«ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТАРИХЫ ҰЛТҚА ОРТАҚ»

0

Ауданымыздың көріктігімен көз тартып тұратын, табиғаты тамаша, ең әсем елді мекендерінің бірі Күнбатыс ауылындағы №11 негізгі мектеп өзінің Отанын, туған жерін, кіндік қаны тамған ауылын шынайы сүйетін түлектерімен мақтана алады десем артық айтқандық болмас.

Соның бір айғағы жуырда осы мектепте өткен «Туған жердің тарихы ұлтқа ортақ!» атты аудандық форум. «Жомарт түлек» жобасы аясында өткен бұл шараның басты мақсаты, әрине, туған жердің тарихы мен бүгіні жайлы өсіп келе жатқан ұрпаққа кеңінен таныстыру, рухани тәрбие беру. Сонымен бірге, еліміз үшін елеулі мереке – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында өтуінің де өзіндік ерекшелігі болғаны рас. Мұндағы мақсат – этносаралық қарым-қатынасты дәріптеу әрі ауылдан шыққан танымал тұлғаларды жас ұрпаққа таныту.
Форумға осы мектепте ұстаздық еткен ардагерлер, ауданға, облысқа, республикаға танымал мектеп түлектері, аудандық білім бөлімінің басшылығы және аудандағы барлық білім ошақтарының басшылары қатысты. Жиылған қауым, алдымен, осы ауылдан түлеп ұшқан белгілі сазгер, Қазақстан Журналистер одағының және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болған Өмірбек Байділдаевтың құрметіне арналған ескерткіштің ашылу салтанатына қатысты.
Форум барысында мектеп алдына орнатылған киіз үй ішінде әртүрлі ұлттар мен ұлыстардың ұлттық киімдерін киген оқушылар сол ұлттың тағамдарын ұсынды. Қолөнер туындыларынан көрме де қойылды. Іс-шара мектептің мәжіліс залында жалғасын тауып, елімізге белгілі журналист Гүлмәрия Барманбекова бастаған осы мектептен түлеп ұшқан түлектері, әртүрлі салалардағы танымал тұлғалар алтын ұя мектебіне жылы лебіздерін айтысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Отанға деген махаббат – құр ұран мен бос декларация емес, бұл – халық үшін атқарылатын күн сайынғы еңбегіміз. Осындай қағидатты ұстанған мектеп ұжымы ауыл балаларына сапалы білім беру жолында аянбай еңбек етіп келеді.
Еске сала кетсек, алдыңғы жылы ауылда 150 орындық үш қабатты жаңа мектеп салынып, ел игілігіне берілген болатын. Бүгінде жиырма шақты ұстаз Күнбатыс-1 және Күнбатыс-2 ауылдарының жүз қырық оқушысына тәлім-тәрбие беруде.

Анжела ИЗАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.