ТАЗАЛЫҚ ШАРАЛАРЫ ЖІТІ БАҚЫЛАУДА

0

Өткен сейсенбіде аудан әкімдігінің мәжіліс залында кезекті аппараттық кеңес отырысы болып өтті. Кеңеске аудан әкімі Мәден Мұсаев төрағалық етіп, оның жұмысына аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері, бөлім және мекеме басшылары қатысты.
Аппараттық кеңесті ашып берген аудан әкімі қатысушыларды алдымен отырыстың күн тәртібімен таныстырды. Бірінші сұрақ – аз қамтылған отбасыларға көрсетілетін қайырымдылық көмек туралы аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айгүл Заурбаева кеңінен баяндама жасады. Ол өз сөзінде бүгінгі күнге дейін аз қамтылған отбасыларға көрсетілген қолдаулар мен көрсетіліп жатқан демеушілік жұмыстарға тоқталып өтті. Баяндамадан кейін аудан әкімі бөлім басшысына бірқатар сұрақтар қойды. Атап айтсақ, аудан бойынша бейресми жұмыс істеушілерді анықтау мақсатында арнайы топ құру қажеттігі айтылды. Сондай-ақ, аудандағы ірі инвесторлар тарапынан жағдайы төмен отбасыларға және ауылдың әлеуметтік мәселелеріне қандай көмек көрсетіліп жатқаны жайында сұрақтар қойылып, М.Мұсаев бұл бағыттағы жұмыстарды қолға алу керектігін баса айтты.
Осыдан кейін күн тәртібіндегі екінші мәселе – көктемгі аббаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарының қорытындысы туралы аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ербол Амантаев сөз алды. Баяндамашының айтуынша, абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық екі айлығы жарияланғаннан бері 23097 адамның қатысуымен жалпы 8 сенбілік ұйымдастырылған екен. Осы сенбілік жұмыстар аясында 17145 түп ағаш көшеттері отырғызылса, 2400 шаршы метрге газон егіліп, 16100 түп ағаш бұталып, 15971 тал әктелген. Сонымен қатар, 731 тонна күл-қоқыс шығарылса, 301,5 шақырым арық тазаланып, 840 ауланың шарбақтары жөнге келтірілген.
«Өткен айда бірнеше ауылға санитарлық тазалық бойынша зерделеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, аудан әкімінің шұғыл тапсырмасына сәйкес Қордай ауылы, Колхоз, Совхоз және Отар аумақтарында анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті жұмыстар атқарылды», — деген бөлім басшысы бүгінде барлық округтер жаппай тазалық жұмыстарын жүргізіп жатқандарын атап өтті.
Осы тұста Мәден Тоқтарбайұлы баяндамашыға атқарылып жатқан жұмыстарды газет беттері мен әлеуметтік желіде жариялап тұруды тапсырды. Сондай-ақ, тазалық жұмыстары бойынша ауыл әкімдеріне де бірқатар тапсырма берді.
«Ауылда тазалық жұмыстары тоқтамау керек. Әкімдер учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, рейдтік шараларды ұйымдастырып тұрулары қажет екенін көптен бері айтып келемін. Тазалықты қадағалап, тәртіп бұзғандарға шара қолданыңыздар. Сонда ғана ауыл ішіне, ауыл сыртына қоқыс төгілуі бәсеңдейді», — деген аудан басшысы ауыл әкімдеріне тазалық жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Осылайша, кеңестің күн тәртібіне енгізілген барлық сұрақтар жан-жақты талқыланып, айтылған ұсыныстар бойынша хаттама жобасы әзірленетін болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.