ЖАҢА МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН САЛЫНУДА

0

Еліміздегі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету болып табылады. Аудан аумағында жеті фельдшерлік-акушерлік пункт мамандары науқастарға алғашқы дәрігерлік көмек көрсетеді. Соңғы бірнеше жылда ауданда 4 ФАП салынып, қазіргі таңда 2 медициналық пунктің құрылысы жүргізілуде. Өтеген ауылында құрылысы аяқталған медициналық мекеме әлі сатып алынбаған, мұның себебі қаражат бөлінбегендіктен.

Фельдшерлік пунктерге санитарлық-гигиеналық, эпидемияға қарсы, профилактикалық іс-шараларды жүргізу, сондай-ақ, дәрігерге дейінгі, жоспарлы және шұғыл медициналық көмек көрсету, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету функциялары жүктелген. Халықтың жекелеген топтарын медициналық тексеруден өткізу және иммундау жұмыстарын ұйымдастыруда фельдшерлік қызметке маңызды рөл жүктелетінін айта кеткен жөн.
Қақпатас ауылдық округіне қарасты Беріктас ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт ғимараты 1971 жылы салынған. Нысанның бүгінгі күнгі жағдайы қанағаттанарлықсыз деп танылған, сонымен қатар, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай емес. Ескі ғимаратты толықтай пайдалану мүмкіндігі жоқ. Жоғарыда айтылғандарды және елді мекеннің аудан орталығынан, орталық аудандық ауруханадан 50 шақырым жерде орналасқанын ескерсек, бұл пункттің құрылысы тұрғындар үшін аса маңызды. Міне, енді жақсы жаңалық – ағымдағы жылдың сәуір айында 10 келушіге арналған медициналық пункттің құрылысы басталды.
Жобаның сметалық құны 68 миллион теңгеден асады. Тапсырыс беруші «Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасы» КММ.
Жаңа пункт барлық заманауи стандарттарға сәйкес салынуда және ауылдық емдеу мекемелеріне қойылатын барлық талаптарға толық жауап береді. Тұрғындардың алғашқы кезеңде жылдам әрі сапалы медициналық көмек алуына орын жеткілікті болады деп күтілуде. Ғимаратта тексеру кабинеті, емдеу бөлмесі, егу бөлмесі, қызметкерлер бөлмесі, дәрі-дәрмек сақтайтын бөлме, тазалау құралдарын сақтайтын бөлме, жуынатын бөлме біріктірілген фельдшерлік кабинет болады.
Бүгінгі күні нысанда ғимараттың іргетасын қалау жұмыстары аяқталуда.
Бас мердігер «Өрге баста» ЖШС барлық жұмыстарды мерзімінде аяқтауға уәде беріп отыр.
Алайда жаздың ортасына дейін толығымен бітуі тиіс құрылыс жұмыстары тым баяу жүргізіліп жатқан сыңайлы. Ендігі кезекте мердігер компанияның уәдесінде тұру-тұрмауы уақыттың еншісінде қалмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.