ЖҰМЫСКЕР МЕН ЖҰМЫС БЕРУШІНІҢ ҚҰҚЫҒЫ: НЕНІ БІЛУ ҚАЖЕТ?

0

СҰРАҚ: Кафе-ресторанның иесі жұмыс уақытында жұмысшыларына ұялы телефондарды қолдануға тыйым салуына және оны орындамаған жағдайда айыппұл төлетуге құқылы ма?
ЖАУАП:
ҚР Еңбек кодексіне сәйкес қызметкерлерге қатысты қолданылатын тәртіптік шараларға:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3) қатаң сөгіс;
4) осы Кодекстің 52-бабы 1-тармағының 8), 9), 10), 11), 12), 13), 14), 15), 16), 17) және 18) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша, еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзу түріндегі тәртіптік жазалар жатады.
Еңбек кодексімен бұлардан басқа тәртіптік жазаларды қолдануға тыйым салынады.
Осы орайда, жұмыс берушіңіз тарапынан қызметкерлерге айыппұл салу практикасы заңға қайшы келеді.
Сонымен қатар, тәртіптік жаза тәртіптік теріс қылық үшін қолданылатынын атап өткен жөн. Еңбек кодексі бойынша тәртіптік теріс қылық — жұмыскердің еңбек тәртібін бұзуы, сондай-ақ еңбек міндеттерін тиісінше орындамауы болып танылады.
Өз кезегінде еңбек тәртібі – жұмыс беруші мен жұмыскерлердің Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінде, сондай-ақ келісімдерде, еңбек, ұжымдық шарттарда, жұмыс берушінің актілерінде, құрылтай құжаттарында белгіленген міндеттемелерді тиісінше орындауы болып табылады.
Демек, егер ұялы телефондарды жұмыс бабында пайдалануға осы аталған құжаттардың бірінде тыйым салынған жағдайда ғана жұмыс беруші ол үшін тәртіптік жаза түрлерін қолдануға құқылы.
СҰРАҚ: Мен 2021 жылдың 17 мамырынан 2022 жылдың 18 мамырына дейін мейрамханада аспазшы болып жұмыс атқардым. 2022 жылдың 18 мамырында мейрамхананың иесінен ақы төленетін еңбек демалысын беруді сұрадым. Ол еш себепсіз жұмыстан босатылғанымды айтып шығарып жіберді. Еңбек шарты 17.05.2021ж. – 18.05. 2022ж. дейін жасалған еді. Нәтижесінде жұмыссыз қалдым. Заңды ма?
ЖАУАП: Егер жұмыс берушіңіз Сізді еңбек шарты мерзімінің аяқталуына байланысты жұмыстан шығарған болса, оның әрекеттері заңға қайшы келмейді. Алайда, еңбек шарты тоқтатылған кезде жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын пайдаланбаған немесе толық пайдаланбаған жұмыскерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының пайдаланылмаған күндері үшін өтемақы төлемі жүргізіледі.
СҰРАҚ: Мекемеде қызметкер ауыр халде ауруханаға түсіп, 10 күн ес-түссіз жатып 11 күні қайтыс болды, енді ауруханада жатқан 10 күніне больничный лист Еңбек Кодексінің қай баптарының негізі бойынша төленеді?
ЖАУАП: Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 133-бабының 1-ші және 2-ші тармақтарына сәйкес жұмыс беруші өз қаражаты есебінен жұмыскерлерге еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеуге міндетті.
Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тәртіппен берілген еңбекке қабілетсіздік парақтары еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақылар төлеу үшін негіз болып табылады.
Марқұмның отбасы мүшелері (әке-шешесі, жұбайы, балалары, бауырлары және т.б.) марқұмның еңбекке жарамсыздық жөніндегі парақшасын тапсырған жағдайда төлем жүргізілуі тиіс.
СҰРАҚ: Мен бір жылдан бері декреттік демалысқа шыққан қызметкердің орнына уақытша қызмет атқарудамын. Ол адам қайтадан жұмысқа шығып, екі-үш ай жұмыс жасап, тағы да жүктілігі бойынша еңбек демалысын алғысы келеді. Осы кезде жұмыс беруші мені бір ай бұрын жұмыстан босап қалуым туралы ескертуге міндетті ме?
ЖАУАП: Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексіне сәйкес еңбек шарты уақытша болмаған жұмыскерді алмастыру уақытына жасалуы мүмкін. Белгiлi бiр мерзiмге жасалған еңбек шарты мерзiмiнiң өтуіне байланысты тоқтатылады. Осы орайда, уақытша болмаған жұмыскердi алмастыру уақытына жасалған еңбек шарты мерзiмiнiң өткен күнi жұмыс орны (лауазымы) сақталған жұмыскердiң жұмысқа шығатын күнi болып табылады.
Бұл ретте жұмыс берушінің қызметкерді жұмыстан босатылу туралы бір ай бұрын хабардар ету міндетті еңбек заңнамасында қарастырылмаған.
Алайда, декреттік демалысқа шыққан қызметкер жұмысқа шығатыны жайлы жұмыс берушіні бір ай бұрын ескертуі қажет.
Е.ИБРАИМОВ, Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекторы

Leave A Reply

Your email address will not be published.