Жуырда редакцияға аудан орталығының тұрғындары хабарласты. Олардың бүгінгі жастарға деген ризашылықтары мен қуаныштарын ескерусіз қалдыра алмадық.
«Жастар қоғамның қозғаушы күші ғана емес, табиғат қорғаушысы. «Береке» колледжі студенттерінің табиғатты аялаудың үлгісін көрсеткен сайын осыған көз жеткіземін, – дейді зейнеткер Ольга Лущенко. -Жігіттер мен қыздар әр сенбі сайын аумақты тазалауға шығып тұрады, жақында орталық канал бойындағы қоқыстарды, құрғақ шөптерді, қураған ағаш бұтақтарын алып тастады. Әрине, жергілікті тұрғындар да бұдан тыс қалмады. Студенттердің еңбекқорлығы мақтаныш сезімін ұялатады».
«Жастарымыз үшін табиғатты аялау жай сөз емес, болашаққа деген шынайы қамқорлық екенін көріп отырмыз, — деп бөлісті өз пікірімен тағы бір қордайлық Вера Прудникова. — Бұл «Береке» білімгерлері шарасы жай сенбілік емес, бұл экологиялық сананы, патриотизмді және туған жерге деген қамқорлық сезімін тәрбиелеуге бағытталған маңызды бастама».
Жастар қоғамның қозғаушы күші ғана емес, табиғат қорғаушысы. Әрбір жас, әрбір отбасы қоршаған ортаны қорғауға өз үлесін қосуы керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз. Қоршаған ортаны қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы», – деп атап көрсетті.
Ольга Васильевна мен Вера Александровна колледжге арнайы барып, үлгілі ұрпақ тәрбиелеп отырған директор мен оқытушыларына, ал жастарға табиғатқа деген адалдығы үшін жеке алғыстарын білдіруді ойластырғандарын атап өтті. Дегенмен, олар студенттердің қамқорлығын жергілікті газет арқылы жеткізіп, үлгі етуді жөн көріпті.
Еске сала кетейік, мұндай іс-шаралар өңірде тұрақты түрде өткізіліп, жастардың белсенді қатысуы қоғамның экология мәселесіне деген көзқарасының оңды өзгергенін көрсетіп келеді.