САПАЛЫ БІЛІМ БЕРУ – МІНДЕТІ

0

Өткен аптада Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының мәжіліс залында аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков өткен жылы атқарылған жұмыстары бойынша есеп берді. Жиынға аудан мектептерінің директорлары қатысты.

Өз баяндамасының басында ұрпағымыздың жарқын болашағы үшін сапалы білім алудың маңыздылығына кеңінен тоқталып өткен Санат Әшірбеков, сол білім және тәрбиені оқушыларға беруде адал еңбек етіп жүрген ұстаздардың біліктілігі жөнінде де әңгіме қозғады. Осы бағытта ауданымыздың педагогтерімен жыл бойы әдістемелік кеңестер, практикалық семинарлар, әдістемелік десанттар, жас мамандарға арналған үйрету семинарлары, әлеуметтік желілерге жүктелген заманауи сабақтар топтамасы барлығы 233  аудандық, облыстық, республикалық деңгейде іс-шаралар өткізіп, әріптестік кәсіби орта қалыптастырылды. Осы ретте білім бөлімінің басшысы түрлі облыстық және республикалық байқауларда өз кәсібилігін көрсете білген ұстаздардың жетістіктерін де тізіп өтті. Сонымен қатар, оқушылардың да жетістіктерін және ҰБТ-дағы көрсеткіштерді де атап өткен Санат Әшірбеков үйірмелердің жұмысына да тоқталды. Жалпы, ауданымызда 47 жалпы білім беретін мемлекеттік мектеп, 20 жекеменшік мектеп, 19 мемлекеттік, 52 жекеменшік  мектепке дейінгі ұйым, 9 қосымша білім беру мекемесі бар екен. Ендігі кезекте сол мектептердегі оқулықтармен мен кабинеттермен қамтамасыз ету, оқушылардың киім-кешекпен, тегін ыстық тамақпен қамтылуы, білім ошақтарындағы күрделі жөндеу жұмыстары жайы да тарқатылды.

Ұстаздардың ата-аналармен қарым-қатынасын нығайту жұмыстары да жөнге қойылған. Мәселен, «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтарында» бүгінгі күнге дейін 904 сабақ өткізіліп, оған 19707 ата-ана қатысты. Ал, «Даналық мектебі» клубы: «Аталар мектебі», «Әжелер мектебі», «Ағалар мектебі», «Жеңгелер мектебі» балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес құрылған жоспармен жұмыс атқарып, ата-аналар 72 сабақ өткізіп, оған 9927 ата-ана қамтылды. Сондай-ақ, мектептердегі қауіпсідік мәселесі, жайсыз отбасылардағы балалар тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу, мектептердің заманауи құрылғылармен жабдықталуы сынды мәселелер де білім бөлімі басшысының есебінде айтылды.

Баяндама соңында Санат Әшірбеков осы жылғы жоспарларды тізіп өтіп, Президенттің сапалы білім беру тапсырмасының орындалуы барша ұстаз қауымының міндеті екенін атап өтті. Есеп соңында жиынға қатысушылар өздерінің сұрақтарын қойып, білім бөлімінің басшысы әрқайсысына тұшымды жауабын берді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.