ЖАҢБЫРЛАТЫП СУҒАРУ – МОЛ ӨНІМ КЕПІЛІ

0

Аудан алқаптарындағы дақылдарды суғару жұмыстары кең көлемде қарқын алғанына қарамастан, бұл тұрғыда суармалы су тапшылығы сынды проблемалық мәселелер де жоқ емес. Жағдайды көршілес қырғыз елінен келетін судың аздығымен қатар, биылғы ауа райының құрғақтығы да ушықтырып тұр. Сол себепті аудан шаруалары тығырықтан шығар жол іздеп, түрлі технологиялардың көмегіне жүгінуде.

Мәселен, Ауқатты ауылынан орын тепкен «Құрылыс» шаруа қожалығы егіс алқаптарына заманауи құрылғылар орнатып, тиімді технология, яғни жаңбырлатып суғару әдісіне көшкен.

«Соңғы бірнеше айда аспаннан бір тамшы тамбады. Бұл егістіктегі дақылдарымызға өте қауіпті. Сол себепті біз суғарудың тиімді тәсіліне көшіп, су үнемдеу технологиясын орнаттық», — дейді сөзін бастаған агроқұрылым басшысы Әділбай Семжанов.

Жалпы, аталмыш шаруа қожалығының ғұмыры ел тәуелсіздігімен тығыз байланысты. Сонау тоқсаныншы жылдары әр өңірде жекеменшік орнай бастаған тұста Әділбай Семжанов та өз алдына шаруа қожалығын құруды көздейді. Әрине, бастапқыда ауылшаруашылық техникасының жетіспеушілігі мен өнімге деген сұраныстың жоқтығы кімге де болсын оңай болған жоқ. Дейтұрғанымен, еңбек пен төзімділік адам баласын алға сүйрейтіні өмір заңдылығы. Осыны жақсы түсінген кейіпкеріміз әліптің артын бағып, қиындыққа мойымай, қолға алған ісін шама-шарқы жеткенше ілгерілете берді. Осылайша, тоқырау жылдары артта қалып, ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау да күшейе түсті. Бұл өз кезегінде шаруалардың өмірін күрт өзгертіп, саланың сауығуына оң әсерін тигізді. Осының арқасында диқан-шаруаларға несиелер беріліп, субсидиялардың саны артты. Бүгінде қиын-қыстау кезеңдерді басынан өткеріп, тірлігі түзелген «Құрылыс» қожалығы суармалы су тапшылығын шешуде өзгелерге үлгі болуда. Жақында агроқұрылым жаңбырлатып суғару қондырғысын сатып алған. Бұған мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау да көрсетіліпті.

«Суғаруға арналған заманауи құрылғыны алуға аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы тарапынан зор қолдау көрсетілді. Қомақты қаржы тұратын қондырғыны несиеге рәсімдеп, құрылғы құнының тең жартысын мемлекет субсидиялады. Бұл біз сияқты шаруалар үшін таптырмас көмек болды. Шын мәнінде мұндай қолдауға алғысым шексіз», — дейді шаруа қожалығының бригадирі Нұржан Семжанов.

Айта кетсек, шаруа қожалығы күні бүгін жаңа алған жаңбырлату қондырғысын іске қоспақ. Егер нәтиже ойдағыдай болса, тағы осындай техника сатып алуды жоспарлап отыр.

«Жаңбырлатып суғару әдісінің тиімділігі көп. Ең бастысы су үнемделіп, суғаруға кететін уақыт пен жұмыс күші азаяды. Сонымен қатар, егістік аз уақытта біркелкі суғарылып, тегіс өнім алуға мүмкіндік туады», — дейді қожалық өкілдері.

Мамандардың айтуынша, қондырғы қауіпсіз. Энергия көзі ретінде дизель генераторы қолданылады. Ең бастысы экономикалық жағынан тиімді. Бүгінде «Құрылыс» шаруа қожалығының егіс алқабындағы жұмысы қызу жүруде. Бидай мен арпа дақылдарымен қатар мұнда жоңышқа да егілген. Шаруалар жаңбырлатып суғару әдісінің арқасында биылғы қуаңшылыққа қарамастан мол өнімнен үмітті. Осы орайда, агроқұрылым басшысы өзге әріптестеріне су үнемдейтін осындай тиімді әдіске көшуге кеңес береді.

Мадияр ҚАРАБАЕВ

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.