ҚОРДАЙДЫҢ АЛҚЫЗЫЛ АЛАБЫ

0

Көктемнің соңғы айы табалдырықтан аттасымен Қордай даласы ерекше бір ажарға бөленеді. Соңғы күндері аудан тұрғындары табиғаттың көз сүріндірер көркем көрінісіне куә болуда. Жол бойы, жота-жондар, кең жазира алқаптар — бәрі-бәрі алқызыл түске боялып, гүлдеген қызғалдақтар жайқалған тұтас бір кілемге айналған.

Әсіресе Масаншы және Ауқатты ауылдық округтерінің аралығындағы алқапта бұл көрініс айрықша әсерге бөлейді. Көз жетер жердің бәрін көмкерген қызыл гүлдер бір сәтке даланы жалынға оранғандай күйге түсіріп, жан дүниеңді беймәлім бір тыныштыққа бөлейді. Мұндай сұлулықты сөзбен суреттеу қиын — оны тек жүрекпен сезіну керек.

Жыл сайын осы мезгілді қордайлықтар тағатсыздана күтеді. Себебі табиғат дәл осы шақта өзінің ең бір әсем, ең бір көркем кейпіне енеді. Ауыл сыртындағы алқаптарға ағылған жұрт таза ауамен тыныстап, кең даланың құшағында серуендеп, көздің жауын алар көріністі тамашалауға асығады. Бірі оны жүрегіне сақтаса, енді бірі суретке түсіріп, сол бір ғажайып сәтті мәңгілік еткісі келеді.

Алайда бұл сұлулықтың ғұмыры қысқа. Мұндай гүлдердің кезеңі ұзаққа созылмайды — небәрі бірнеше апта ғана. Сәлден соң алқызыл әлемнің ізі де қалмай, дала қайтадан өзінің үйреншікті кейпіне енеді. Сол себепті бұл көріністің қадірі де арта түседі.

Күн еңкейіп, алтын шапақ төгілген шақта ккөркі тіптен құлпыра түседі. Күннің соңғы сәулесі гүл қауыздарына түсіп, оларды жалынға ұқсас қызыл реңкке бояйды. Сол сәтте кең дала отқа оранғандай әсер қалдырып, табиғаттың тылсым құдіретін тағы бір мәрте паш етеді.

Мұндай мезеттер адамға бір шындықты ұғындыратындай: табиғаттың ең асыл сыйы — оның қарапайымдылығында әрі өткіншілігінде. Ең бастысы — сол бір қысқа ғұмырлы сұлулықты дер кезінде көріп, жан жүрекпен сезіне білу.

Leave A Reply

Your email address will not be published.