САУЛЫҚ САҚТЫҚТА

0

ПАНДЕМИЯНЫ ЖЕҢУДІҢ ЕҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ –
ВАКЦИНАЦИЯ
Сәрсенбі күні Қордай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі «12-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге және жүкті әйелдер мен бала емізетін әйелдерге коронавирус індетіне қарсы Pfizer вакцинасын салдыру» тақырыбында баспасөз конференциясын өткізді. Онлайн форматта өткен конференцияға Қордай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы эпидемиологиялық бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Мадина Молдабекова қатысып, көрермендер тарапынан түскен сауалдарға жауап берді. Көрермендердің бірі вакцина салдырғаннан кейін адам ағзасында қандай өзгерістер болатыны және не үшін екі рет екпе алу қажеттігі жайында сұраса, енді бірі короновируске қарсы екпе алмаған баланы мектепке немесе балабақшаға қабылдай ма деген сауал жолдады. Көпшіліктің көкейінде жүрген өзге де сұрақтарға тұшымды жауап берген Мадина Жексенбекқызы еліміздің әр азаматы тек өзін ғана емес, жалпы ұлттың саулығын көздеп, жақындары үшін жауапкершілікті сезінуі керектігін баса айтты. «Әлемдік пандемияны жеңудің ең тиімді жолы – вакцинация. Қазіргі уақытта ҚР бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес, Жамбыл облысында 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерді, сондай-ақ 16-37 апта мерзіміндегі жүкті әйелдер мен бала емізетін әйелдерді Pfizer компаниясының «Комирнати» препаратымен вакцинациялау науқаны жүріп жатыр. Бүгінгі күнге аудан бойынша Pfizer вакцинасының бірінші компонентін жалпы 912 азамат салдырды, оның ішінде 750-і 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдер, 112-сі жүкті әйелдер және 50-і емізулі әйелдер. Ал вакцинаның екінші компонентін 18 азамат салдырды. Оның ішінде 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдер саны – тоғыз, жүкті әйелдер – екеу және емізетін әйелдер – жетеу», – деді бөлім басшысы.
Еске сала кетсек, жалпы қарсы көрсетілімдерден басқа, жүкті әйелдерге аллергиялық реакциялар, жедел қызба жағдайлары кезінде, сондай-ақ жүктіліктің ауыр асқынулары – эклампсия, қан кету және басқа да жағдайлар кезінде вакцинация жүргізілмейді. Егер жүкті әйел жүктіліктің 35-37 аптасында КВИ-ге қарсы вакцинацияның бірінші дозасын алса, онда вакцинаның екінші дозасы босанғаннан кейін 42 күннен кейін енгізіледі.
«Комирнати» вакцинасын (Pfizer, АҚШ) қолдана отырып, КВИ-ге қарсы вакцинацияны және ревакцинацияны алу туралы деректер КВИ-ге қарсы вакцинаның барлық алынған дозаларын рет-ретімен (егу жүргізілген күн, вакцинаның атауы, сериясы, өндіруші ел, доза) көрсете отырып, «Вакцинация» Модулінің ақпараттық жүйесінде көрсетіледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.