🎭
Көрермен сахнадан әсем костюм киген өнерпазды көреді. Ал сол бір жарқыраған образдың артында таңнан кешке дейін тынымсыз еңбек етіп жүрген жан бар. Ол – 17 жылдан бері аудан мәдениетінің сәні мен салтанатын сақтап келе жатқан Роза Мәрсінбайқызы.
Бүгінде аудандық мәдениет үйіндегі мыңдаған сахналық киімнің күтімі, сақталуы, жөнделуі мен сахнаға дайын болуы – бір ғана адамның мойнында. Ұлттық нақыштағы киімдерден бастап, би ансамбльдерінің күрделі костюмдері мен тарихи образдарға арналған сахналық киімдердің барлығына жанашырлықпен қарап, оларды көздің қарашығындай сақтап келеді.
Концерт аяқталған соң көпшілік тараса, Роза ханымның нағыз жұмысы басталады. Әр киімді жеке тексеріп, жуу, үтіктеу, қалпына келтіру жұмыстарын жасап, келесі сахнаға қайта дайындайды. Сөгілген жерін тігіп, бүлінген тұсын қалпына келтіріп, ескі костюмдерге жаңа өмір сыйлап жүрген ісмер жанның еңбегі ұжым үшін де, өнерпаздар үшін де аса құнды.