Тіл тұғырының биік болуы мәртебесіне ғана тәуелді емес

0

Ата Заңның 7-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Демек, мемлекеттік тілдің конституциялық мәртебесі айшықталып бекітілген. Өйткені, тіл халықтың жаны, діні, рухы, елдік қасиеті, ұлттық болмысы, асыл мұрасы. Сол асыл мұраны аялап, керек кезінде қорғай білу, дамыту және өскелең ұрпаққа жеткізу әрбіріміздің тікелей борышымыз екендігі даусыз. Ана тіліміз асыл мұра. Құндылығымыз да осы тіл. Құндылығын қызғыштай қорғау да қазақққа тән құбылыс.

Қай кезде болмасын тіл мәселесі – сол тілде сөйлейтін, содан сусындаған, ұлттық белгісі болып саналатын халықтың мәселесі. Әрбір халықтың ана тілі бар десек, өз ана тіліміздің барша болмысы, тіпті оның әрбір дыбысы мен жалғау-жұрнағы мәдени — әлеуметтік өмірде өзіндік мәні бар киелі ұғым болып табылады. Ұлт тілінің өрісі тарыла бастауы ұлттың жойыла бастағандығын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат еш нәрсе болмауы тиіс. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың шежіресі, тарихы, мәдениеті, мінезі айнадай көрініп тұрады. Мәселен, қазақтың тілінен қазақтың кең байтақ сайын даласын, аспанмен таласқан асқар тауларын, жасыл-желек ормандары мен буырқанып сарқыраған асау өзендері мен көзтартар айдын көлдерін, қайыспас қайсар мінезі мен көшпенділік тұрмыс-салтын айқын аңғаруға болады. Сондықтан білікті де белгілі тіл танушылардың «Қазақтың сары даласы кең, тілі бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ»,- деп тұжырымдауы тегін емес.
Қазақстан Республикасының Тіл туралы заңының 4, 13-баптарына сәйкес мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі.
Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды. Лауазымды адамның тіл білмеймін деген сылтауымен құжаттарды сауал салуды, өтініштерді немесе шағымдарды қабылдаудан бас тартуы, сондай-ақ, оларды мәні бойынша қарауына жол берілмейді. Сот ісін жүргізу тілі сотқа берілген құжаттардың берілуіне қарай жүргізіледі, әрбір азамат істі өзінің ана тілінде немесе өзі білетін басқа тілде жүргізуді талап етуге құқылы және өздері білетін басқа тілде мәлімдеме жасау, түсініктеме мен жауап беріп, өтініш білдіру, шағым жасау, аудармашының қызметін тегін пайдалануға құқылы, сол сияқты онымен қамтамасыз етіледі. Бұл Конституциялық тұрғыдан адамға деген құрмет. Тілге деген құрмет.
Қазақ елінде, қазақ жерінде, қазақ тілі – мемлекеттік өркендеуі қажет, оған тек қазақ халқының ұрпақтары ғана емес, бүкіл Қазақстан елінде өмір сүріп жатқан адамдар үлес қосу керек. Мемлекеттік тілді игеру деген сөз мемлекет азаматы болып өмір сүру деген сөз, өзің өмір сүріп отырған мемлекетте және сол мемлекетті құрған халыққа «азаматпын» деп берген уәдені орындау деген сөз. Парыз деген осы.
А.АЛЬХАНОВА,
Қордай аудандық соты
кеңсесінің бас маманы

Leave A Reply

Your email address will not be published.