ТАТУЛАСТЫРУ РӘСІМДЕРІ

0

Тараптардың татуласу тәртібі мен оның құқықтық салдары Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай мәтін бойынша – АПК) 17-тарауында көзделген.

 

Яғни, тараптар туындаған дауды (жанжалды) татуласу келісімі арқылы, медиация тәртібімен немесе партисипативтік рәсімдер тәртібімен, не АПК-да белгіленген тәртіппен өзге де тәсілдерді пайдалана отырып, өзара талаптың толық көлемінде не бір бөлігінде реттей алады.

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының бастамасымен Республиканың барлық соттарында «Сотқа дейін, сотта татуласу» төңірегінде пилоттық жоба іске қосылды. Бұл жоба бітімгершілік рәсімдердін қолдану аясын кеңейтіп, істерді қарау мен шешуде тараптардың уақытын және қаржылай шығынын үнемдеу, сот жүктемесін азайту мақсатында іске асырылуда. Бітімгершілік рәсімдері мұрагерлік, некені бұзу, мүліктік даулар бойынша, тұрғын үйді ұстауға байланысты шығындарды, банктік несие бойынша берешекті өндіру, сондай-ақ, кейбір еңбек даулары және басқа да санаттағы даулар бойынша қолданылады.

Осы пилоттық жоба аясында, сот медиациясы да жүзеге асырылуда. Яғни, бітімгершілік рәсімдерді жүзеге асыратын судья екі тарапқа да тәуелсіз, бейтарап тұлға және сот медиациясын өткізу — ол медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік, құпиялылық, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес келуі қағидалары негізінде іске асырылады.

Егер, осы кезге дейін татуласу рәсімдері тек кейбір санаттағы азаматтық және қылмыстық істер бойынша жүзеге асырылған болса, қазіргі таңда, 2019 жылғы 27 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы негізінде медиация тәртібімен татуласу мүмкіндігі әкімшілік құқық бұзушыға да тиесілі.

Аталған заңмен отбасы — тұрмыстық қатынастар аясындағы, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, ұрып — соғу төңірегіндегі әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша медиацияны қолдану мүмкіндігі туды. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 64-бабы «1-1 бөлігімен» толықтырылып, егер осы кодекстің 73, 73-1 немесе 73-2-баптарында көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтарды алғаш рет жасаған адамдар жәбірленушілермен, арыз берушімен, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтірген зиянды өтесе, олар әкімшілік жауаптылықтан босатылуы мүмкін.

Бұрын бабаларымыз екі жақты татуластыру үшін Билердің көмегіне жүгінген. Осы тұрғыда Республика соттарының бастамасымен әр аймақта Билер кеңесі құрылып, медиация кабинеттері ашылып, сонымен қатар, некеден ажырасу фактілері де азаймай тұруына байланысты, жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен жанұя кеңесі де жұмыс жасауда.

 

К.Берденов, Қордай аудандық сотының судьясы  

Leave A Reply

Your email address will not be published.