ЖӘБІР КӨРГЕНДЕР ЖҮГІНЕТІН МЕКЕН

0

Елімізде әйелдердің құқығын қорғау бойынша бірқатар тиімді шаралардың қолға алынғаны белгілі. Бұл бағыттағы заңдылықты нығайту мақсатында заңнамалық және тәжірибелік шаралар қабылданып, тұрмыстық қылмыстардың алдын алу үшін құқықтық механизмдер құрылған. Дейтұрғанмен, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесі өзектілігін жоғалтпай, тұрмыстық деңгейде зорлық-зомбылықтан зардап шегетін нәзік жандылардың саны азаймай тұр.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры Шынар Бейсенбаева мұндайда тығырықтан шығудың жолдары көп екеніне сенімді. Оның айтуынша, ең бас-тысы қиын сәтте көмекке зәру жандарға уақытылы қолдау көрсету қажет.

Осыған орай үстіміздегі жылдың 1 желтоқсанынан бастап аудан орталығында 15 орынға арналған әлеуметтік көмек көрсету орталығы жұмысын бастамақ. Орталықта қиын өмірлік жағдайға тап болған, психологиялық және физикалық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге жан-жақты көмек көрсетілмек. Бұл жерде жәбірленушілерге баспана беріліп, олардың проблемаларын шешу жолдары қарастырылады. Жамбыл облысында мұндай екі мекеме бар, оның біреуі Тараз қаласында болса, екіншісі Қордай ауданында ашылуда.

Орталықта қиын жағдайға тап болған азаматшалар үшін барынша  қолайлы жағдай жасалған. Балаларға арналған ойын бөлмелері, әйелдердің қолөнермен айналысуына немесе бір-бірімен әңгімелесуіне арналған үлкен холл, жатын бөлмелер мен асхана қарастырылған. Үш мезгіл тамақтандыру мәселесі шешілген. Сондай-ақ, мұнда тұратындар өздері де тамақ әзірлей алады, ол үшін асханада плита, қысқа толқынды пеш, тоңазытқыш бар. Сонымен бірге орталықта тұратындарға киім-кешек, тұрмыстық заттар алынуда. Зорлық-зомбылық құрбандары балаларымен бірге мұнда жарты жылға дейін тұра алады. Орталық мамандары оларды тіпті құжатсыз қабылдап, жан-жақты қөмек көрсетуге де дайын, себебі кейде әйелдер үйінде жанжал туындаған жағдайда құжат түгілі үстіне киім киіп үлгере алмай, алды-артына қарамай қашуға мәжбүр болады. Қажеттілік туындаған жағдайда медициналық көмек те алуға болады. Орталықта қиын өмірлік жағдайға тап болған әйелдерді тығырықтан шығару әдістемелері әзірленген. Ең алдымен психологиялық оңалту шаралары қолға алынып, әйелдердің ішкі жағдайын жақсартады. Әр жағдай жеке қаралады. Орталықта бастан өткенді ұмыту үшін қолөнер мен шығармашылықпен айналысуға жағдай жасалған. Бұл еңбек терапиясының бір бөлігі. Ол үшін қажетті құрал-саймандар және материалдар алынған. Сондай-ақ, орталықта құқықтық кеңес алуға болады. Оған қоса әйел жұмыс істемесе, орталық мамандары жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыс қарастырып, балаларын балабақшаға орналастыруға көмек көрсетеді. Айта кетерлігі, барлық қызмет тегін көрсетіледі. Орталық мамандары учаскелік инспекторлармен бірігіп жұмыс істемек.

-Зорлық-зомбылық құрбаны болған әйелдерге учаскелік полиция инспекторлары үлкен көмек көрсетуде. Олардың құқық бұзушылармен профилактикалық жұмыс жүргізу, қорғау нұсқамасын жазып беруге, сотқа құқық бұзушылардың мінез-құлқына ерекше талап қою туралы өтінішхат дайындау үшін белгілі өкілеттігі бар. Одан басқа біз жергілікті қоғамдастықтың өкілдерімен, Қордай аудандық әйелдер қауымдастығының өкілдерімен, мектеп директорларымен бірігіп жұмыс жасаймыз. Біз бірігіп зардап шеккендердің отбасыларымен жұмыс істеп, отағасымен түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Біздің стратегия – қиын өмірлік жағдайды жеңіп шығу үшін ресурстарды жұмылдыру, әйелдер мен балаларға қатысты зорлықтың алдын алу, ер азаматтардың жауапкершілігін арттыру. Біз жәбірленушілерге кеңес қана бермей, оларға бағыт береміз. Әйел әрі қарай қалай өмір сүретінін өзі шешу керек, — дейді Шынар Саурбайқызы.

Орталыққа ер азаматтарға кіруге тыйым салынған. Бұл жерде ауысыммен әлеуметтік қызметкер және медицина қызметкері кезекшілік етеді. Сонымен бірге мұнда сенім телефоны да іске қосылмақ.

 

Ләйлім ДОСЕМБЕКОВА

 

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.