ЗАҢДЫЛЫҚ ПЕН ӘДІЛЕТ ЖОЛЫНДА

0

Бүгінде саналы, жауапты, адал, білікті азамат бейнесін қалыптастыру, жастардың құқықтық ойлауын дамыту бағытында еліміздің орта білім мекемелерінде «Жас кадет», «Жас сақшы», «Прокурордың жас көмекшісі» секілді жобалар жүзеге асырылуда.

Жақында осындай бастамаларды белсенді түрде қолдайтын аудандық білім бөліміне қарасты №1 Д.Қонаев атындағы мектеп гимназиясында да «Прокурордың жас көмекшісі» атты арнайы сынып ашылған болатын. Мұнда оқушылар құқық қорғау органдарының қызметімен жақынырақ танысып қана қоймай, прокуратура жұмысының негізгі бағыттарын меңгереді.

Аптаның сейсенбі күні Қордай аудандық прокуратурасының өкілі Әсел Ошақбайдың қатысуымен дөңгелек үстел өткізілді. Шара, Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының бұрынғы Бас Прокуроры, Конституциялық Кеңесінің бұрынғы Төрағасы, әділет генерал-лейтенанты Юрий Александрович Хитриннің туғанына 80-жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Іс-шараның басты мақсаты – оқушыларға Юрий Хитриннің өмір жолын, оның мемлекет пен қоғам алдындағы еңбегін насихаттау, заңдылық пен әділеттіліктің маңызын түсіндіру, сондай-ақ жастарды отансүйгіштікке, адалдыққа және құқықтық мәдениетке тәрбиелеу.

Кездесу барысында қатысушыларға Юрий Александрович Хитриннің прокуратура органдарындағы қызмет жолы, тәуелсіз Қазақстанның құқық қорғау жүйесін қалыптастыруға қосқан үлесі, Бас Прокурор және Конституциялық Кеңестің Төрағасы ретіндегі атқарған қызметтері туралы кеңінен айтылды.

Сонымен қатар, оның жоғары кәсібилігі, заңға адалдығы, әділдігі мен қарапайым адамгершілік қасиеттері жөнінде тағылымды мәліметтер берілді. Оқушылар мемлекет мүддесіне адал қызмет етудің, білім мен еңбектің маңыздылығы туралы маңызды ақпараттар алды.

Сондай-ақ оқушылар тарапынан сұрақтар қойылып, құқық қорғау саласының ерекшеліктері туралы пікір алмасу өтті.

Кездесу соңында жастарға заңды құрметтеу, әділ болу, ел болашағына жауапкершілікпен қарау және білімге ұмтылу секілді құндылықтардың маңыздылығы атап өтілді.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.