ЖҰМЫСҚА ЖҮЙЕ ҚАЖЕТ

0

Өткен аптада аудан әкімдігінде аудандық прокуратураның ұйымдастыруымен мекемеаралық жиын өтті. Оған аудан әкімі Рүстем Дәулет, аудан прокуроры Руслан Әлішов, құқық қорғау және арнайы органдардың басшылары, аудан әкімдігі аппаратының қызметкерлері, бөлім басшылары, ауыл әкімдері, әр түрлі мекеме өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде аудандағы қылмыстық ахуал және қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары, қылмыстарға жол бермеу мақсатында қолға алған жұмыстардың тиімділігі турасында сөз қозғалды. Күн тәртібіндегі көтерілген тақырыптар аясында аудан прокурорының орынбасары Серік Баймолдаев баяндама жасады.

«Әрине, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында  құқық қорғау органдарының, аудан әкімдігінің, айтарлықтай жұмыстары бар екендігі бәрімізге белгілі. Алайда әлі де болса, жекелеген қылмыстар мен құқық бұзушылықтар тыйылмай отыр. Аудан аумағында аталған мерзімде жеке тұлғаға қатысты 3 аса ауыр және 3 ауыр дәрежелі қылмыстық құқық бұзушылық оқиғалары орын алған. Аудандық полиция бөліміне қарасты учаскелік полиция инспекторларының әкімшілік аумақтарында тиісті профилактикалық шараларды жүргізбеуі салдарынан адам өлтіру және өлтіруге оқталу қылмыстарының алкогольдік масаң күйде жасалуы едәуір өскен», — деген баяндамашы әсіресе учаскелік инспекторлардың жұмысына бірқатар сын айтты.

Баяндамада мәлім болғандай адам өлтіру фактісі бойынша орын алған үш қылмыстық оқиға ішімдікке әуес отбасыларда орын алған. Қордай АПБ-нің қызметкерлері тарапынан бұл отбасыларға ерекше көңіл бөліп, профилактикалық шаралар кең көлемде жүргізілуі қажет болған. Алайда, алдын алу емес аталмыш қылмысқа қатысы бар кейбір азаматтардың ішімдікке бейім екендігін біле тұра есепке алынбағаны инспекторлар жұмысына сын айтуға негіз болып отырғанын айтады баяндамашы. Әсіресе, сын қылмыстың алдын алуда жұмысында жүйелілікті таныта алмаған Қордай мен Қарасу ауылдық округі учаскелік инспекторларына көп айтылды.

«Көрсетілген мысалдар Қордай және Қарасу ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторларының назарынан тыс қалып, өздерінің аумақтарында тиісті бақылау және профилактикалық шаралар жүргізбейтіндігінің дәлелі. Сондай-ақ, қоғамдық орында, көптеген адамдардың көзінше жасалған адам өлтіруге оқталу құқық бұзушылықтар да тыйылмауда», — деді аудан прокурорының орынбасары.

Биыл қоғамдық орындарда қылмыстардың жиі орын алу фактілерімен қатар, бұрын қылмыс жасағандармен жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың саны да еселене түскен. Көрсеткіштер 23,5%-ға артқан. Атап айтқанда, 2021 жылдың 6 айында 115 тұлғамен қылмыстық құқық бұзушылықтар жасалып, оның ішінде 33 тұлға бұрын қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапқа тартылған. Бұл полиция қызметкерлерін ойландыруы тиіс сияқты.

Прокуратура қызметкерлері анықтағандай, аталған санаттағы қылмыстық құқық бұзушылық жасағандардың көбісі әлеуметтік жағдайы төмен, жұмыссыз, спирттік ішімдіктерге әуес адамдар арасында болған. Бірақ, белгісіз себептермен олар медициналық мекемеде есепке тіркелмеген.

Баяндамашы кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы құқық бұзушылық жайына да кеңінен тоқталып өтті. Мұндай құқық бұзушылықтар Отар, Әлжан ана ауылында тіркелген. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандар арасында өз-өзіне қол жұмсау фактілері де арта түскен. Бұл аудандық полиция бөлімінің жасөспірімдер ісі жөніндегі бөлімшесі қызметкелеріне қарай айтылды. Мәселен, былтырғы жылы аудан бойынша алты мәрте өз-өзіне қол жұмсау фактісі тіркелсе, биыл ол 12-ге артқан.

