Қордай ауданы әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев жұмыс сапарымен Отар ауылына барып, бірқатар маңызды нысандардың жұмыс барысымен танысты. Сапар барысында аудан үшін маңызы зор көлік инфрақұрылымы нысандарының бірі – Отар теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстарына ерекше назар аударылды.
Айта кетейік, Отар теміржол вокзалын жаңғыртуға бағытталған ауқымды жұмыстар 2025 жылдың мамыр айында басталған болатын. Жобаның басты мақсаты – жолаушыларға қолайлы жағдай жасау, вокзал қызметінің сапасын арттыру және нысанды заманауи талаптарға сәйкестендіру.
Қазіргі таңда қайта жаңғырту жұмыстарын «L-Вита Темп Stroy» ЖШС жүргізуде. Бүгінде нысанда монолиттік жұмыстар жүргізіліп, құрылыс жұмыстарының келесі кезеңдеріне дайындық жасалуда.
Нысанды аралау барысында Жұлдызбек Төленұлы құрылыс жұмыстарының қарқынымен танысып, мердігер компания өкілдерімен жобаның орындалу барысын талқылады. Әңгіме барысында құрылыс нормалары мен қауіпсіздік талаптарын сақтау, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық берілді.
Аудан әкімінің орынбасары мердігер тарапына бірқатар ұсыныс-ескертулер айтып, құрылыс жұмыстарын сапалы орындаудың және нысанды белгіленген мерзімде аяқтаудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар құрылыс конструкцияларының беріктігіне, қауіпсіздік талаптарының сақталуына және вокзал ғимаратының заманауи стандарттарға сай болуына ерекше назар аударуды тапсырды.
Жаңғырту жұмыстары толық аяқталған соң Отар теміржол вокзалы жолаушыларға қызмет көрсету сапасы жоғары, заманауи әрі жайлы нысанға айналмақ. Жаңарған вокзал тұрғындар мен аудан қонақтары үшін қолайлы жағдай қалыптастырып, Қордай ауданының көлік инфрақұрылымын дамытуға өзіндік үлесін қосады деп күтілуде.