Қордай ауданы әкімдігінің мәжіліс залында, аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұлдың төрағалығымен Құрылтай депутаттарын сайлау науқанына дайындық барысы қаралды.
Кездесуге аудан әкімі аппаратының басшысы Айдын Байбек, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Асылбек Сырлыбаев, аудан әкімдігіне қарасты бөлімдер мен мекемелердің басшылары, сондай-ақ барлық ауылдық округ әкімдері қатысты. Күн тәртібінде сайлау науқанының ұйымдастырылу барысы, атқарылып жатқан жұмыстар және жауапты бөлімдердің міндеттері талқыланды. Жауапты сала басшылары дайындық жұмыстарының қазіргі жағдайы мен алдағы кезеңге жоспарланған іс-шараларды егжей-тегжей баяндап, сайлау процесін сапалы әрі заңға сай өткізуге қажетті шараларды атап өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Ақынғалиұлы өз сөзінде сайлау науқанының негізгі ерекшелігі – заң талаптарының қатаң сақталуы екенін ерекше баса айтты.
«Әрбір азаматтың конституциялық құқығын қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Сондықтан сайлау учаскелерінің барлығы белгіленген талаптарға сай болуы керек. Бұл заңдылықтың бұзылмауын және сайлаудың әділ өтуін кепілдендіреді. Сонымен қатар ұйымдастыру жұмыстары жүйелі, үйлесімді жүргізілуі тиіс. Әр бөлім мен ауылдық округ әкімдері өзіне жүктелген міндеттерді толыққанды орындауы қажет. Тапсырмалар нақты беріліп, олардың орындалуына қатаң бақылау жүргізіледі», – деді ол.
Жиын қорытындысы бойынша сайлау процесінің барлық аспектілерін жан-жақты қамтитын нақты тапсырмалар беріліп, олардың сапалы атқарылуын қамтамасыз ету үшін жауапты тұлғаларға бақылау міндеттемесі жүктелді. Мұндай жүйелі жұмыс сайлау науқанының ашық, жария түрде өтуіне және халықтың сеніміне негіз болмақ.
Барлық сала басшылары мен әкімдік қызметкерлері бірігіп жауапкершілікпен жұмыс атқарса, ауданымыздағы сайлау іс-шаралары жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қоғамның саяси дамуына оң әсер етеді.