ТАЗАЛЫҚҚА МӘН БЕРЕЙІК

0

Кездесу ауыл әкімі Абай Кенжебаевтың есеп беру баяндамасымен басталды. Осыдан соң аудан әкімі Бегзат Болатбеков биылғы жылы аталмыш округте қолға алынатын негізгі жұмыстарға тоқталды. Олардың ішінде айта кетерлігі Аралда балалар алаңшасы салынып, Қалғұтыда футбол алаңшасы бой көтермек. Сонымен қатар, Арал ауылына кіре беріс 2,8 шақырымдық жол жөндеуден өтіп, Степнойда бастау алған ауыз су жүргізу жұмыстары биыл соңына жетіп, ауылдағы бес көшеге ағымды жөндеу жұмыстары жасалатын болады.  Барлығына қаржы қарастырылған.

Тұрғындардан түскен сұрақтар қатарында Степнойдағы Өндіріс көшесінің бүгінгі жайы да айтылды. Су жүргізу үшін жолдар қазылып, жауын-шашын кезінде балалар емес үлкендердің өзі жүріп-тұруы қиындап кеткен. Бұл сұраққа жауап берген аудан басшысы Степнойда су жүргіземіз, деген мердігер компания өз ісіне жауапсыздық танытып, жөндеу жұмыстарын созып жібергенін,  олар бұл жөнсіздігі үшін әкімдік тарапынан сотқа да берілгенін айтты.

— Өкінішке орай мердігер өз жұмысына жауапсыз болды. Соның салдарынан бұл құрылыс уақыты тым созылып кетті. Жалпы, барлығын аудан әкімдігі тарапынан үнемі бақылауда ұстап отырмыз, олар жасаған жұмыс қабылданып алынған жоқ, тіпті биылға қаржысын алған емес. Мердігермен қазір қайтадан жұмыстар бас-талуы тиіс. Жаз айларында бұл мәселе толығымен шешімін табуы керек, — деді аудан әкімі.

Ал, Степнойдағы саябақты жөнге келтіру бойынша аудан басшысы қоршауы мен суын жүргізу, жарықтандыруға аудан әкімдігі тарапынан қолдау болатынын жеткізді. Сондай-ақ, ауыл маңынан өтетін каналды тазалауға ауданнан техникамен көмек берілетін болды.

-Жалпы ауыл болып тазалыққа ұмтылуымыз қажет. Сол канал ішін қоқысқа бөтен ешкім толтырып кеткен жоқ. Сондықтан, барлығымыз жұмыла тазалық ісіне мән берейін. Тіпті, бір күнді белгілесеңіздер сенбілік жұмысына өзім де келіп қатысамын, — деді Бегзат Сейсенқұлұлы.

Жалпы жиын барысында тұрғындар суармалы су, несиелендіру, жарықтандыру жайын көтеріп, олардың әрқайсысына жекелей аудан әкімі түсініктеме беріп, кейбір сұрақтар бойынша жауапты мамандарға тапсырма жүктеді. Жалпы екі ауылда өткен жиында кейбір азаматтарға жеке қабылдау өткізіп, соның нәтижесінде жауапты мамандарға нақты тапсырмалар, ал тұрғындарға заң аясында түсініктемелер берілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.