Қордай ауылшаруашылық колледжінде ерекше әрі қайырымы мол шара ұйымдастырылды. Оқу орнының директоры Дәурен Кенжебеков, директордың өндірісте оқыту ісі жөніндегі орынбасары Жанна Копбаеваның ұйытқы болуымен «Ең үздік практикалық жұмыстардың» арнайы жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкенің негізгі мақсаты колледжде оқитын білімгерлердің өз мамандығына деген қызығушылықтарын арттыру, теориялық білімдерін практикамен ұштастыру болды. Жәрмеңкеге колледждің өндірісте оқыту шеберлері және екінші, үшінші курстардың білімгерлері қатысып, өз шеберліктерін ортаға салды. Атап айтсақ өндірісте оқыту шеберлері А.Шукибаев, А.Нүсіпов, В.Иванов, Р.Кылышбеков, А.Арипов, Н.Мақсұт, Д.Сатенов, Р.Таймурзаев және «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша оқитын білімгерлер Захар Берников, Дмитрий Кушнаров, Руслан Абих, «Мал дәрігері» мамандығы бойынша оқитын Абдіқай Дінмұхамбет, Мирас Атембек, Нұрбек Тұрғын, Владислав Чесноков, Гүлбике Чайдильдин және т.б. қатысты. Жәрмеңкеде білімгерлер өздерінің жасаған заттарын, отырғызған ағаш көшеттерін, колледжде ұстап жатқан бөденені және бөдененің жұмыртқасын ауыл тұрғындарына қолжетімді бағамен саудаға шығарды. Жәрмеңкеден түскен 100000 теңге су тасқынынан зардап шеккен отандастарға қажет заттарды алуға жұмсалды.
-Колледж студенттерінің қолынан шыққан дүниелерін саудаға шығарып, одан түскен қаржыға қажетті заттар алынып, бүгінгі таңда су тасқынына байланысты қиын жағдайға душар болып жатқан аймақтарға жіберілді. Бұл әрине, «Қарлығаштың қанатымен су сепкендей» болса да көмек. Дей тұрғанымен де, барлығы шын жүректен жасалғанын айтып өткіміз келеді, — дейді оқу орнының басшысы Дәурен Кенжебеков.