Табыс табамын дегенге тамаша мүмкіндік

0

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы гранттық қаржыландыру бағдарламасы елімізде қарқын алды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында мыңдаған адамдар жеке істерін ашып, жаны қалаған жұмысымен айналысуда.

Қордайлық іскер азаматтар да осы бір тамаша мүмкіндікті пайдаланып, жұмыстарын жандандыруда. Мемлекеттік қолдауға ие болған жандардың бірі Қордай ауылының тұрғыны Қайрат Қоқымбаев. Қайрат Еркебекұлы көп салада жұмыс істеп көріп, бірқатар мамандықтарды игеріп үлгерген. Жүргізушіден бастап құрылысшы, телемастер, электрик болып та қызмет жасаған. Жеті өнерді бойына жинаған кейіпкеріміз әсіресе техникаға бейім. Бішкек қаласында оқып, телемастер мамандығын алып шыққан. Сол арқылы табыс тауып, елдің алғысын алып жүрген азамат. Жуырда өзін-өзі қамтығандарға арналған мемлекеттік көмек туралы естіп, бағын сынап көруге бел буады. Жұмыспен қамту орталығына барып, автоэлектриктер курсын оқып, жеке ісін ашуға қайтарымсыз грант алды. Грант ретінде алған 500 мыңнан астам ақшаға ол көлікке диагностика жасайтын компьютер және өзге де қажетті құралдарын алып, бүгінде автокөлік иелеріне қызмет көрсетуді бастап кеткен. Әкесіне телекоммуникациялар саласы бойынша инженер мамандығын алған ұлы қолғабыс етуде. Сонымен бірге әкесі мен ұлы көлік қозғауыштарын жөндеумен де айналысуда. «Тапсырыстар түседі. Көріп тұрғаныңыздай екі көлікті жөндеу үстіндеміз. Жұмыс алға басатынына сенімдіміз. Осындай қолдау үшін мемлекетімізге үлкен рақмет», — дейді Қайрат Еркебекұлы. Көлік жөндеуге ыңғайлы болу үшін кәсіпкер арнайы бастырма салып, жөндеу жүргізетін алаңды бетондап қойған. Қайраттың қосымша қызметкерлерді тартып, ісін кеңейту бойынша жоспарлары да жоқ емес.

Серғазы Манасбаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.