекелдер мен кедергілерден қорықпайтын азаматтың болашаққа қойған мақсаты да айқын. «Кез келген жұмыс – береке бастауы. Ең бастысы ісіңе адал болып, талмай еңбектенуің қажет. Сонымен қатар, әр бастамаңды қолдайтын, саған сенім артатын жанұяң болғаны үлкен демеу. Келешекте кәсібімді кеңейтіп, кір сабынмен қатар сұйық сабын, антифриз, терезе-әйнек жууға арналған сұйықтық шығару ойымда бар»,-деп алдағы жоспарларымен бөлісті.

Кір сабын – жарнаманы қажет етпейтін тауар. Оның пайдасын ел бұрыннан біледі. Сондықтан, табиғи таза өнімге деген халықтың сұранысы артпаса, азаймасы анық. Ендеше жас кәсіпкердің жұмысына сәттілік тілеп, «Алға» атты отандық өнім алға бассын демекпіз!

Сәуле Мұхадинқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.