ТУҒАН ӨЛКЕМ ҚОРДАЙЫМ

0

Тасы да алтын Қордайдың,

Тауы да алтын …

(Кенен Әзірбаев)

 

Құс ұшса қанаты талатын кең байтақ қазақ елінің қайсы бұрышы болса да қасиетті, киелі. Осындай қасиетті жерлердің бірегейі — Қордай жері, оның топырағы. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өз Жолдауларының бірінде: «Біз төл тарихымызда тағдырдың түрлі сынынан әрдайым сүрінбей өттік», — деп айшықтағанының өзінде көп мән мағына жатыр. Өткен тарихымыздың терезесінен сығалап, философиясына жүгінетін болсақ, Қордай  өңірінде небір тарихи оқиғалар өтті, ұлы тұлғалар өмір сүрді. Қордай тарихы қазақ тарихының бір бөлшегі деп ұғынатын болсақ, ол өте ауқымды, айтар мұңы мен зары, қуанышы мен жақсылығы қатар жүрген тарих. Қасиетті Қордай жерінде  арғы сақ, ғұн, түркі қағанаты заманын айтпағанның өзінде бертінде «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» кейінгі атақты Аңырақай соғысы болған жер. Осы Ұлы Отан шайқасына 29 мың сарбаз қатысып, 44 күнге созылады. Үш жүздің басы қосылып жеңіске жеткен  Аңырақай шайқасына Қордай өңірінің  тумалары Өтеген, Андақұл, Қыбырай, Тәңірқұл, Жылқыайдар, Мүлкаман, Малдыбай, Қабанбай, Найманбай, Игілік, Қарабай, Ерсары жене тағы басқа көптеген батырлар қатысады. Сонымен бірге, кейбір тарихи деректерде 1710 жылы Шоқпартас пен Қарақияның солтүстік шығыс етегі Кіші  саз жайлауында  Тәуке хан өз ордасын тігеді. Қазақ тарихының бір бөлшегі болғандықтан іргедегі Қарабалта маңындағы «Жайыл» қырғынын атап өтпеске болмас. Себебі, Абылай ханға қосылып қырғыз Садыр батырға қарсы (ол  Қордай өңіріндегі қазақтарға да тыныштық бермеген)  Ботпай -Тілеуқабыл, Жайсаң, Қасқарау -Малдыбай, Қонысбай, Шанышқылы-Бердіқожа, Шапырашты-Қашке, Дәулет, Қаумен батырлар қатысады. Абылай хан  Садырды жеңіп, 100 қырғызды аманаттап Көкшеге бірге алып кетеді. Одан бергі ірі оқиғалардың бірі Қордайдағы 1847 жылы Кекілік-Сеңгір тауындағы қырғыз Орман хан мен Қазақ ханы Кенесары Қасымұлының шайқасы. Одан бергі тарихымызға үңілетін болсақ, 1860 жылдары Қоқан хандығына қарсы болған  шайқастар, Қордай, Тоқпақ, Бішкек өңірінде кескілескен ұрыстар болды. 1916-жылғы патша үкіметіне қарсы көтеріліс, оның ішінде Асан бастаған «Қызылсай қырғыны»  мен Қанат бастаған қазақ-қырғыз біріккен көтерілісті атап өтуге тұрарлық. Қордай жері не көрмеді десеңші. Кешегі 1917 жылы қызылдар мен ақтардың тайталасы, 1925 жылы басшылыққа келген сұм Голощекиннің қолдан жасалған 1931-1933 жылғы аштығы. Қолдан ұйымдастырылған шарада (1828 жылы байларды тәркілеу, халықты бір орталыққа бағындыру) халықтың  үштен/екісі  аштықтан өледі. Осы зұлмат жайын жерлесіміз жазушы Марал Ысқақбай тілге тиек етіп «Таң атарда» деген хикаяты мен «Пенде ғұмыр»  романдарын жазады. Зұлмат жылдар Қордайдың әрбір отбасын шарпиды. Менің әкемнің өзі 11 ағайынды, 9 ұл 2 қыз болды. Сол зұлмат жылдардың кесірінен үшеуі-ақ аман қалады. Жоғарыдағы жазушы Марал ағамыздың дерегінде бір ауылда  тұрған 70 үйлі туысқаннан 7 үйдің ғана сабағы қалыпты. Сонымен бірге, 1932 жылы Ешкіліде Қордай түгілі  бүкіл қазақ пен қырғызға танымал Верный гимназиясында оқып, 1906 жылы Думаға Тынышпаевпен бірге кандидаттыққа түскен, генерал-губернатордың тілмашы болып, кейіннен Алаш қайраткерлеріне қолын созған, Кененді алғаш халыққа танытып, қырғыз Шәбденнің асына ертіп апарып, әншілік өнердің томағасын ағытқан Еркебай Базаров қайтыс болады. Яғни, сұм аштықтың құрбаны. 1937-1938 жылдардағы репрессия құрбандары. Атың өшкір Ұлы Отан соғысы. Қаншама жерлестеріміз жер жастанды десеңші! Мәскеуді қорғаған 28 панфиловшының ішінде жерлесіміз Белашов болғанын мақтан тұтамыз және бір керемет  ерлік көрсетіп  400-ге жуық жауды жайратқан  Әбіл Нүсіпбаевтың Қордайлық екенін атағанымыз жөн. Әрине, Қордай топырағынан шығып Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткендер көп. Кешегі Кеңес үкіметі кезінде  Ауған жеріне барып қаза тапқандар мен ерлік көрсеткен азаматтар қаншама? Ауған соғысында «қара майор» атанып, басына милион доллар тігілген, ерлігі атан түйеге жүк болған Борис Керімбековтың кіндік қаны тамған өлке Қордайдағы Шарбақты елді мекені екенін біреу біліп, біреу білмес. Ұлы Отан соғысына Қордай азаматтары аттанғанда, тылдағы жұмыс аналар мен қаршадай балалардың мойнына жүктелді. Олар оны  қанша қиыншылық көрсе де мойымай алып шықты.Соғыс бітіп елдің тұрмысы жақсара бастады.

