ЖҰМЫС ЖАНДАНУЫ ҚАЖЕТ

0

Сәрсенбі күні «Amanat» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңес төрайымы Баян Қарамолдаеваның төрағалығымен өткен жиынның күн тәртібіне бес мәселе шығарылды.

Оның біріншісі, яғни аудандағы жастар ұйымдарымен жүргізіліп жатқан жұмыстарды зерделеу нәтижесі бойынша «Қоғамдық құқықтық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқықтарын қорғау,  сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, әлеуметтік-мәдени салалар және қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдармен байланыс мәселелері»  жөніндегі комиссия төрайымы Айнура Алматаева баяндама жасап, зерделеу нәтижесінде белгілі болған бірқатар кемшіліктерге тоқталды. Комиссия төрайымы Степной, Ноғайбай ауылдық округтеріндегі жастар орталығы мамандарының жұмысындағы олқылықтарға тоқталып, бүгінгі таңда «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сінде 13 ваканттық орынның бос тұрғанын, мұның негізгі себебі жалақының төмендігінде екенін жеткізді. Осы ретте қоғамдық кеңес төрайымы Баян Қарамолдаева орталық директоры Расул Беделбаевқа жалақы мәселесін шешуге қандай әрекет жасалды, жалпы қанша аудан жастарының жұмысқа орналасуына, қайтарымсыз грант алуына, төмендетілген несие алуына ықпал еттіңіз деген сауал жолдады. Зерделеу нәтижесін және орталық директорының есебін тыңдай келе кеңес мүшелері аудан жастарымен жұмыстың төмен деңгейде жүргізіліп жатқанын атап көрсетіп, жұмысты жандандыруға қатысты өз ұсыныс-пікірлерін айтты.

Күн тәртібіндеге екінші мәселе – халық тұтынатын азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша атқарылған жұмыстарды зерделеудің нәтижесі бойынша «Бюджет, қаржы және құрылыс, көлік және коммуналдық шаруашылық салаларын қолдау мәселелері» жөніндегі комиссия төрайымы Ғалия Шарипова сөз алды: «Қоғамдық кеңес мүшелері аудан бойынша жалпы 13 сауда нысанында зерделеу жұмыстарын жүргізіп, дүкен иелеріне ескертулер берілді. Сонымен қатар, Қарасу және Алға ауылдық округтерінде баға тұрақтылығы бойынша зерделеу жұмыстары жалғасын тапты»,-деген комиссия төрайымы азық-түлікке бағаны негізсіз өсіру фактілері орын алған Қарасу, Алға ауылдық округ әкімдеріне тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсынды. Кеңес отырысына қатысқан аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Алмас Алимхожаев бағаны негізсіз өсіру фактілері орын алған жағдайда кім айыппұл салуға құқылы, тұрғындар кімге шағымдануы қажет сынды маңызды сұрақтарға түсініктеме берді. Қоғамдық кеңес мүшелері баға тұрақтылығы күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе екендігін тілге тиек етіп, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасын табатынын жеткізді.

Осыдан кейін ауданның әлеуметтік және сауда объектілерінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша атқарылған жұмыстары туралы «Аграрлық саясат, табиғатты және жер ресурстарын пайдалану, техногендік үрдістер, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, кәсіпкерлікті дамыту мәселелері» жөніндегі комиссия төрайымы Кенжекүл Ағыбаеваның және қоғамдық кеңес мүшесі Еділ Жомарттың баяндамалары тыңдалды. «Қоғамдық кеңестің жұмыс жоспарына сай кеңес мүшелері аудандағы ірі сауда орындарын аралап шықты. Зерделеу барысында сауда объектілеріндегі өрт қауіпсіздігінің сақталуы, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралардың орындалуы бойынша ескертілді. Нақты айтсақ, Масаншы ауылында сауда нысандарының, Қордай ауылындағы «Үсен-ұлы», «Бауырхан» базарларындағы өрт қауіпсіздігі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар зерделенді. «Бауырхан» сауда орталығында барлық өрт қауіпсіздігі талаптары сақталған. Ал «Үсен-ұлы» базарында өрт сөндіру құрал-жабдықтары ескірген, талапқа сай емес. Контейнерлер арасында тұтынушылар жүретін жол жоқ, базарға кіріп-шығу өте ыңғайсыз. Жалпы бұл сауда нысанына модернизация қажет»,— деген баяндамашы Масаншы ауылындағы өрт сөндіру депосындағы кемшіліктерді де атап көрсетті. Көтерілген мәселеге қатысты аудандық ТЖ бөлімі басшысының м.а. Азамат Әбіш түсініктеме беріп өтті. Кеңес мүшелері Масаншы ауылдық округі әкіміне  және «Үсен-ұлы» базарының басшылығына олқылықтарды жоюды және ауылдық округ әкімдеріне сауда объектілері мен орман шаруашылығы мекемелерінде қауіпсіздік ережелерінің сақталуын үнемі бақылауда ұстауларын ұсынды.

Бұдан бөлек, жиын барысында кеңес мүшелері аудандық Қоғамдық кеңестің 2023 жылдың екінші жартыжылдығына  арналған  іс- жоспарын бекітіп, күн тәртібінде көтерілген мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.