«Ел анасы» – ЕЛ ІШІНДЕ

0

Ел өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық ахуалын, саяси-қоғамдық өмірін, рухани тынысын тереңірек зерделеуді, қордаланған мәселелердің  түйінін шешуге себепші болуды көздейтін  ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі және «Nur Otan» партиясымен бірлескен «Ауыл-ел бесігі» экспедициясы Қордай ауданында болды. «Qazagstan dauiri» ЖШС директоры Сәуле Мешітбайқызы бастап келген экспедиция осыған дейін еліміздің тоғыз облысында болып, Жамбыл аймағына аяқ басса, 17 қарашада Қордайға келді.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы алдымен аудан басшысы Рүстем Дәулетпен кездесіп, одан кейін ауданымыздың шалғайында орналасқан Қарасай ауылына жол тартты. Онда ауыл ақсақалдарымен, игі жақсылармен жүздесті. Сапардың мақсаты мен міндеттері туралы айтылған жиын барысында ақсақалдармен ауыл тынысы, қоғам, дін, татулық пен бірлік турасында әңгіме тиегі ағытылды. Ауыл әкімі Күлжахан Елемесова ауылда атқарылып жатқан жұмыстар турасында аз-кем сөз етіп, одан кейін алдағы жоспарларымен бөліссе, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмаділ Тоқаев бірқатар ұсыныстары мен тілектерін жеткізді. Ауданда «батагөй қария» атанған Асық Уәли ақсақал туған жердің тарихы турасында сөз ете келе, келген қонаққа ризашылығын білдіріп, ақ батасын берсе, Сәуле Мешітбайқызы ауыл басшысына кәдесый ретінде қамшы сыйға тартып, ауылдықтар атынан округ әкімі құрметті қонақтың иығына ақ орамал жапты.

Одан кейін экспедиция мүшелері Қаракемер ауылына барып №14 орта мектепке келелі кездесу өткізсе, келесі күні Масанчи, Сортөбе және Ауқатты ауылдарында болып, руханият, мемлекеттік тіл саясатының іске асуы, халықтың тұрмыс-тіршілігі турасында танымды жүздесулер болды.

Жандос ОМАРОВ

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.