«СКАНДАЛ»

0

Кенен атамыздың бала күнгі  әзілмен өрілген «Көкшолақтан»  бастап талай күлдіргі әндері де болды. Ақын өзінің немесе өзгенің басынан өткен  оқыс қызық жайларды   әсірелеп  өлеңге айналдырып  отырған.  Сондай бір оқиғадан туған: «Мәскеуде адасқанда» өлеңінің шығу тарихы  да қызық.

 «…Мен дағы күтіп тұрдым трамвайды

Трамвай адам салмай жүре алмайды

Халықты айнасынан сығалатып

Сұлудай сылаң қағып бұраңдайды.

 Бір адам итермелеп жығып кетті

Жығылып үш ұмтылдым, тұрайын деп

Трамвай сылдыр етіп жүріп кетті

Ішіме қорқу түсті уайым жеп,

Ұялдым сақалымнан көп ішінде

Артынан балаларша жылайын деп…»

Осы әннің шығу тарихы Әбдіқадыр Жүргеновтың естеліктер кітабында жазылған екен. Ә.Жүргенов  1966 -1975 жылдар аралығында Қордай аудандық атқару комитетінің төрағасы болып  қызмет атқарған,  осы тоғыз жылда ауданда өзі қатысып куә болған көптеген  тарихи деректерді естелік етіп жазып қалдырған. Ал, әлгі Кенекеңнің «Мәскеуде адасқанда», яғни, «Скандал» деген әнінің шығу тарихы туралы былай дейді:

«…Бірде аудандық партия комитетінде болған мәжілістен кейін түскі асқа үйге барғаным сол еді, біреу телефон шалып:

— Сіздің кабинетіңізде Кенекеңді біреу қамап кетіпті, шыға алмай терезені тарсылдатып айқайлап тұр, — дейді.

Желдей есіп ауаткомға келсем, шынында да, Кенекем кабинетімнің терезесін қағып тұр. Есікті ашып, сәлемдескеннен кейін білгенім мынау еді.

Мен жоқта Кенекең қабылдау бөлмесіндегі қыздан:

— Төраға қайда? – деп жөн сұрапты.

— Аудандық партия комитетіне кетті, қазір келіп қалар, — деп қыз білгенін айтады.

-Онда мен есік алдында шоқшимай кабинетінде күтейін, — деп Кенекең ішке кіріп отырады. Сол бойда кабинетте кісі барын қыз тарс есінен шығарып, түскі тамаққа кетеді.

Ары-бері отырып зеріккен соң, Кенекең сыртқа шығайын десе есік жабық.Телефонмен хабарлайын десе, ешкімнің нөмірін білмейді. Сонан соң терезені тоқылдатып, ары-бері өткен адамдарға айқайласа керек. Соның біреуі маған хабарлапты.

-Бұл екінші «скандал» болды ғой, — деп күлді Кенекең… Ал, біріншісі былай болған екен…

1943 жыл. Соғыстың өршіп тұрған кезі. Қазақстаннан Мәскеуге концерт қоюға бір топ әртістер мен ақындар барады. Ол кезде кешқұрым Мәскеу тастай қараңғы. Шам жанбайды. Трамвайларда ине шаншар орын болмайды.Қала халқының жау қайтарғандай қысылып жүретін әдеті. Бәрі асығыс. Бір қорғаныс заводының жұмысшыларына концерт беріп, енді «Москва» қонақ үйіне қайту үшін қазақстандықтар өткен екі-үш  трамвайға бөлініп мінеді. Кенекең сыймай аялдамада қалып қойыпты.

Барар жерін білмейді. Орыс тілінен мақұрым. Кенекең қатты сасады. Аялдамада тұра-тұра күн батып, қас қараяды. Көшенің арғы бетіндегі өлеусіреген жарыққа қарай аяңдайды. Жөн сұрайын деп әлгі үйдің есігін қағады. Есікті ашып, табалдырықтан аттай бере: «Скандал!» деп айқайлап жіберіпті. Үйде айнаға қарап, шашын тарап тұрған бойжеткен қыз селк етіп, жалт қарайды. О, сұмдық! Ақ сақалды, қолында нән «гүрзісі» бар (домбыраны солай деп қалса керек) шалды көргенде шалқасынан түсіпті. Кенекең сасқанынан қызды барып көтерейін десе, есін жиған қыз жылан шағып алғандай шыңғырып, далаға тұра кеп қашады… Ақай-шуға көрші-қолаң өре түрегеледі. Кекселеу бір әйел болған жайды бірден  түсінеді. Қазақстаннан мәдениет делегациясы келгенін, олардың «Москва» қонақүйінде жатқанын біледі екен. Кенекеңді жатқан жеріне ертіп апарады. Бөлмесінің есігін ашып, делегация басшысы Есмағанбет Ысмайыловты көргенде Кенекең қуанғаннан айқайлап жіберген екен. Ертіп келген әйелге концерттен алған сыйы – үш метр шайы матасын беріп тұрып Кенекең «Скандал, алда разы болсын!» деп шығарып салыпты. Кенекеңнің «Скандал» деген өлеңі содан шыққан екен»

Ә.ЖҮРГЕНОВ, «Жел өтінде өскен бір ұлыңмын», 238-бет

Leave A Reply

Your email address will not be published.