ЖҰМЫСТЫҢ БАСЫМ БАҒЫТЫ – ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ БАСТАМАЛАР

0

Жамбыл облысы Қазақстан Халқы Ассамблеясы өңірдегі көптеген игілікті шаралардың бастамашысы болып келеді. Аталған ұйымның жұмыстарындағы басым бағыттардың бірі – қайырымдылық.

Қайырымдылық шаралары көбінесе ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестік басшыларының қолдауымен жүзеге асып, өз жемісін беріп келеді. Ел ішінде ұйымға өзінің алғысы мен тілегін жеткізетіндер аз емес. Мәселен, өткен айда Айша Идибо басқарған Жамбыл облысының «Вынхуа» дүнген мәдени орталықтарының этномәдени бірлестігінің өкілдері үй құрылысына үлкен материалдық көмек көрсетті.Сонымен қатар, Құрбан айт мерекесінде олар ет пен басқа да қажетті өнімдерді жинап, үлестірді. Барлығы 2000 кг ет таратылды. Қайырымдылық көмек ретінде өсімдік майы мен кеспе де берілді.Қиын өмірлік жағдайға тап болған мұқтаж адамдарға көптеп көмек көрсетілді. Өңірде атаулы мерекелер қарсаңында қайырымдылық шараларын жүзеге асыру дәстүрге айналған. Мысалы, осы жылдың наурызында №5 шағынауданының №25- жатақханасының ауласында «Құтты болсын Наурыз-мейрам» мерекелік іс-шарасы өтті. Бұл«Қайырымдылық акциясы» ұйғыр этносы өкілдерінің Жамбыл облысына қоныс аударғанына 60 жыл толуына орай ұйымдастырылған. Ән мен биден басқа, мереке қонақтарына Наурыз мейрамымен байланысты ұлттық салт-дәстүрлер туралы айтылып, Қазақ халқының ұннан жасалатын ұлттық бренді — «бауырсақ» тағамына Ұйғыр дәмханаларының арасында байқау ұйымдастырылды. Сондай-ақ, іс-шараның басты тағамы – «Наурыз көже» болды. Сондай-ақ, 1000 адамға дайындалған дәмді палау, кондитерлік тәтті тағамдар, салаттар және керемет бауырсақтардан мерекеге жиналған қауым молынан дәм тата алды. Іс-шарада Ұйғыр орталығының басшысы Мухабат Абдрахманқызын қалалық әкімдік Алғыс хатпен марапаттады.
Мұнымен қоса Наурыз мерекесі қарсаңында Тараз қаласының Өзбек этномәдени орталығы 40-қа жуық мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қайырымдылық түскі асын берді.
— Мейірім, қайырымдылық туралы сөз болғанда, бірінші кезекте мұқтаж жандарды тамақтандыру керек. Бұл халықтың осал топтары. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандарға түскі ас беру туралы шешім қабылданды, — деді дейді Тараз қаласының Өзбек орталығының төрағасы Абдурахман Зайнутдинов.
Өз кезегінде Жамбыл облысы ҚХА қайырымдылық ұйымдарымен, меценаттармен және аймақтық еріктілермен серіктестік қарым-қатынас ұстанады. Серіктестердің бірі «Volonter Group 08» ҚБ және «Asar-umе» ҚФ арқасында Тараздың 9 мұқтаж отбасы баспаналы болды. Олардың қатарында көпбалалы отбасы Мақпал Жылтырбаева да бар. Ұзақ жылдар бойы аталмыш отбасы тұрғын үй жалдап келген. Ал енді олар Шайқорық бекетіндегі зәулім үйдің иелері. Еріктілер олар үшін баспана сатып алып қана қоймай, тұрмыстық техникамен және үйдегі жайлы өмірге қажетті басқа да заттармен қамтамасыз етті. Сондай-ақ қоныс той дәстүрлі шашумен басталып, дастархан басындағы ізгі-тілектермен аяқталған. Өз кезегінде «Volonter Group 08» ҚБ-нің төрағасы Рустам Ташметов өз қамқоршылығындағы азаматтарға ұзақ та бақытты өмір тіледі.
Мұнымен қоса қаңтар оқиғасынан жапа шеккендерге «Мейірімді жүрек», Рамазан айына орай «Ізгілік айы» марафоны, Қазақстан халқы бірлігі күніне «Күшіміз – бірлікте» акциясы, Балаларды қорғау күніне арналған акциялар аясында облыс кәсіпкерлері, үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени бірлестіктер, меценаттар тарапынан 100 миллион теңгеден аса қаражатқа 9 мыңға жуық адамға қайырымдылық көмек жасалды.
«Ахыска» түрік этномәдени орталығы»қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалынан Шу, Меркі, Қордай, Байзақ, Жамбыл аудандары мен Тараз қаласындағы 240 аз қамтылған отбасына 3,5 млн тг азық-түлік себеттерін, «Немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері 60 отбасыға 500 000 теңгеге азық-түлік, дәрі-дәрмек таратты. Жамбыл облыстық ҚХА Аналар кеңесі төрайымы Мухаббат Миражапова мен мүшелері қиын өмірлік жағдайдағы балаларды қолдау орталығының 40 тәрбиеленушісіне 200мың тг қайырымдылық шарасын жасады. Діни мерекелерге байланысты ҚХА мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Лугмар Буларов пен Жамбыл облыстық «Вынхуа»дүнгендер этномәдени бірлестігінің төрағасы Айша Идыбо мен дүнген кәсіпкерлері 3,5 теңге көлемінде 250 адамға арналған қайырымдылық түскі ас ұйымдастырып, 42 отбасына азық-түлік салынған себеттерін таратты.
Қазақстан Халқының Бірлігі күні қарсаңында Жамбыл облысы этномәдени бірлестіктерінің меценаттары 1млн теңгеге қайырымдылық акциясын өткізді. Тараз қаласының 30 әлеуметтік аз қамтылған отбасына азық-түлік жиынтықтары (ұн, макарон, өсімдік майы, шай, кондитерлік өнімдер, жемістер) таратылды.Азық-түлік себетін «Вайнах» Жамбыл шешен-ингуш мәдени орталығы» ҚБ, Жамбыл облысының «Вынхуа» дүнген этномәдени бірлестігі, Жамбыл облысының тәжік этномәдени бірлестігі, «Қарашай және балқар – Бірлік»республикалық қоғамдық бірлестігінің «Архыз»Жамбыл филиалы, облыстық және қалалық Өзбек этномәдени бірлестіктері, ҚХА меценаттары ұйымдастырды.
1 маусым — Балаларды қорғау күні қарсаңында Жамбыл облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелері және «Ассамблея жастары» өңірлік ҚБ Тараз қаласында орналасқан Қабылбек Сарымолдаев атындағы балалар үйіне барып, сыйлықтар, тәттілер таратты.
Қазіргі таңда аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қажетті көмек көрсету үшін елімізде жаңа оқу жылы басталғанға дейін жалғасатын дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық акциясы өткізілуде. Оған барлық ниет білдірген, жанашыр жандар-еріктілер, кәсіпкерлер, меценаттар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысады.Аталған қайырымдылық шарасына жыл сайын Жамбыл облысының этномәдени бірлестіктерінің өкілдері белсенді түрде атсалысады. Жақында «Мектепке жол» акциясы аясында Республикалық «Архыз» қарашай-балқар этномәдени бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының өкілі Таня Апаева Қордай ауданында көпбалалы отбасының екі баласын мектепке дайындауға көмектесті. Қайырымды жан оларға мектеп киімдерін, оқу құралдарын, сөмкелер сатып алып берді.

Әділет ЖАТҚАНБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.