«ТАУЫ ДА АЛТЫН ҚОРДАЙДЫҢ, ТАСЫ ДА АЛТЫН»

0

Желінен қуат, жерінен алтын өнген, толқын-толқын тарихтың қатпарлы бетінде өзінің ізгілікті ізін тоғыз жолдың торабында жасап отырған Қордай ауданына 95 жыл. Күні кеше қордайлықтар оны «Мәдениет – асыл қазынам» атты Қордай ауданының мәдениет күндеріне орайластыра атап өтті.  Қонағы мен көрерменін тәнті етіп, талай адамды тамсандырған келелі шараны облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай, Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков, сондай-ақ, бір топ зиялы қауым өкілдері бірге тамашалады.

 Осы күні негізгі мерекелік шара орталық стадионда ұйымдастырылды. Ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, үлкен сахна қойылып, халық серуені мен мерекелік сауда-саттыққа да орын берілді. Жиналған көпшілік алдымен көкөністен жасалған көрмені тамашалады. «Тауы да алтын Қордайдың, тасы да алтын» атты атпен ашылған,  ерекше оюлап жасалған көрменің көркі анадайдан көз тартады. Нәсібін жерден терген ағайындардың биыл алған өнімінен жасалған көрменің көркіне таңданып, дәміне тамсанғандар аз болмады. Жанында тұрып естелікке суретке түсіп жатқандары қаншама.  Қордай ауданынан шыққан танымал тұлғалардың өмір жолы мен жетістіктері турасында сыр шертетін фотогалерея көпшілік назарына ұсынылды. Галерея жанында Гвардейский гарнизонына келген әскери үрмелі аспаптар оркестрінің орындауында патриоттық музыкаға аса ден қойылған. Жанды муыканың әуеніне қызыққандар тапжылмай тыңдап тұрды.

Ал, анадай жерде «Шынықсаң шымыр боласың»  атты спорт ойындарынан жарыстар өтіп жатты. Қордай жері халықаралық дәрежеде ел намысын қорғайтын небір мықты спортшыларға бай. Марат Мәзімбаев бастаған былғары қолғап шеберлері, Светлана Голендова сынды желаяқ қыздарымыз, жауырыны жерге тимеген апайтөс балуандарымыз талай шаршы алаңда, боз кілемде ел намысын абыроймен қорғап, көк туымызды қалықтатып, әнұранымызды шырқатқан.  Солардың лайықты жалғасы – жас буын бүгінде шымыр болудың сырын ұғып, намысты қолдан бермейтін дәрежеде түрлі сайыстарда сайыпқыран екенін дәлелдеп бағуда. Солар жиналған көпшілік алдына өз өнерлерін ортаға салды. Тоғызқұмалақ, асық ату, қазақ күресі сынды ұлттық ойын түрлерінен де арнайы спорттық шаралар өтті.

Қордайда дүбірлеген той бағдарламасының келесі бөлімі «Мәдениет мәйегі» деп аталды. Қатарласа тігілген боз үйлерде  дастарханын молынан жайып, қымыз-қымыранын сапырған қазақ елінің салт-дәстүрлеріне аса мән берілген.  Ән мен күй, терме төгіліп, жастары алтыбақан тепкен орталық мүшелері қазақи ғұрыппен қонағына бауырсағы мен қымызын ұсынды. Әжелер жүн түтіп, тіпті келген қонақтарға тұсау кесер ғұрпына қатысуға мүмкіндік туды. Жас сәбидің тұсауы ауданның 95 жылдығы аясында кесіліп, қадірлі қонақтар батасын алды.

Қатарласа тұрған боз үйлерде  қолөнершілердің қолынан шыққан ер-тұрмандар, жалпы ат әбзелдері, домбыралар,  атақты мүсінші Өжет Нүсіпбаевтың теріден жасаған бұйымдары үлкен қызығушылығын тудырды. Ал, аудандық тарихи өлкетану музейі, Әлжан ана ауылдық музейі және Кенен Әзірбаев әдеби мемориалдық музейі әкелген жәдігерлер жанында тұрып суретке түсіп, қызығушылық танытқандар қарасы өте көп болды. Олардың әрқайсысы бойынша мамандар түсініктеме беріп отырды. Атап айтқанда көрмеге қазақтың ақиық ақыны әрі сазгер Кенен Әзірбаев,  қазақ қыздарының ішінен шыққан тұңғыш дипломат Балжан Бөлтірікова,  қазақтан шыққан тұңғыш генерал-майор Нұрғали Смағұловтардың құжаттары мен жеке заттары қойылған болатын. Солардың ішінде шоқтығы биік дүниелер де аз болмады. Ол – атақты Абылай ханның Өтеген батырға сыйға тартқан шұбар тегенесі еді. Ағаштан ойып жасалған жәдігер арада ғасырлар өтсе де сыры кетпеген дүние. Бүгінде ауданымыздағы Өтеген батыр ұрпақтарының қолындағы құнды зат сол күні көрермен көзайымына айналды.

