Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Шанхайға жұмыс сапарымен барды Ертең Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізеді. Бұдан бөлек, қытай компанияларының жетекшілерімен дөңгелек үстел өтеді. 17 шілде күні Президент Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына (WAIC) қатысады. Жиын «Жарқын болашақ үшін жасанды интеллект саласындағы серіктестік» тақырыбына арналып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың жетекші компаниялары басшыларымен кездесті. ҚХР бизнес өкілдерімен «дөңгелек үстел» форматында өткен кездесуде Президент қытайлық серіктестерге шынайы ризашылығын білдіріп, Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық әріптестікке жоғары баға берді.
– Екіжақты байланыстарымыз бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. Біз Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының жаңа «алтын отыз жылдығына» бірге қадам бастық. Елдеріміздің ықпалдастығы мүлде жаңа сапалық деңгейге шықты деп айтуға болады. Халықтарымыздың арасында өзара сенім, шынайы достық және болашаққа деген ортақ ұстаным бар. Орайлы сәтті пайдалана отырып, елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға өлшеусіз үлес қосқаны үшін қадірлі досым, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырзаға зор алғыс айтқым келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қытай Қазақстан экономикасына 30 миллиард доллардан астам инвестиция салды» Мемлекет басшысының айтуынша, жоғары деңгейдегі саяси сенім сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге берік негіз қалайды.
– Былтыр екіжақты сауда көлемі 49 миллиард долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қытай Қазақстан экономикасына 30 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Қазір Қазақстанда қытай капиталы бар 8500-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде CNPC, CITIC және Huawei сияқты ірі компанияларды атап өту қажет. Біз Қытай бизнес өкілдерінің Қазақстан экономикасын жаңғыртуға сүбелі үлес қосып жатқанын жоғары бағалаймыз. Өткен жылдары елдеріміз көптеген маңызды жобаны бірге табысты жүзеге асырды. Соның нәтижесінде жұмыс орындарын аштық, озық технологияларды енгіздік және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығымызды нығайта түстік. Бүгін де жаңа стратегиялық жобаларды бірлесе іске асырып жатырмыз. Атап айтқанда, Sinopec компаниясымен ірі газ-химия кешені, Fufeng Group компаниясымен жүгеріні терең өңдеу зауыты, Lihua Group компаниясымен заманауи мақта-тоқыма кластері құрылысын қолға алдық. Қытайдың автокөлік кәсіпорындары Қазақстанда өндіріс орындарын аша бастады. Мысалы, елімізде HOWO, Yutong және JAC брендтері шығарылады. Былтыр Changan, Great Wall Motor, сондай-ақ Chery мультибрендті автомобиль өндірісі іске қосылды. Бұл жобалар біздің екіжақты әріптестігіміз инновацияға, озық технология мен өнеркәсіпті жаңғырту ісіне негізделіп отырғанын көрсетеді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық ғылым мен инновация орталықтарының бірі саналатын Шанхай қаласындағы Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясы қарсаңында бас қосудың символдық мәні зор екенін айтты Сонымен қатар қатысушыларға Қазақстанның цифрлық трансформацияның басымдықтарын таныстырып, технологиялық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына тоқталды. Президенттің айтуынша, Қазақстан жасанды интеллектіні болашақ экономикалық өсімнің басты факторларының бірі ретінде қарастырады, сондай-ақ халықаралық инвесторларды тарту үшін заманауи цифрлық инфрақұрылым жасақтауда.
– Екібастұз қаласындағы Data Center Valley жобасына ерекше тоқталғым келеді. Бұл – еліміздің бірегей стратегиялық бастамасы. Аталған жоба Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия цифрлық инфрақұрылымының негізгі тірегі болады деп санаймыз. Басты мақсат – деректерді өңдеу орталықтарын, бұлтты сервистерді және жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға арналған халықаралық деңгейдегі платформа қалыптастыру. Инвесторларға толық жабдықталған алаңдар, заманауи инфрақұрылым ұсынылады. Олар тұрақты электр қуатын пайдаланып, арнайы инвестициялық режим аясында жұмыс істей алады. Алайда, осы бағыттағы ауқымды шаруа деректерді өңдеу орталықтарын салумен шектелмейді. Біз біртұтас инновациялық экожүйе қалыптастыруды көздеп отырмыз. Сол арқылы суперкомпьютердің қуаты, жасанды интеллект зертханалары, ғылыми-зерттеу ұйымдары, білім беру бағдарламалары, стартаптар мен экспортқа бағытталған цифрлық қызметтер бір арнаға тоғысады. Біз қытайлық серіктестерімізбен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайта түсуге мүдделіміз, – деді Мемлекет басшысы.