Баяндамашы аудан аумағында жол-көлік оқиғалары жайына да тоқталып өтті.

2021 жылдың 6 айында аудан аумағында жалпы 63 жол-көлік оқиғасы орын алған, былтырғы жылдың осы тектес мерзімімен салыстырғанда 142%-ға өскен. Осы аралықта жол-көлік апаты салдарынан 9 адам қаза тауып, 101 адам жарақат алған. Ең сорақысы сол, адам өлімі орын алған жол-көлік оқиғалары бойынша қылмыстық істердің біреуі де сотқа жолданбаған. Бұл, аудан аумағында полиция қызметкерлері күшейтілген тәртіпте жұмыс атқаруына қарамастан аталмыш оқиғалар жиілеп кеткен.

«Учаскелік инспекторлардың барлығының жұмысы жоқ деп айта алмаймыз. Бірақ, бізде ауыл әкімі мен инспектордың тізе қоса жұмыс жасайтынын байқай алмай келеміз. Ауылдық жерлерде ішімдік ішу, ма-саң күйде қылмыс жасаудың алдын алу, бұрын сотты болғандарды, жалпы ауылдағы ахуалды әкім мен инспектор жақсы білуі керек. Бірақ, олар бірлесе жұмыс жасамайды, алдын алмайды, осыдан келіп мынадай жағдайлар орын алып жатады. Иә, рас, кейбір инспекторлар ауыл жағдайынан мүлдем хабарсыз. Оны өз көзімізбен көріп жүрміз. Осыған байланысты, прокуратура мен аудан әкімдігі бірігіп, қазіргі ахуалды және инспекторлар жұмысына зерделеу жүргізіп, нақты жұмыстарын бағалау үшін арнайы алгортим мен орындау мерзімін белгілеп береміз. Содан кейін оны қадағалап отыратын боламыз», — деді жиынға қатысқан аудан әкімі Рүстем Дәулет.

Осыдан кейін сөзге шыққан аудандық полиция бөлімінің басшысы Мақсат Ережепов, бөлім қызметкерлеріне айтылған сынның орынды екенін айта келе, дей тұрғанымен аудандағы қылмыстың алдын алу бойынша жұмыстарды күшейтуде бірқатар іс-шаралар қолға алынып жатқанын айтты. Мәселен, аудан полицейлерінің күш салуымен бірнеше дүкенде спирттік ішімдікті заңсыз сатқандар анықталып, тек сатушыға ғана емес дүкен иелерін де жауапқа тарту бойынша жұмыстар қолға алынуда екен.

«Жол көлік оқиғаларына келер болсақ, былтырғы жылы карантинге байланысты жолдар жабық болды. Ал, алдыңғы жылды алар болсақ, осындай кезең ішінде 87 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Осыған қарап отырып, бүгінде біздер қолға алып отырған жұмыстардың нәтижесі бар деп толық айта аламыз. Учаскелік инспекторлар жұмысына тоқталсам, былтырғы оқиғаға байланысты әр ауылдағы инспекторлар ауысты, олар жаңа орынға бейімделуі қажет. Бірақ, бұл сылтау емес. Біздер, бұл бағытта жұмыстарды жүйелендіру үшін бар күшімізді салатын боламыз», — деді Мақсат Ережепов.

Жиын барысында аталмыш тақырып аясында аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Біржан Әлімбет сөз сөйледі.

Жиынды қорытындылаған аудан басшысы алты айдың қорытындысы бойынша салалық орынбасарлар мен ауылдық округ әкімдері, учаскелік инспекторлардың басын қосып, арнайы кеңес өткізу қажеттігін ұсынды. Сонымен қатар, пробация тізімінде тұрған әр азаматқа бір-бір тәлімгерді ақсақалдар кеңесі арқылы тағайындау туралы ұсыныс айтылып, полиция қызметкерлері имиджін көтеру мақсатында арнайы фильм түсіру жауапты мамандарға жүктелді.

Жандос Омаров

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.