Орталық стадионның бір бөлігі осы күні ерекше көз тартып тұрды. Онда «Арбат» мәдени аллеясында  ауданымыздың қолөнершілері, суретшілері дүниелері қойылып, өнерпаздар күй төгілтіп, көңілді думанды бастап берді.

Көрмені тамашалап болған көпшілік осыдан кейін стадионның қақ ортасынан орын тепкен еңселі сахнада жиналған қауымды аудан әкімі Бегзат Болатбеков құттықтады.

-Аудан тарихы оның мәдениетімен астасып жатыр, өйткені тарих пен мәдениет — егіз ұғым! Соның куәсі — бүгін баршамыз «Мәдениет — асыл қазынам» атты аудан күні мерекесінде жиналып отырмыз. Иә, өткенді білмей, болашаққа бағдар жасау мүмкін емес. Бір ғасырға жуық өңіріміздің өткені тағылымды тарих болса, бүгіні әл-ауқаты артқан, сәні мен салтанаты жарасқан, ұлтаралық бірлігі бекем, құт қонған мекен. Жалпы, қай жағынан алып қарасақ та,  Қордай —  киелі мекен, Қордай – іргелі мекен, Қордай – келешегі кемел мекен.  Қордай елі — қызыр дарыған, өнері өрістеген ел, — деген Бегзат Сейсенқұлұлы ауданымыздан шыққан небір алыптар турасында айта келе, қазіргі таңда Қордайда қолға алынып жатқан жүйелі жұмыстар турасында жеткізіп, ауданымыздың тарихы мен мәдениеті алдағы уақытта да елеулі оқиғалармен, табысты жобалармен, жеңісті жолдармен толығатынына сенім білдірді.

Осыдан соң концерттік бағдарлама бастау алып, аудандық Мәдениет үйі, балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы бастаған, әр ауылдағы өнерпаздар қоштаған мерекелік концерт театрландырылған бағдарламамен шымылдығын ашты. Қазақ хандығының іргесі қаланған тұстан бастап бүгінгі күнге дейін талай белестерді бағындырып, бірлігі мен елдігін, ырысын сақтаған Қордай елінің, жерінің тарихы туралы тамаша сахналық көрініс көпшілікке тамаша әсер берді. Қилы замандардан өтіп, талай тарихи оқиғаны бастан кешкен аймақтың батырлары мен күміс көмей жыршылары, өнерпаздары, ел бастаған көсемдерін әспеттеген көрініс, бірнеше ұлт өкілдері біте қайнасқан Қордай жерінің бауырмалдығын да дәріптей кетуді ұмытпады.

Қоңыраулатқан күймесі бар, ботасын ерткен түйелерді жетектеп келген керуенді осы күні көрген де арманда, көрмеген де арманда. Олардан соң орталыққа «Азия» деп аталатын ат құлағында ойнайтын топ шығып, көрермен көңілін бір серпілтіп тастады. Жылқы десе ішкен асын жерге қоятын елдің ұрпағы үшін ат үстінде небір акробаттық қимылдар жасаған жігіттердің өнері әбден көңілден шықты. Қиқулай үн қосып, бәрекелдісін айтып отырған қордайлықтардың риза көңілін сездік. Мерекелік шара барысында қордайлық палуан жігіт Нұрсұлтан Сәрсенбаев жеңіл көлікті тіспен сүйреп өз өнерін ортаға салды.

Ал, мерекелік концерттік бағдарлама аты аңызға айналған «Ой Жайлау» фольклорлық ансамблінің «Шахристан» күйімен ашылды. Осыдан кейін Қордайдың дәулескер күйшілері күй тартыс өткізсе,  келесі кезекте қордайлық күміс көмей Қарлығаш Қожағазина Кененнің «Бұлбұлын» шырқады.

Сонымен қатар, осы күнгі мерекеге арнайы «Дос-Мұқасан» вокалды-аспаптық ансамблінің көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Мұрат Құсайынов келіп, әннен шашу шашса, белгілі өнер жұлдыздары Саят Медеуов, Мақсат Базарбаев жерлестер абыройын бір асқақтатып тастады. Өнердегі өрісі кең қордайлықтардың тың әрі танымды бағдарламасының дүмпуі көпке дейін басылмай жатты.

16 қыркүйек, сенбі күні Ноғайбай би атшабарында ұлттық ат спорты түрлері, аламан мен құнан бәйге болып, көкпардан финалдық кездесулер жалғасын тапты.

Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.