Туған жердің абыройын асқақтату – мәртебе

0

Киелі Қордай жерінен әлемдік аренада еліміздің намысын қорғаған небір мықты спорт саңлақтары шыққаны мәлім. Олардың қатарында кәсіпқой боксшылар да, жеңіл атлеттер де, боз кілемді бағындырған палуандар мен футболистер де бар. Енді біздің спортшылар гандбол деп аталатын спорт түрінен  таныла бастады.

 

Біздің елде гандболды танымал спорт түрі деп атай қоймаспыз. Ал ауданымыздағы кішкентай ғана елді мекен балаларының бірнеше жылдан бері осы спорт түрімен айналысатындығы өте таңғаларлық әрі қуанышты жайт. Оған қоса, жас гандболшылардың осы күнге дейін жеткен жетістіктері де жоқ емес.

Дания елінде пайда болған спортты бүгінде Сарыбұлақ ауылдық округі жастарына еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сұлтан Османова үйретуде.

№32 Қайнар ауылдық орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Сұлтан Мардалиевна шәкірттеріне гандболдың қыр-сырын үйретіп, барынша өз тәжірибесімен бөлісуге тырысады. Ол физикалық тұрғыдан мықты адам кез келген салада жетістікке жететініне сенімді. Білікті жаттықтырушы мол тәжірибесі мен білімін негізге ала отырып, арнайы тренингтер әзірлейді. Сұлтан Мардалиевнаның спорттағы жолы жеңістерге толы. Ол бір кездері гандболдан Қырғызстан ұлттық құрамасында ойнаған. Ал бүгінде бар күш-қуатын, тәжірибесін дұрыс жолға бағыттауда. Ол шәкірттерінің болашағынан үлкен үміт күтеді.

Бүгінгі таңда Қордай ауданының командасы көш бастап келе жатқан командалардың бірі. Бұл спорт түрі ауданымызда кең таралмағанымен, бұл жас спортшылардың жүлделі орындарға қол жеткізіп, аудан атын шығаруға кедергі емес. Гандболдан жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында қордайлық команданың жүлделі  2 орынды иеленуі осының айғағы. Аталмыш жарыс жайында толығырақ тоқталсақ.

2023 жылдың 25-27 маусымында Қостанай облысының Октябрьский ауылында жастар командалары арасында гандболдан Қазақстан Республикасының чемпионаты өткен болатын. Оған Қайнар ауылындағы №32 В.Маяковский атындағы орта мектеп оқушыларының командасы да қатысып, нәтижесінде күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал команданың ойыншылары Харун Дауров, Кирилл Носов, Рамазан Варшакидзе чемпионаттың «Үздік ойыншылары» атанды. Жас гандболистер өз шеберліктерін көрсетіп, жеңіске лайық екендіктерін дәлелдеді. Бұл біріншіден жалынды жастарға әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқан жаттықтырушылары Сұлтан Османованың ерен еңбегі екенін мйындау керек. Осы ретте балалардың ата-аналары жаттықтырушыға жұмсаған уақыты мен күш-жігері, балаларға көрсеткен үлкен еңбегі мен бағыт-бағдары үшін үлкен алғысын білдіреді. Сонымен қатар, олар жас спортшылардың осы жарысқа қатысуына демеуші болған О.Варшакидзе, И.Варшакидзе, С.Алпыспаев, Б.Джангараев, З.Джафаров, М.Ашимов сынды азаматтарға ризашылығын жеткізді.

«Туған еліңнің Мемлекеттік Әнұраны шырқалғанда бойыңды керемет мақтаныш сезімі билейді. Осы сәтте үздіксіз жаттығулардың, төгілген тердің бекер болмағанын түсінесің. Жеңіс тұғырына көтерілу арқылы туған жердің абыройын асқақтату кез келген спортшы үшін ең күшті мотивация болса керек», — дейді спортшылар.

Виолетта Плаксина

Leave A Reply

Your email address will not be published.