1953 жылы Сталин қайтыс болып, дүние дүр сілкінеді. Аяулы марқұм шешем Сегізбай қызы Бүбіш айтып отыратын: «Сталин қайтыс болғанда мектептегі бәріміз жыладық! Қатал тәртіп орнаған кез еді. Сталин колхозында еңбек етіп жүргенде (Сталин қайтыс болып кеткен) көрші әйел үйдің қабырғасын әктеп, әлгі әк шашырап Сталиннің портретіне тиеді. Сондағы біреу жоғарыға жеткізіп ол байғұс әйел ит жеккенге айдалып кете барады», — деп тебірене айтушы еді.

Одан бері 1960-1991 жылға егемендік алғанға дейін Кеңес дәуірінде өмір сүрдік. Небір еңбек майталмандары шықты өлкемізден.

Жазиралы Қордай өлкесіне кім келіп, кім кетпеді десеңші? Ат терлетіп сонау Семей өңірінен Абай ақын-ның келуінің өзі ғанибет емес пе? Абайдың  Қордайға келуі жайында Кенен Әзірбаев, Ақселеу Сейдімбек, Мырзатай Жолдасбеков, Нысанбек Төреқұлов, Есіл Байболов сынды қазаққа танымал азаматтар мен Қордайдан шыққан  көптеген азаматтардың естеліктері дәлел. Сонымен бірге, Семей қаласындағы Абай мұражайының архивіндегі Абай ақынның аталас туысы Ниязбек Алдамжаровтың қолжазба деректерінде де кездеседі. Аталмыш деректердің бәрінде Абайдың Қордай өңіріне Сұлутөрге келгені жайында айтылады. Құнанбайдың бәйбішесінен туған Құдайбердінің  сал-серілік кешкен ұлы Әмір ерте қайтыс болып, оның әйелі Ақмай жесір қалады. Ақмай әмеңгерлікпен ұзататын жерге көңілі толмай Алматы маңындағы Қаскелең қаласында тұратын Құнанбайдың жиені Әпсеметтікіне кетеді. Осы Әпсеметтің үйінде атақты Ноғайбаймен кездесіп, бірін-бірін ұнатады. Сөйтіп, Ақмай Ноғайбайға тұрмысқа шығады. Абай Ақмай жеңгесін Сұлутөрге төрт адаммен іздеп келіп, бірнеше күн қонақ болып кетеді. Ешкілідегі ағаштан салынған үйінде көзі ашық көкірегі ояу, Верный гимназиясының түлегі Еркебай Базаровқа сонау Арқадан қонақ болып Балуан Шолақ, Шашубай, Шөже ақындар келген. Шудың суын тел емген қырғыз ақындары мен атақты манаптары Еркебай мен Ноғайбайдікіне түсетін. Еркебай өз кезегінде Кенен ақынды танып біліп, қонақтардың алдында ән айтқызатын.

Арқадан келген Балуан Шолақтан бала Кенен көптеген әндерін үйренеді.

Біраз  артында өшпес із қалдырып еткен саңлақтарға тоқталатын болсақ, билік пен тоқтам айтатын би-шешендер – Малдыбай, Кебекбай, Ноғайбай, Тілеміс, қол бастаған батырлар -Сырымбет, Андақұл, Өтеген, Тойшыбек, Қордай, Қабанбай, Игілік, Қарабек, Әли, Сыматай,Шаншар т.б . Төкпе ақын, күйшілеріміз – Сарбас, Кенен, Әлмейін,Тәкен сал, Әлмен, Асылқұл, Рза, Байсерке, Сатқынбай, Қырықбай, Қожабек. Сонымен бірге елге  қызмет етіп кеткен Қордайдың тумалары  — Нығмет Сауранбаев, Екейбай Қашағанов,        Балжан Бөлтірікова… Қордайдан  қылқалам шеберлері Сансызбай Сарғасқаев, Ескен Елубаев, Марал Ысқақбай, Несіпбек Даутаев, Әшірбек Көпішев, өнер қайраткерлері  Мұрат Құсайынов, Дәурен Әбдіров, Саят Медеуов, Айгүл Иманбаева, Мақсат Базарбаев, математик ғалым-Мұхтарбай Өтелбаев, боксшы, әлем чемпионы Марат Мәзімбаев, халық қалаулылары Мұратбай Жолдасбеков, Құрманғали Уәли және көптеген ғалымдар, еңбек адамдары, мықты азаматтар шықты. Қасиетті Қордай жері туралы ХІ-ғасырда өмір сүрген ғұлама ғалым Махмуд Қашқари: «Қордайдың аққу қазы қаңқылдайды,Төске алып тау самалын салқындайды, Жаз шығып, түйін тастап бүр ашылды, Аспаннан түрлі гүлге нұр шашылып», — деп жырлап өтті. Айыр қалпақты ағайын қырғыздың Манас жырында да Қордай туралы айтып өтіледі.Туған өлкеміз Қордай осындай киелі, қасиетті. Қордай жері мәңгілік, біздің барымыз да, нарымыз да өзі. Жасай бер айналайын, Қордайым ! Той тойға ұлассын!

 

Жандарбек Қарабасов, Алаштанушы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.